Жауырынның жұмбағы мен құмалақтың құпиясы
Жауырынның жұмбағы мен құмалақтың құпиясы
2,618
оқылды
Дала халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқандықтан аспандағы құбылыстарға, жер бетіндегі өзгерістерге қарап ауа райына болжам жасаған. Тіпті, қолындағы төрт түлік малы мен даланың аң-құстарының мінез-құлқына қарап та табиғаттың құбылысын тани білген. Көшпелі тұрмыс-тіршіліктің ажырамас бөлігі – бұл болжамшылық өнері. Ол мыңдаған жылдарға созылған дала тұрмысына жинақталған өмір тәжірибесі еді.   Жауырыншы қарайды жауырынға Қазір оташы, тамыршы, бақсы, көре­ген, сәуегей, құмалақшы, жұлдызшы, жауы­­­­рыншы секілді тылсым өнер иелері азайып барады. Біз солардың соңғы үше­уі­не тоқтала кетпекпіз. Этнограф Болат Бопайұлының ай­туын­ша, бағзы заманда ақсарбас қойдың ақ жоңқа болып кепкен жауырын сүйегінің әртүрлі белгілеріне қарап, өткен-кеткенді жә­не алда болатын істер мен оқиғаларды бол­жап айтатын, көріпкел адамды жауы­рын­шы деп атаған.
«Жауырыншы – бір ауыз сөзбен айт­қанда көріпкелдік қасиеті бар адам. Ал жауы­рын оның жай құралы ғана», – дейді эт­ног­раф.
Дене мүшесі бүтін, жетілген күйлі қой­ды сойып, соның жауырын сүйегін пісіріп, оған тіс тигізбей тазалап мүжіп, ақ жоңқа етіп кептіріп, сосын соған қарап сөйлеп, әр алуан болжам айтатын болған. Қазақстан халық емшілері қауым­дас­тығының президенті Зиядан Қожалымов­тың жазуынша, жауырынды отқа күйдіріп те қарайтын болған.
«Отқа күйдіріп, содан кейін жауырын бе­тіндегі сызықтар мен бейнелі суреттерге қа­рап сөйлейді. Ал кейбір көнекөз жауы­рын­шылар жауырынды тазалап алған соң-ақ бірден қарап сөйлеп кете берген. Аң­шы­лардың ішіндегі кейбір жауырын ашушы киелі аң немесе бұғының да жауырына қа­рап, олжалы-олжасыз боларын, қауіп пен қатерді біліп отырған», – дейді ол.
Сондай-ақ көне жауырыншылар кейде жауы­рынды күн және шам жарығына кө­лең­келеп те қараған. Болат Бопайұлының айтуынша, жауы­рын­ды үш бөлікке бөліп болжайды. Жауы­рынның ортасын бөлетін қыр бөлігін ба­ла­ның жолы, қырдың астыңғы жалпақтау жағын кісінің тағдыры, ал жауырынның түбін (негізгі шүйдесі) үй тағдырын бол­жай­ды.
Жауырынның ерекшелігіне орай ортақ бол­жау ұғымы қалыптасқан. Ол – жауырын сүйектің етегі жалпақ және ойықтау болса, онда мыңғырған малы көп, бай болады, қазан шұңқыры терең болса, қазаны май­лы, тұрмысы жайлы, ризығы мол болады. Қыр сүйегі биік үшкірлеу болса, жылқылы бай болады. Жылқылары шетінен сәйгүлік жүйрік болады. Қыр сүйегінің майысқан жері сұқ саусаққа ілініп тоқталса, түйесі мен сиыры өріске сыймайтын малды бо­ла­ды. Қыр сүйегі доғалдау келсе, дәулеті тұрақ­ты болады. Іргесінен құт үзілмейді деп санайды. Жауырын сүйек қалың болса, от­басы бақытты берекесі күшті болады. Жауырын алақанында алашұбар дақ болса «отбасында, тіл мен көз көп тиген екен, бе­ре­кесі қашып тұр» дейді. «Алда соғыс бо­лады. Жау жар астында тосып жатыр» деп те жориды. Қыр сүйек ұзын болса, «ғұ­мыр жасы ұзақ болады, ұрпақтары бай­лық­тан басы айналып өмір сүреді» деп сен­ді­реді.
