Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында №419 сайлау учаскесінде де сайлау өтіп жатыр. Бірінші болып дауыс беруге келгендердің бастапқы легінен көрінгендер алдымызда Ұлыстың ұлы күні келе жатқанын, Күн мен Түн теңесетіні, Жер-ананың бусанып, Самарқандағы көк тастың еритінін жетісулықтарға паш етіп, қолындағы саз аспабының сүйемелдеуімен әуелете ән шырқап, дауыс беруші халықтың көңіл күйін көтерді. Солардың қатарында болған 35 жастағы түйеші Ұлан Байзақов бастаған ойсыл қара өсірушілер өз өнерімен саяси науқанға жиналған жұртшылықты тәнті етті. Кейінгі 15 жылды түйе өсіру ісіне арнап, алғашында хоббиі болған істі кәсібіне айналдырған Ұланның айтуынша, түйені бағып-қағу, өнімін алу оңай емес. Дегенмен, өзіндік қызығы мен пайдасы да бар. «Қазақ ойсыл қара деп әспеттеп, басқа түліктердің алдына қойған қос өркешті алып малдың иесі атану бір ғанибет. Әсіресе, жексенбі күндері, мерекелерде орталық саябақта балаларды қыдыртудан асқан бақыт жоқ», – дейді ол.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы