Қызыр кімге дариды?
Қызыр кімге дариды?
1,184
оқылды
Ұлыстың ұлы күнімен Қыдыр ата есімі қатар аталатыны белгілі. Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні ұйықтамай, Қыдыр атаны күту дәстүрін бала күнімізден естіп өстік. «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Бақ қарап, Қыдыр дарысын» деген тәрізді сөздер де құлағымызға жат емес. Осындағы Қыдыр кім? Ол тарихта кім болған? Қыдыр мен Қызыр бір адам ба? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік... Ғұлама, әулие Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты еңбегінде Қызыр атаның есімі аталады: «Мәшһүр Жүсіптің: «Қалың қара ағаштың бел ортасында, адам құшағы зорға жететін діңгекке қолын тіреп ұзын бойлы ақсақал тұр. Киген киім үлгісі хиссаларда айтылған адам ба дерсіз, жақындап барып бір тізерлеп сәлем бердік. Бізге ұсынған қолында буын болмады. Ғақылын айтып шығарып салды. «Уа, Пірадар, қасыңдағы Пайғамбардың үмбетіне айт, артына қарамасын» дегенін есіттім. Бойым дел-сал болып, денемнің қызуы көтеріліп келеді» дегендегі көріп-сәлемдескен адамы – Хызр, яғни Қыдыр (а.с.) еді. Оның басқаларға көрінбей, қалың қара ағаштың арасында тек Бекасыл әулие мен Мәшһүр Жүсіпке ғана көрінгені және оң қолының буыны болмағандығы, одан соң: «қасыңдағы Пайғамбардың үмбетіне айт, артына қарамасын» дегені, осы сөзінен кейін Мәшһүр Жүсіптің денесінің қызуы көтеріліп кеткендігі ол кісінің расында Хызр (Алла Тағаланың оған ризалығы болсын!) болғандығын дәлелдейді және де Мәшһүр Жүсіптің Хызрмен (Қыдырмен) амандасып, сөй­лескені – оған Қыдыр дарығаны болып табылады. Бұл оның үлкен дәрежелерге жетіп, Мәшһүр Жүсіп атанғанына да себеп болуы ғажап емес» делінген кітапта. Демек, Қыдыр ата деп жүргеніміз – қазақ түсінігіндегі аңыз-әфсана кейіпкері ғана емес, шынымен өмірде болған адам ба? Ендеше ол қай уақыттарда ғұмыр кешкен? Бұл сауалдарымызға философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы былай жауап берді: – Рухани әлемде әртүрлі деңгейлер болады. Исламның ләдүн (ғайып) іліміне ие болған адамдар арасында Алланың ерекше ықыласына бөленген құлдарына басқаша мәртебе беріп қоятындығы айтылады. Яғни, өмірдің сатылары біз білетін өмір мен өлімнен ғана тұрмайды. Періштелердің өмірі, жындардың өмірі, пайғамбарлардың өмірі, әулиелердің өмірі бір деңгейде емес. Тура сол сияқты, әулиелердің мәртебелері де оларға берілген өмір мәртебелеріне қарай өзгеріп отырады. Сол мәртебеге байланысты материалдық қажеттілікке мұқтаждық сезінеді немесе сезінбейді. Сондықтан да Қызыр атаны мәңгілік өмірге ие болған пайғамбар немесе әулие ретінде сипаттайды. «Қызыр» сөзі «жасыл» деген мағынаны беретіндігі себепті Қызыр атаның отырған жері жап-жасыл болады деген түсінік қалыптасқан. – Қызыр ата мен Қыдыр ата бір ме? – Араб тілінде «дзот» деген әріп бар. Бұл «д» мен «з» әріптерінің қосындысы іспетті оқылады. Қазақтар көбінесе «з»-ға жақын оқыса, басқа халықтар «д»-ға жақын оқиды. Мысалы, «Фатиха» сүресін­дегі «уәлаззалин» немесе «уәладдалин» деген сияқты. Сондықтан екі атауды да қате деуге болмайды. Қыдыр ата – Қызыр ата туралы Құран Кәрімде не жазылған? – Құранның «Кәһф» сүресінде Мұса пайғамбармен бірге жолға шыққан «Өзіне ілім берілген адам» («Кәһф» сүресінің 60-82 аяттары) ретінде сипатталатын тұлғаны Қызыр пайғамбар болған деген түсінік бар. – Ал Қадір түніне Қызыр атаның қатысы бар ма? – Қадір түні мен Қызыр атаның байланысы жоқ. Ол Құрандағы «Қадір сүресіне» байланысты аталған. «Біз Құранды қадір түні түсірдік» деп басталады ғой. Сондықтан ол түн қасиетті түндердің бірі ретінде Құранда ашық айтылады. – Қызыр атаның бұл күнде өлі не тірі екендігіне қатысты әртүрлі пікір бар. Бұған не айтасыз? – Жоғарыда айтқанымыздай, Қызыр ата мәңгілік өмір сүреді. Тек өмір мәртебесі біздікінен басқаша. Жалпы, Ислам сенімі бойынша адам өлмейді ғой. Тек басқа өмірге өтеді. Ал Қызыр атаға Алла Тағала осы өмірге араласа беретін ерекше мәртебе беріп қойған деген түсінік бар. Ол тамаққа, киімге мұқтаж емес. Алланың ізгі құлдарына көрініп, оларға рухани қолдау жасайды. Өзіне Қызыр дарыған адам рухани тұрғыдан мәртебесі бар адамдар саналады. Себебі өзіне жолыққан адамның Қызыр екендігін білу үшін де рухани кемелдік қажет болады. – Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітабында Мәшһүр Жүсіп пен Бекасыл әулиенің Қызыр атаны көргені жайлы жазылады. Расымен, адамдардың оны көруі мүмкін бе? – Иә, әулиелердің Қызыр атаны көруі, онымен дастарқандас, сапарлас болуы таңсық дүние емес. Себебі рухани мәртебесі көтерілген әулиелер Қызыр пайғамбардың рухани өмір мәртебесіне жақындағандықтан, онымен жолығуы әбден мүмкін дүние. – Қазақта «Қызыр қолдасын», «Бақ қарап, Қыдыр дарысын» деген сөз бар. Қызыр атаның қолдайтыны жөнінде дінде не айтылады? – Қазақта әулиелердің қолдауына қатысты баталар көп. Жоғарыда айтқанымыздай, «Бақ қонып, Қызыр дарыған» адам берекеге ие болып көгеріп, көктей береді деген сенім бар. Тек адам баласының өзі рухани тұрғыдан кемелдікке талпынуы керек. Ғайыптан Қызыр келіп қолдай салады да, өмірім керемет болады деп сену дұрыс болмайды. Оның үстіне, материалдық игілікке жету үшін де Қызыр атаны қолдану – орынсыз дүние. Ол – рухани тұлға, Алланың досы (әулиесі), сондықтан Алланы танып, ізгілікке, рухани тазалыққа бет бұрған, жан-дүниесін тазартқан адамдар Қызыр атаны іздей де бермейді. Ал Қызыр дарып жатқанда, тек Аллаға деген шүкіршілігі артпақ. Яғни, Қызыр атаның даруы үшін соған рухани түрде лайық болу керек.