Нұрболат Бөгенбаев: Білге қағанның мұраты – бейбіт заман орнату еді
Нұрболат Бөгенбаев: Білге қағанның мұраты – бейбіт заман орнату еді
931
оқылды
...Жоғарыда Көк Тәңірі, Төменде қоңыр Жер жаратылғанда Екеуінің арасында адам баласы жа­ратылды. Адам баласын билеп ата-бабам Бұмын қаған, Естемі қаған отырды. Олар билік етіп, Түрік халқының Елдігін, төрелігін ұстай білді, жетілдіре білді. Төрт тараптағылар барлығы жау бол­ған еді, оларға найзалы әскер аттандырып төрт тарап барлық халықты бағындырды, барлығын тыныш етті. Басы барлардың басын игізді, Тізесі барлардың тізесін бүкті... Бұл әйгілі Білге қағанға арналған бі­тік­тастағы мәтіннің бір бөлігі. Бабалардың дәуірлеп тұрған заманын еске түсіретін естелік. Ұлы қағанның ұрпағына айтқан өсиетінің бір бөлігі. Биыл Көк түріктің даңқты билеушісі Білге қағанның туғанына 1340 жыл толды. Туған ай-күні белгісіз болғанмен, Құтлық Елтеріс қаған баласы Білгенің 683 жылы дүниеге келгенін көп зерттеуші қабыл етеді. Демек, қоян жылы қағанның мерей­тойын атап өтуге болады деген сөз. Біз түрколог ғалым, Халықаралық түр­кі академиясының ғылыми қызметкері Нұрболат Бөгенбаевпен сұхбаттасып, Білге қаған мен түркі дәуірі жайлы әңгі­мелескен едік. – Нұрболат Ерденұлы, биыл түркі тарихындағы даңқты тұлға Білге қағанның туғанына 1340 жыл толғаны жайлы айтылып жүр. Шынымен солай болуы мүмкін бе? Қағанның 683 жылы дүниеге келгені жайлы мәліметке ғалымдар түгел келісе ме? – Ия, биыл Білге қағанның туғанына 1340 жыл толып отыр. Даңқты тұлғаның дүниеге келген жылы туралы ғылымда көп қайшылықты пікірлер кездеспейді. Тарихи деректерге сүйенсек, Білге қаған 683 жылы Орхон өзенi бойындағы Өтүкен даласында дүниеге келген. Әкесі Елтеріс Құтлық қаған дүниеден озғанда өзі сегіз (тоғыз жаста) жаста, інісі Күлтегін жеті жаста болған. Ол туралы Білге қаған жырында: «Әкем-қаған өлгенде өзім сегіз жаста қал­дым. Ол төрдің үстіне Ағам-қаған отырды. Отырып түрік халқын қайта орнатты, қайта игі етті. Кедей халықты бай қылды, аз халықты көп қылды. Тәңірі жарылқаған­дығы үшін өзім он төрт жасымда тардуш халқының үстіне шад болдым. Ілгері Жасыл өзенге, Шаңдуң жазығына дейін жорық жасадық. Кері-Темірқақпаға дейін жорық жасадық. Көгмен жотасын асып қырғыз жеріне дейін жорық жасадық. Елдігін елсіреттік, қағандығын қаған­сырат­тық. Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгін­дірдік», – деп жырлайды. Ол әуелі немере ағасы Қапаған қаған­мен бірге батысқа бағытталған жорықтарға қатысып, кейіннен інісі Күлтегін екеуі қағанаттың территориясын кеңейту жо­лын­да Байкөлдегі байырқұларды, Кемді кешіп чік аз халқын бағындырған, Тоныкөктің ақылымен Көгмен тауынан асып қырғыздарды қаратқан. 710-711 жылдары Алтай тауын асып, Ертісті кешіп түргештерге жорық жасап, оларды да өзіне қосқан. Кейін Сырды кешіп, Тохаристанға жетеді. Самарқанда арабтармен соғысып, 713 жылы Бесбалықты қоршап, алты рет шабуыл жасайды. Осылайша, ол інiсi Күлтегiнмен бiрге түрік жұрты үшін түн ұйықтамай, күндіз отырмай, елдіктің туын тігіп, іргесін бекіткен. Білге қаған билік құрған 18 жыл (716-734 жж.) ішінде қағандықтың терри­ториясы бекемделіп, жаугершіліктен күй­зел­ген халықтың жағдайы