Өткен жылдың күз айында алыстағы Алакөл ауданында ауыл тірлігін оңалтатын, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды. Арқарлы ауылында өндірістік қуаты 20 мың жылқыны бағып, өсіруге есептелген «Алакөл асыл жылқысы» атты жылқы фермасы ашылды. Шалғай ауданның алыстағы ауылында құрылған шаруашылыққа Ресейдің және өз еліміздің табиғаты мен ауа райы Алакөлге келетін аймақтарынан 10 мың бас жылқы жеткізілген. Құны 988 миллион теңгені құрайтын шаруашылық 150 гектар жерге орналасыпты. Мұнда жұмысшыларға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Тіпті, кітапханасы мен кинотеатрына дейін жұмыс істеп тұр. Былтырғы қарашада іске қосылған тағы бір жоба – ірі қара малын бордақылаудан бастап, сойып, етін өңдеуден өткізіп, еліміздің нарығын отандық ет-шұжық өнімдерімен қамтамасыз етуге негізделген «Қайыңды» ЖШС. Алакөлдің шұрайлы аймағы – Үйгентас өңіріндегі Бұдыр шатқалына қоныстанған серіктестікте бордақылау алаңы мен ет өңдеу зауыты бар. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаға салынған жекеменшік инвестициялық қаржы да қомақты – 800 миллион теңгеге жуықтайды. Осыдан 6 жыл бұрын құрылған «Арқарлы-Майбүйрек» ЖШС асылтұқымды шаруашылығы алғашында алыс шетелден «Герефорд» және «Ангус» тұқымды сиырларды сатып алып, ұшақпан жеткізген болатын. Содан бері қыруар шаруа атқарылған. Былтыр солардан өсіп-өнген асылтұқымды ірі қара саны 7 мыңға жуықтапты. Етті бағыттағы малды басқа шаруашылықтарға сатумен бірге өздерінің алдағы жылдарға бағытталған басты жобасы үшін де іріктеп, өсірудің арқасында 5 мың басты Бұдырдағы бордақылау алаңына қоятын мүмкіндікке жетті. Болашаққа негізделген жобаның арқасында ет комбинаты жұмысқа кірісті. Жобаның үйлестірушісі Асқар Мұқашевтың айтуынша, қалдықсыз технологиялық өндіріс күніне 60 сиырды сойып, мүшелеп, етін тереңдете қайта өңдеуден өткізуге қабілетті. Әрқайсысының сыйымдылығы 120 тонналық екі бірдей мұздатқыш үздіксіз жұмыс істейді. Іске қосылғаннан бері зауытта 500 тонна сапасы жоғары ет өндіріліпті. Әзірге өнім ішкі нарықта саудалануда. Өйткені экспорттық және тағы да басқа түрлі рұқсатнамалық құжаттамаға қол жеткізудің өзіндік талаптары мен қиындықтары бар көрінеді. Уақыты да тым ұзаққа созылуы әбден мүмкін. Өзіндік шығыны да жетіп артылады. Қазіргі кезде осы мақсатта нақты жұмыстар атқарылуда. Алдағы кезде елімізден сыртқа сапалы ет және ет өнімдерін шығаратын мықты кәсіпорындар қатарына қосылатынына сенім де мол. Алакөлдің дәмді әрі сапалы етіне сұраныс танытып отырғандардың арасында еліміздің өзге аймақтарымен бірге басқа елдер де бар екен. Күніне 6 тонна шұжық шығара алатын кәсіпорынның алғашқы өнімдері тұтынушылар көңілінен шығыпты. Осы өнімдерді танымал брендке айналдыру мақсатында шетелден маркетинг пен жарнама жөніндегі мықты мамандар шақырылыпты. Алдағы кезде зауытқа тұшпара мен котлет өндіретін, бұқтырылған ет консервілерін жабатын желілер орнатылады. Қазіргі кезде өздері өсірген малды ғана қажетке жаратып отырғандар, өндірістік қуат толық іске қосылғанда көршілес Ақсу, Сарқан аудандары мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы шаруа қожалықтарымен, серіктестіктермен іскерлік ынтымақтастық орнатады. Болат АБАҒАН, Алматы облысы