Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы 14 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда орталығында халық көп тұтынатын 19 түрлі тауардың бағасы толық бақылауға алынған. Бағаны тұрақты сақтау үшін облыстық тұрақтандыру қоры сауда орындарына тауарларды жеткізіп отыр. Айта кету керек, базардағы азық-түлік бағалары көп жағдайда құбылып тұрады. Әсіресе, азық-түлік қоры азая бастайтын көктемнен жаз айларына өтер сәтте көкөністердің бағасы көтеріледі. Осыған орай, жергілікті құзырлы орындар Түркістан қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты деп отыр. Айталық, халық күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, мамандар кәсіпкерлермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу жөнінде жиын өткізіп, ортақ келісімге келген. Нәтижесінде, тұрғындар азық-түлікті базар нарқынан 15-20% төмен бағада сатып алуда. Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Түркістан ӘӘК» АҚ тұрақтандыру қорының мамандары ұдайы сауда орындарын аралап, халық көп тұтынатын тауарлардың бағаларына бақылау жүргізеді. Азық-түліктердің бағасына келсек, әлеуметтік дүкендер мен «Шапағат», «Дастарқан», «Бәйтерек», «Береке», «Дәулет» сауда орындарында нан бағасы 75 теңгеден сатылса, жұмыртқа – 26-28 теңге, картоптың келісі – 89 теңге, қырыққабат – 89 теңге, пияз – 56 теңге, сәбіз – 76 теңге, қанттың келісі – 205 теңге. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу мақсатында Түркістан қаласындағы «Гүлдер» аллеясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі айына 2 рет өткізілуде. Алдағы уақытта жәрмеңке 7, 21 наурызда және 4 сәуірде өтеді. Т.БЕЙСЕН, Түркістан облысы