түзеле түскен. Білге қаған жаугершілікті емес, бейбіт за­манды мұрат етсе де жан-жағынан антала­ған дұшпандары еріксіз қолына найза алдырып отырған. Оның бірнеше жорыққа қатысып, ұлы жеңістерге жетуі Орхон жырларында тамаша баяндалады. Мысалы, Күлтегін (бітіктастың үлкен қапталындағы мәтін) жазуында інісі Күлтегін екеуінің бірігіп, 37 рет «қырғыз, қытан, татабы, оғыз, қарлұқтардың басын біріктіріп, батысы Темір қақпаға, шығысы Бөкілі еліне дейін» соғысқандығы баяндалады. тәж Білге қағанға арналған ғұрыптық кешен қазіргі Моңғолияның Архангай аймағы, Хашаат сұмыны, Хөшөө цайдам алқабында орналасқан. – Білге мен Күлтегін жайлы сөз еткенде, ағайынды адамдардың билікті тең бөліскенінен куә боламыз. Тіпті, Елтерістен кейін інісі Қапаған ел биледі. Одан бұрын Бумын мен Естемидің қағандықты бірге билегені тарихтан белгілі. Кейін селжұқтың Тұғырыл сұлтаны мен Шағры бегі елді бірлесе басқарды. Қазақ хандығын Керей мен Жәнібектің кезектесіп басқарғанын білеміз. Бұл жағдай түркі жұртында ел басқарудың айрықша үлгісі болғанын көрсететін сияқты. Келісесіз бе? – Байырғы түрік­терден қалған бұл хан тағына отырудың дәстүрлі үлгісі Қазақ хандығы сынды кейбір түрік жұртында да сақталған. Бұл жайында белгілі ғалым, академик Дархан Қыдырәлі ағамыздың тамаша талдау жасаған мақаласы бар. Онда Керей мен Жәнібектің өнегесі алдыңғы тарихтың жоралғы жосыны ретінде түсіндіріледі. Мысалы, академик «Түрк қағандығы, Қарахандар билігі, Салжұқ кезеңі секілді дәуірлеген алып империялардың дүниеге келуінде ағалы-інілілердің ауысып басқару жүйесі қалыптасқан дәстүр» деп бағалайды. Расында өзіңіз атағандай, Бумын мен Естеми, Күлтегін мен Білге, Тұғырыл мен Шағры бектер және Керей мен Жәнібекке дейін бұл тағылымды дәстүр үзілмей жал­ғасып отырған. Сондықтан халқымыздың «аға тұрып, іні сөйлегеннен без» деген аталы сөзі ежелден тамыр тартса керек. – Білге қаған дәуірін сөз еткенде әкесі мен анасы жайлы айтпау қисынсыз шығар. Елтеріс қағанның өмірі толық зерттелді ме? Білгенің анасы Елбілге қатұн жайлы қандай дерек бар? – Ия, Білге мен Күлтегін сынды баһадүр­лерді дүниеге әкелген әкесі Елтеріс Құтлық қаған мен шешесі Елбілге қатұн жайында қытай жылнамаларында да, Орхон ескерткіштерінде баяндалады. Мысалы, Білге қаған жазуында: «Әкем Елтеріс қағанды, анам Елбілге қатұнды Тәңірі төбесінде ұстап жоғары көтерді» деп жазады. Сонымен бірге, былтыр Халық­аралық Түркі академиясы Моңғолияның Архангай аймағындағы Номгон ғұрыптық кешенінен Елтеріс Құтлық қағанға ар­налған жазба ескерткіштің жоғарғы тұсын тапқан еді. Бұл жазудың қалған бөлігі табылса, Елтеріс қаған мен Елбілге қатұнға қатысты көптеген тың деректер ашылуы мүмкін. Әлбетте, Білге мен Күлтегін сынды кез келген түрк сарбазының ержүрек, баһадүр болып тәрбиеленуінде әкесі мен ата­лығы­нан өзге ананың да рөлі айрықша болған. Күлтегін жазуында: «Ұмай текті шешемнің құтына (бағына) орай інім Күлтегін ер атанды» деп қашалған. Әдетте, тақ мұрагерлері тек қатұн лауазымы бар әйелдерден туған ұлдардан сайланатын болған деген деректер бар. Қатұн – түрктердің иерархиялық басқару жүйесінде ханшайым қызметін атқарған, яғни мемлекет билігінде ресми өкілеттілігі бар