Нигерия азаматы психотропты заттарды сатқаны үшін 6 жылға сотталды
Нигерия азаматы психотропты заттарды сатқаны үшін 6 жылға сотталды
 Атырауда Нигерия азаматы психотропты заттарды сатқаны үшін 6 жылға сотталды. Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ірі көлемде психотропты заттарды сақтаған Нигерия азаматына қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен айыпталған.
«2022 жылғы шілде айының басында Нигерия Республикасының азаматы Э. Атырау қаласында әлеуметтік желі арқылы сотқа дейінгі тергеу кезінде анықталмаған тұлғамен танысқан. Одан есірткі заттарын сатып алу туралы ұсыныс түсіп, Э. келісімін берген. Бұдан соң басқа мессенджерде «Т» логинімен тіркелген өзге тұлғамен байланысып, одан психотропты заттардың жасырылған орындары туралы мәлімет алған. Кейін ресейлік номерлі автокөлігімен ірі мөлшердегі психотропты заттарды алып, өз көлігінде жасырғаны анықталған», -деп хабарлады қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері былтырғы 20 шілдеде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, Нигерия азаматы Э.-ні ұстаған. Оның автокөлігін тінту кезінде жүргізуші жағындағы кілемше астынан жалпы салмағы 4,29 грамм «мефедрон (4-метилметкатинон)» психотропты заты табылған. Сотталушы Э.-нің кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, автокөлікті қарап-тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен дәлелденген. Алайда, Нигерия азаматы Э. кінәсін мойындамаған.