Қазақ батырларының өмірі мен майдандағы ерлігі баяндалатын отандық «Батырлар» тарихи картинасы 12 наурыздан бастап кинотеатрларда көрсетіле бастайды. Қазақстан тарихындағы қаһарман-батырлар мен баһадүрлер туралы аталған туындыға Қарасай батырдың, сондай-ақ досы Ағынтай мен Таймас батырлардың өмірі мен ерлігі арқау болды. – Қазақ киносында қазіргі заманның батыры жоқ. Мәселен, Қарасай батыр өз елі мен отбасы үшін күрескен нағыз азамат. Оның балалары соғыста қайтыс болған. Өзі 19 жекпе-жекке қатысып, біреуінен де жеңіліс көрмеген. Ол қазақ халқының бірлігін аңсаған. Кинофильмді көрген жастар өз ата-бабаларының қазіргі кездегі еліміздің жағдайы үшін қалай күрескенін көре алады, – дейді кинокартинаның режиссері Асқар Ұзабаев. Еңбек жолында алғаш рет тарихи жанрда толықметражды «Батырлар» кинокартинасын таспалаған режиссер: «Ол замандағы қазақ батырларының бәріне тән тек бір ғана ортақ мүдде, ортақ қасиет бар. Ол – Отанына, халқына деген шексіз сүйіспеншілік. Бұл кинофильм «кескеліскен шайқастарға толы», себебі сол кездің адамдары аз сөйлеп, дау-дамайдың барлығы білектің күшімен шешілген» деп сөзін аяқтады. Кинофильмде көрермен орта ғасырдағы соғыс пен қантөгіске толы заманға саяхат жасайды. Осындай қиын-қыстау заманда дүниеге келген бозбаланы тағдыры батыр болуға итермелейді. Ер мінезді Қарасайды әкесі Алтынай қайсарлық пен батылдыққа баулып өсіреді. Қарапайым бозбала қолбасшы атағына қалай жетті? Ол қандай шайқастарда жеңіске қол жеткізді? Қазақтың кең даласын сақтап қалу үшін қандай қадамдарға барды? Осы сұрақтардың жауабын «Батырлар» кинотуындысынан көре аласыздар. Фильмде басты рөлдерді Ержан Нұрымбет, Назар Шерхан, Мұрат Бисенбин, Самал Еслямова және т.б. актерлер сомдайды. «Батырлар» кинофильмін 12 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларынан тамашалай аласыздар. Ел есіндегі ер есімдерінің «Батыр – жауда, жуас – жайда сыналатын» сын сағаттарын бірге тамашалайық. Тарихтағы тұлғаларды бірге ұлықтайық. Ж.НҰРЛАН