лауазым. Сондықтан да Ышбараның «Баға қаған» болып сайланған інісі Чулохан: «Біз – түрктер, Мұқан қағаннан бері қатұн ұлдарын таққа отырғызып келеміз» деген сөзі бар. – Қапаған қаған мерт болғанда ордада Күлтегін болған деседі. Ол ағасын күткен дейтін әңгіме бар. Осы рас па? Әрі Күлтегін кейінірек орда төңірегіндегі бірқатар шендіні қырып тастаған дейтін дерек ше? – Құтлық қайтыс болған соң дәстүр бойынша таққа інісі Қапаған қаған отыр­ғаны белгілі. Ол мемлекетті 24 жыл биле­ген тұста Түркі қағандығының шекарасы кеңейіп, Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекетке айналды. Тарихи деректерде Қапағанның есімі Бөгү деп те аталады, мағынасы «жаулаушы» дегенді білдіреді. Расында, Қапаған тұсында аяқасты атта­ныс­тар мен шаңды жорықтар жиі болып тұрды. Туыстас түркі халықтарын біріктіру жолындағы жорықтарынан өзге, табғаш­тарға толассыз шабуылдар да ұйымдас­тырған. Дегенмен, Табғаш Хуанцун Түркі қағандығын ыдырату үшін өзге түрік тай­па­ларының көсемдеріне сыйлықтар мен лауазымдар ұсынып, арандату саясатын үздіксіз жүргізіп отырды. Осы тұста, байыр­қулар көтеріліске шыққанда Қапаған дереу әрекетке кірісіп, оларды Тола өзенінің жағасында ойсырата жеңеді. Бірақ санаулы сарбаздарымен қайтып келе жатқанда, аман қалған байырқулардың шағын жасағының щабуылына ұшырап, қаза табады. Міне, осы кезде ордада таққа талас басталады. Әуелі, таққа кіші қаған лауазымын иеленген Қапағанның ұлы Инел отырады. Алайда көп ұзамай Күлте­гін ордада төңкеріс жасап, Инелді биліктен тайдырады. Артынша Қапағанның сенімді серіктерін де тұтқынға алып, бәрін түгелдей өлтіртеді. Тек жасы жетпістен асып, ел құрметіне бөленген Білге мен Тоныкөк аман қалады. Күлтегін қаған тағына үлкен ағасы Білгені отырғызып, өзі бас қолбасшы болады. Тоныкөк қағанның бас уәзірі болып тағайындалды. Дәл осындай күрделі кезеңінде ақылы мен айласы асқан Тоныкөктің бас уәзір болып тағайындалуы Түрік қағандығының келешегі үшін оң шешім болды. – Білге қаған өмірден өткен соң көп кешікпей мемлекет ыдырады. Ғалымдар басты себеп деп нені айтады? – Кез келген мемлекеттің ыдырауының басты факторы ол сыртқы күштер мен ішкі тақ таласы екендігі белгілі. Бумын негізін қалаған Алғашқы Түрік қағандығы мен Батыс Түркі қағандығы да осылайша ыдыраған болатын. Сол секілді Екінші Түрік қағандығының ыдырауы «алып қағандары мен ақылгөй білгелерінен айырылуынан» басталған еді. 731 жылы Түркі қағандығы қаһарман Күлтегіннен айырылды. Оның алдында ұлы абыз, қағанның бас уәзірі Тоныкөк те дүниеден озған. Қағандықтағы ең сенімді екі тұлғадан айырылу Білге қаған мен түрік халқы үшін де ауыр тиді. Білге қаған: «Інім Күлтегін қаза болды. Өзім қайғырдым. Тағдырды Тәңір жасар, адам баласының бәрі өлгелі туған. Ұрпақтарымның, бектерімнің, халқымның көзі-қасы әз болар деп қайғырдым» деп күңіренеді. Алайда, көп ұзамай Білгенің өзі де күтпеген жерден дұшпандарының қолынан уланады. Түр­кия­лық тарихшы Ахмет Ташағылдың пікірінше, Білге өзінің улануын Бұйрық Чордан көріп, оның әулеті мен сы­бай­ластарының бәрі­нің көзін жояды. Кейін 734 жылы өзі де қайтыс болады. Енді әкесінің тағына оның ұлы Ижан отыра­ды. Ол да көп ұзамай қайтыс болады. Артын­ша