Қызылорда облысында ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттардың депутаттарын кезектен тыс сайлау науқаны жоғары деңгейде өткізілуде. Қазіргі уақытта облыста 516 сайлау комиссиясы және 3 382 комиссия мүшесі қызмет жасауда. Бұл жайында Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов БАҚ өкілдеріне арнап өткізген баспасөз брифингінде мәлімдеді. Комиссия төрағасының айтуынша, өңірде таңғы сағат 06:00-ден 11 учаске ашылса, сағат 07:00-ден бастап қалған учаскелер өз жұмысын жүргізуде. Барлық сайлау учаскелері талапқа сай арнайы кабиналармен жабдықталған. – «Жалпы аймақ бойынша барлығы 373 сайлау учаскесі бар. Оның ішінде 29-ы ерекше жағдайдағы учаске, яғни, әскери гарнизондар, тергеу изоляторлары, вахталық қалашықтар мен емдеу мекемелері болып саналады. Азаматтарға дауыс беру учаскесін нақтылау үшін 20 қаңтардан бастап 109 колл-орталығы, «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі (saylau.orda.gov.kz) іске қосылды. Бүгінгі күні сервисті 30 мың тұрғын пайдаланды. Сонымен қатар, telegram-бот (sailau_kzoBot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімінен тексеру мүмкіндіктері бар. Бұл қызметті де 9 мыңға жуық сайлаушы пайдаланған. Саяси науқанға облыс аумағынан 486 002 адам сайлаушы ретінде тіркелген, – деді Әділбек Ерсұлтанов. Брифингте бүгін халық үшін 24 сағат 109 call-орталығының қызметі қолжетімді екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ egov порталында азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін орнату үшін 169 сайлау учаскесі жұмыс істеуде.