Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту үшін Өскемендегі Республика алаңында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, С.Аманжолов атындағы ШҚУ және Өнер колледжі студенттерінің қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Концерт кезінде жиналғандарға 20 мың бауырсақ таратылады.
Бүгін қала тұрғындарына дәл осы жерде «Ертіс концерт» мекемесінің өнерпаздары тарту жасайды. Бағдарламада спорттық ойындар, сауда-саттық және бауырсақ тарату жоспарланған. Мереке бірнеше күнге жалғасады. «22 наурызда орталық алаңда киіз үйлер қалашығы тігіліп, алтыбақан орнатылады. Мерекелік шаралар таңертеңнен кешке дейін жалғасады. Атап айтқанда, эстрада әншілері өнер көрсетіп, ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Халыққа 20 мың бауырсақ таратылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылады», – деп хабарлады қала әкімдігі.