інісі Тәңір Қаған отыр­ғызыл­ғанымен, көп ұзамай ол да өлтіріледі. Осыдан кейін қағандық ішінде алауыздық пайда болып, басмылдар шабуылына ұшырайды. Тәңір қағаннан соң да бірнеше қағандар таққа отырады. Бірақ бір басталған алауыздық толастамай, мемлекеттің әлсіреуіне алып келді. Әсіресе, табғаштар ұйғыр, басмыл және қарлұқтарға өз елшілерін жіберіп, оларды көтеріліске шығуға үнемі үгіттеп отырған. Дәл осы тұста түріктер Күлтегіннің ұлы Озмышты таққа отырғызғанымен, көп ұзамай ол да дұшпандарының қолынан қаза табады. Осылайша, Құтлық қаған негізін қала­ғ­ан алып мемлекет ыдырап, қағанаттың құра­мындағы тайпалар жеке-жеке ұлыс құруға ұмтылды. Ал қағандық ішіндегі түрктердің бір тобы қытайдың солтүстік аймақтарына қоныстандырылып, бек­теріне түрлі атақ-лауазым ұсынылды. – Түркі дәуіріне тән бітіктастарда, ес­керт­кіштерде қағандардың маңдайында құс бейнеледі екен. Ғалымдар оған қалай баға береді? Қазақстан жерінен мұндай белгісі бар ескерткіштер табылды ма? – Жалпы сұңқар текті құс бейнелі рәміздер түркілерден бұрын ежелгі сақ, ғұн, үйсін дәуірінен белгілі. Мысалы, Ордостан табылған Ғұн тәңірқұтының алтын тәжінде құс мүсіні сомдалған. Бұл тек қаған әулет­теріне ғана тиесілі билік нышаны немесе тотемдік рәміз екенін байқауға болады. Көне түрк дәуіріндегі тасмүсіндер мен петроглифтерде және қор­ған­­дардан шыққан археология­лық әртүрлі мате­риал­­дарда кездесіп жатады. Мысалы, Күлтегін тас мүсіні­нің бас бөлігі мен Білге қаған тәжінде де қанатын қомдап ұшқалы тұрған құс бейнесі бедер­ленген. Бұл құс суреті түркі қағандары әулетінің тотемдік сим­волы болуымен қатар, марқұмның кеудесінен ұшқан «жанының» немесе «құттың» символдық бейнесін де көрсетуге негізделген белгі болуы мүмкін. Илхами Дур­муш есімді бір ғалым Күлте­гін маңдайындағы құс бей­несін сұңқар деп болжаса, Петер Зиене «қаршыға» құсы болуы мүмкін деген пікір ұсынады. Шивээт-улан ғұрыптық кешендеріндегі тас мүсіндерде де құс бейнесі сомдалған. Белгілі археолог-ғалым Айман До­сымбаеваның жетекшілігімен жүргізілген Батыс Түркі қағандығына тиесілі Қарақыстақ 1 қорғанынан (Жамбыл обл, Мерке ауданы) қыран құстың бейнесі бар алтын қаңылтыр табылған еді. Бағзыдан тамыр тартқан билік нышанын айқындай­тын бұл құс бейнесі кейінгі түркі мемлекет­терінде де тәж, ту, тақ сынды мемлекеттік рәміздерде көрініс тауып, үзілмей жалғасып отырды. – Қарақыстақ 1 қорғаны жайлы айтып қалдыңыз. Ол Батыс Түркі қағандығының жері ғой. Бірақ қағандықтың батыс қанаты­ның қағандарын көп білмейміз. Білге, Күлтегіндер жақсы таныс. Себебі неде? – Жалпы Қазақстан – археологиялық, архитектуралық ескерткіштерге бай өлке. Әсіресе, біз сөз етіп отырған түркі дәуірінің ескерткіштері, оның ішінде тас мүсіндер мен петроглифтер, ғұрыптық кешендер мен қорғандар молынан ұшырасады. Дегенмен, біздің жерімізде Білге мен Күлтегіннің құрметіне орнатылғандай жазуы бар үлкен бітіктастар кездеспейді. Өзіңізге мәлім, ол бітіктастарда Бумын Естемиден бастап Түркі қағандығының шығыс қанатының алып қағандарының бірқатары аталады. Әсіресе, Күлтегін, Тоныкөк және Білге қағандардың ерлігі тарихи оқиғалармен өріліп, көркем жыр­мен жырланады. Сондықтан да олардың