Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Отандастар» оқу залы ашылды. «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамасымен жүзеге асып отырған ауқымды жобаның аясында «Қазақ әлемі» кітабының да электронды нұсқасының тұсаукесері өтті. Оқу залында қазақ диаспорасы жайлы шетел әдебиеті мен отандастарымыздың құнды шығармаларын оқуға толық мүмкіндік бар.
– Алғаш тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары сыртта жүрген қандастарымыз айтарлықтай көп еді. Жақсылыққа жазып біраз қандастарымыз елге оралды. Алды ел ісіне белсене араласып, бір кісідей үлесін қосып жүр. Ендігі кезек отандастардың рухани туындыларын дәріптеп, өз елінде білім мен ғылым меңгеруіне жан-жақты тиімді жағдай жасау. Сырт елде жүрген бауырлар елге оралсын, елімізге қызмет етсін, өсіп-өркендесін – біздің ізгі ниет-тілегіміз осы ғана, – деді Мырзатай Жолдасбеков.Өз кезегінде Отанына оралған қандастарымыз оқу залының қолайлы екенін атап өтті. Одан соң жиылған қонақтардың қатысуымен мәжіліс өтіп, «Отандастар» қоры келешек жоспарларын талқыға салды. Бұдан былай шетелдегі этникалық қазақтардың рухани мұрасын дәріптеуге баса назар аударылады. Шара аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы Суретшілер одағының қолдауымен қандас қылқалам шеберлерінің туындылары жинақталған көрме өткізілді. Мадияр ТӨЛЕУ