Жыл басынан бері Маңғыстау облысында есірткі заттарын сату жарнамасын орналастырған 24 сайт анықталып, жабылған. Маңғыстау облыстық Ішкі Істер Департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша тиісті орын тарапынан интернет-кеңістікте тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Мониторинг кезінде есірткі құралдары мен есірткі түрлерін жарнамалаумен және сатумен айналысатын 24 сайт анықталып, олардың барлығы бұғатталған. Мұндай сайттарды құру – есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау. Бұл үшін ҚР ӘҚБтК-нің 423-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған, ол бойынша айыппұл 150-ден 700 АЕК-ке дейін, яғни 378 750-ден 1 767 500 теңгені құрайды. Есірткіні таратумен айналысатын адамдарды 291 бап бойынша есірткіні таратумен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартады. Маңғыстау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасымен қаланың қоғамдық орындарында 8 граффити жазулар табылып жойылған. Қарапайым тұрғындар бұл есірткі жарнамасы екенін байқамайды. Есірткі тұтынушылар бұл істен хабардар болғандықтан, олар әр түрлі мессенджерлер арқылы есірткі сатып алуға тырысады. Анаргүл Жексембайқызы, Маңғыстау облысы