есімдері Батыс қанатының қағандарына қарағанда оқырмандар үшін жақсы таныс. Дегенмен Қазақстан тарихында Естеми мен Тон йабғұ сынды қағандардың алар орны айрықша екенін атап өту керек. Мәселен, Ұлы Түркі қағандығының алып империяға айналуында қағанаттың Батыс қанатын басқарған Естемидің үлесі зор болды. Естемидің қолбасшылығымен түріктер Алтайдың батысынан Хазар (Кас­пий), Қара теңіз аралығындағы барлық көшпелі тайпаларды бағындырып, Солтүстік Кавказ аумағына да билік жүр­гізді. Ол Ұлы Жібек жолы бойында толық үстемдік құру мақсатында Сасани, Визан­тия мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастар орнатқан. Аварларды толық бағындыру үшін ұлы жорықтар ұйым­дастырған. қаған Осылайша, Шығыс Түркістанның шығыс ұшындағы Хами қаласынан Қара Теңізге дейінгі кең аумақ Естемиге қараған. Оның жайлау және қыстақ ретінде екі астанасы болды. Оңтүстік орталығы қазіргі Қарашар (Йенчи) қаласы­нан солтүстікке қарай жеті күндік қашықтықта жатты. Естемидің атақ-даңқынан дұшпандары сескеніп, достары сүйсінген. 568 жылы византиялық елші Земарх Естеми қағанның қабылдауында болып, сән-салтанаты жарасқан ақ орда­сы мен ондағы алтын тақ, алтын ыдыстар, күмістен жасалған бұйымдар мен басқа да асыл бұйымдарын керемет суреттеп жазған. Сол секілді, Тон йабғұ қаған тұсында да Батыс Түрк қағандығы күш-қуаты артып, шарықтай түскен. Тон йабғұ қағанның қысқы ордасы Шу өзені бойындағы Суяб қаласы, ал жазғы ордасы Мыңбұлақ болды. Ол өз атынан теңгелер соқтырып, сауда айналымына енгізді. Біз атап өткен Қарақыстақ жайлауы осы Мыңбұлақта орналасқан. Мұнда Батыс түркі қағандары мен әулеті жерленген қорғандар сақталған. Бірқатар тас мүсіндер мен көне түрік жазуы жазылған шағын ескерткіштер де бар. – Түркі қағандығының тарихы жайлы сөз еткен батыс-шығыс болып бөлінген кездерін ғана айтамыз. Білуімше, азаттық үшін арпалысып, елдікті сақтауға талпын­ғандар аз болмаса керек. Мәселен, Күршад жайлы көп ешкім білмейді... – Күршад жайлы айтпас бұрын, оның алдындағы тарихи оқиғаларға сәл шегініс жасасақ. Себебі азаттық үшін арпалыс Күршадтан бұрын да басталған еді. Ресми тарихта 630 жылы Түркі қағанаты ыдырап, құрамындағы түркі тайпалары жаңа мемлекеттік түзіліске өткені белгілі. Осы тұста тарих сахнасына Чеби атты түркі ханзадасы шығып, тәуелсіздік жолындағы күресті бастады. Чеби де Ашина әулетінен. Оның бар арманы бабасы Бумын құрған Түркі қағанатын қайта жаңғырту еді. Ол түрік елінің тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатында өзінің иелігіндегі халқы мен әскерлерін алып Алтай тауларына келіп орналасып, өзін қаған деп жариялап, аз ғана уақыттың ішінде территориясын Саян тауларына дейін кеңейтіп, бұрынғы қағанаттың құрамында болған қарлық, қырғыз, аз және чік секілді туыстас халық­тарды өзіне қаратады. Дегенмен Чеби құрған қағандық та ұзақ жасамады. Жеке-дара иелік құруды көздеген туыстас түркі тайпалары Чебиге қарсы шығып, табғаш­тардың арандатуына түсіп, өзара қырқыса түсті. Соның нәтижесінде, 650 жылы Чеби иелігі ыдырап, өзі Таң империясының астанасына тұтқындалып кете барады. Сол сияқты Күршад та түркі жұртының азаттығы үшін Таң империясына қарсы көтеріліс ұйымдастырған