Сауд Арабиясының туризм министрлігі коронавирусқа байланысты жеті елдің азаматтарына электронды туристік визаларды беруді уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдады, – деп хабарлады Сауд Арабиясының SPA ақпарат агенттігі. «Коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында Қытай, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, Италия және Қазақстан азаматтарына электронды туристік визалар беру тоқтатылды. Сауд Арабиясының әуежайларына келген кезде бұл елдердің азаматтары туристік визаларды ала алмайды» делінген ресми хабарламада. Сонымен қатар аталған елдердің азаматтары бұрын алған туристік визаларын пайдаланып, Сауд Арабиясына кіре алмайды. Сауд Арабиясының билігі бұл өзгерістерді коронавирустың таралуына байланысты уақытша шектеу деп отыр. Электрондық туристік виза алуға құқығы бар басқа 40-тан астам елдің азаматтары бұрынғыша бұл мүмкіндікті пайдаланып, елге кіре алады. Біз бұған дейін Сауд Арабиясына қажылыққа бару тоқтатылғаны хабарлағанбыз.