Дауыс беру басталғаннан бері ықтимал заңсыздықтар туралы 25 өтініш түскен

Дауыс беру басталғаннан бері ықтимал заңсыздықтар туралы 25 өтініш түскен

Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазин Qazaqstan телеарнасы өткізіп жатқан онлайн телемарафонда сайлау процесі басталғаннан бері 25 өтініш келіп түскенін мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дауыс беру рәсімі басталғаннан бері прокуратура органдарына ықтимал заңбұзушылықтар туралы 25 өтініш келіп түсті. Оның бесеуі Бас прокуратураға келді. Олар тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті прокурорларға жолданды. Себебі өтініштерде орын алуы мүмкін заңбұзушылықтар, нақтырақ айтсақ, тыйым салынған кезде сайлау алдындағы үгітті жүргізгендігі мүмкін екені жөнінде айтылған», – деді ол.
Сондай-ақ, ол 7 өңірдің жергілікті прокуратурасына адамдар тікелей жүгінгенін атады.
«Сондықтан тексеру жүргізу жергілікті прокурорларға жолданды. Сондай-ақ, азаматтар бүгін тікелей келесі аумақтық прокуратураларға да жүгініп отыр. Ол – Астана қаласында төртеу, Алматыда бір, Шымкент қаласында үш, Шығыс Қазақстан облысында бес, Түркістан облысында төрт, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында бір-бірден. Олардың бәрі қазір қаралу сатысында», – деді Азамат Сарғазин.