көк түріктердің көрнекті саяси-әскери тұлғасы. Қырық нөкерлі ержүрек Күршадтың прототипі қытай жылнамаларында Цзе-ше-шуай (Гэшешуай) деп аталады. Күршад Таң империясында әскери сардар қызметін атқара жүріп, көтеріліс ұйымдастырады. Алайда әскери тосқауылға ұшырап, өзі шағын жасағымен қаза табады. Оның артынша, көтеріліс жасамақ болған Ашина Инанды да табғаш тыңшылары ұстап әкетіп, Чаньанға жеткізеді. Осындай көтерілістер ұйымдастырған түріктердің 54 бегі базар алаңында асып өлтіріліп, қалған бас көтерер ханзадалардың бәрі бақылауға алынады. Елтеріс Құтлық осындай қуғын-сүргінге ұшырап, әуелі Шығайқұзға жасырынып, сонда қол жинап, 682 жылы Түркі қағандығын қайта жаңғырту үшін әрекет етеді. Ол туралы Орхон жырларында: «Әкем қаған он жеті сарбаз жинапты. (Олар) тыста жортуылда жүр дегенді бәрі естіп, қаладағылар жиналды. Таудағылар сонда барып қосылды. Жиналып жетпіс ер болды» деп жазылады. Мінеки, осылайша, қалың жауға атой салып, отанының еркіндігі үшін қасық қаны қалғанша күрескен Чеби, Күршад бастаған қаһарман­дардың ерлігі азаттықтың айбынды ұранына айналып, Елтеріс Құтлық сынды баһадүрлердің бұғаудан босап, қағандықты жаңғыртуна серпін берді. Білге сол Елтеріс Құтлықтың баласы еді. – Енді түркология ғылымына оралайық. Әдетте, бұл салада атақ-даңқы алысқа кет­кен аға ғалымдар көп екенін білеміз. Түрко­логия десе, Сәрсен Аманжолов, Мырзатай Жолдасбеков, Қаржаубай Сартқожаұлы тәрізді ғалымдар еске түседі. Ал орта буын немесе жас ғалымдар көпшілікке таныс емес. Сондықтан өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Ұстаздарыңыз кімдер еді? Ғылымға қалай бет бұрдыңыз? – Ия, түркология өте қызық әрі күрделі мамандықтардың бірі. Ата-анам әдебиетке, жалпы кітапқа әуес жандар. Үйімізде тарихи кітаптар көп болатын. Сондықтан менің тарихқа деген қызығушылығым бала кезден қалыптасты. Әрине, алғаш ғылымға жетелеп әкелген ұстазым, белгілі археолог Айман Досымбаева. Айман ұстазымның қарамағында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының «Түрік мұрасы» бөлімінде жұмыс істедім. Жаз шыға он-оқ, түргеш, қарлық халықтарының бай мұрасы сақталған Батыс түрік қағандығының киелі өңірі – Шу мен Мерке ғибадатханаларына барып, ала жаздай қазба жұмыстарын жүргізуші едік. Археология мамандығы бойынша сонда жүріп көп тәжірибе жинадым. Кейін Астанаға ауысып, Мырзатай Жолдасбековтың қарамағында Президент­тік Мәдениет орталығында ғылыми қыз­меткер болып қызмет атқардым. Ағаның жанында жүріп, ғылымға жаңа көзқарас қалыптасты. 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторан­турасын түркология мамандығы бойынша тәмамдап, түркология кафедрасында сту­денттер мен магистранттарға дәріс бердім. Содан кейін Халықаралық Түркі академиясына қызметке келдік. Осы ретте, Түркі академиясына қабылданып, Халық­аралық ірі экспедицияларға қатысуыма мүмкіндік берген белгілі ғалым Дархан Қыдырәлі ағаға шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Дархан ағаның қарама­ғында жүріп, түркология іліміне тереңдей түсіп, жазу-сызу тәсілдерін де меңгердік. Сондықтан барша ұстаздарыма басымды иіп, ризашылығымды білдіремін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН