Ұлыстың ұлы күнімен Қыдыр ата есімі қатар аталатыны белгілі. Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні ұйықтамай, Қыдыр атаны күту дәстүрін бала күнімізден естіп өстік. «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Бақ қарап, Қыдыр дарысын» деген тәрізді сөздер де құлағымызға жат емес. Осындағы Қыдыр кім? Ол тарихта кім болған? Қыдыр мен Қызыр бір адам ба? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік...
Ғұлама, әулие Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты еңбегінде Қызыр атаның есімі аталады:
«Мәшһүр Жүсіптің: «Қалың қара ағаштың бел ортасында, адам құшағы зорға жететін діңгекке қолын тіреп ұзын бойлы ақсақал тұр. Киген киім үлгісі хиссаларда айтылған адам ба дерсіз, жақындап барып бір тізерлеп сәлем бердік. Бізге ұсынған қолында буын болмады. Ғақылын айтып шығарып салды. «Уа, Пірадар, қасыңдағы Пайғамбардың үмбетіне айт, артына қарамасын» дегенін есіттім. Бойым дел-сал болып, денемнің қызуы көтеріліп келеді» дегендегі көріп-сәлемдескен адамы – Хызр, яғни Қыдыр (а.с.) еді. Оның басқаларға көрінбей, қалың қара ағаштың арасында тек Бекасыл әулие мен Мәшһүр Жүсіпке ғана көрінгені және оң қолының буыны болмағандығы, одан соң: «қасыңдағы Пайғамбардың үмбетіне айт, артына қарамасын» дегені, осы сөзінен кейін Мәшһүр Жүсіптің денесінің қызуы көтеріліп кеткендігі ол кісінің расында Хызр (Алла Тағаланың оған ризалығы болсын!) болғандығын дәлелдейді және де Мәшһүр Жүсіптің Хызрмен (Қыдырмен) амандасып, сөйлескені – оған Қыдыр дарығаны болып табылады. Бұл оның үлкен дәрежелерге жетіп, Мәшһүр Жүсіп атанғанына да себеп болуы ғажап емес» делінген кітапта.
Демек, Қыдыр ата деп жүргеніміз – қазақ түсінігіндегі аңыз-әфсана кейіпкері ғана емес, шынымен өмірде болған адам ба? Ендеше ол қай уақыттарда ғұмыр кешкен? Бұл сауалдарымызға философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы былай жауап берді:
– Рухани әлемде әртүрлі деңгейлер болады. Исламның ләдүн (ғайып) іліміне ие болған адамдар арасында Алланың ерекше ықыласына бөленген құлдарына басқаша мәртебе беріп қоятындығы айтылады. Яғни, өмірдің сатылары біз білетін өмір мен өлімнен ғана тұрмайды. Періштелердің өмірі, жындардың өмірі, пайғамбарлардың өмірі, әулиелердің өмірі бір деңгейде емес. Тура сол сияқты, әулиелердің мәртебелері де оларға берілген өмір мәртебелеріне қарай өзгеріп отырады. Сол мәртебеге байланысты материалдық қажеттілікке мұқтаждық сезінеді немесе сезінбейді. Сондықтан да Қызыр атаны мәңгілік өмірге ие болған пайғамбар немесе әулие ретінде сипаттайды. «Қызыр» сөзі «жасыл» деген мағынаны беретіндігі себепті Қызыр атаның отырған жері жап-жасыл болады деген түсінік қалыптасқан.
– Қызыр ата мен Қыдыр ата бір ме?
– Араб тілінде «дзот» деген әріп бар. Бұл «д» мен «з» әріптерінің қосындысы іспетті оқылады. Қазақтар көбінесе «з»-ға жақын оқыса, басқа халықтар «д»-ға жақын оқиды. Мысалы, «Фатиха» сүресіндегі «уәлаззалин» немесе «уәладдалин» деген сияқты. Сондықтан екі атауды да қате деуге болмайды.