Болат Бопайұлы қазақ пен қалмақ ара­сында мал барымтасына қатысты аңызды ай­тып берді. Бір жолы қалмақтар қазақ жерінен өте көп жылқыны айдап кетеді. Сон­да қазақтар ұрылардың ізіне түсіп, қуа­ды. Қазақтардың арасында бір мықты жауы­рыншы болған. Ол жауырынды қарап жіберіп, жолдастарына «ер-тоқымды теріс қа­ратып ерттеңдер, баскиімдеріңді теріс қаратып киіңдер. Ұрылар өте ұзап кетті, жете алмаймыз. Солай еткенде олар жолда аял­дайды. Біз дәл сол кезде ғана қуып же­тіп, жылқымызды қайтара аламыз», – дей­ді. Жылқыны қуып айдап бара жатқан қал­мақ ұрыларының арасында да жауы­рын­шы бар екен. Ол да жауырынды қолға алып ер-тоқымы теріс ерттелген әрі бас­киі­мін теріс қарата киген қуғыншыларды кері бағытта жүріп бара жатыр деп көреді. «Қуғыншылар артқа қайтты. Қуып жете алмайтынына көзі жетті. Енді осы жерге аялдап, жолға ертең шығайық» деп жоры­ған екен. Осылайша, қазақ жауырыншысы, қал­мақ жауырыншысынан айласын асы­рып­ты. Алматы облысының Жамбыл ауданы Ұзы­ныағаш ауылының тұрғыны, құмалақ­шы Төлеу Мұсаұлы бала кезінде жауырын­шыларды көп көріп, ақыл-кеңесін көп тың­дағанын айтады.
«Жауырынның қыры бар бетін төмен қа­ратып ұстайды. Жауырында айдың бе­тін­дегі дағы секілді дақ болады. Осының қа­раң-құраңы көп болса, «Қыста қар аз тү­се­ді» деп болжайды. Ал ол аппақ болса, «Қыс­та қар қалың болады, жыл жақсы бо­лады» деп жататын жауырыншылар», – дейді.
Этнограф Бекен Қайратұлы жауырын­шы сәуегейлігін көне шаманизм сенімімен байланыстырады.
«Оның жойылып кетуіне бірінші осы болжамшылықты харамға жатқызатын Исламның әсері болды. Екінші қоғамның тех­нологиялық дамуы оған деген қажет­ті­лікті жоғалтты», – дейді ол. Қазір жауы­рын­ға қарап болжам айту моңғол және алтай халықтарында қалған.
Осы мақаланы жазу барысында жауы­рыншыны көп іздедік. Алайда таппадық.   Қырық бір құмалағым ақ сөйле, ақиқатын айт Этнограф Болат Бопайұлының ай­туын­ша, құмалақшылар қойдың қырық бір не тоғыз құмалағын теріп алып, соны құ­ма­лақ салуға пайдаланады. Құмалақ тарту­дың ырым құмалақ, бір тартар құмалақ, шаш­па құмалақ деген түрлері бар. Құма­лақ­шы елуден аса шарттық ереже бойынша ойын талдап барып болжам сөзін жеткізеді. Құмалақ салу тым ерте ғасырларда болғаны қазақ аңыз-ертегілерде көп айтылады.
Ел аңызында Дәуіт деген адам асқан құ­малақшы екен. Ол алыс жолдан келе жа­тып, үйіне бір күндік жол қалғанда, құ­малақ ашады. Тұрған жеріне қонса, өзі өледі. Қонбай үйіне барса, қатыны өлетін болып құмалақ түседі. Қырық рет салса да, осы­лай қайталанады. Дәуіт басы қатып отыр­ғанда, бір ақбоз атқа мінген ақсақал ғайыптан келіп, оның неге басы қатып тұрғанын сұрайды. Ол болған оқиғаны баяндайды. Әлгі қария «балам құмалақты қайта тартшы, мен көрейін», – дейді. Дәуіт құмалақты тартып көрсетіпті. Сонда ақ­са­қал: «Сен құмалақтың қырық тілін біліп, бір тілін білмейді екенсің. Ана қоржынды әкел», – деп пышағын суырып, қоржынның бұрышын ұрып жібергенде ішінен ысылдап улы жылан шығыпты. «Үйіңе барсаң, қоржынды қатының сө­ге­ді. Сол өледі. Мұнда қонсаң, тамақ ала­мын деп өзің ашасың. Сонда жылан ша­ғып өлесің. Сенің білмей тұрған тілің осы еді. Енді алаңсыз үйіңе бара бер» деген екен.
құмалақ Осы мақаланы әзірлеу барысында Бай-Өл­кеге аты танымал Алтай ауылында тұра­тын Кәлелхан Бошайұлы деген құмалақ­шы­ға хабарластық.
«Құмалақ адамның барлық білгісі кел­ген нәрсесіне салынады, шектеу жоқ. М­а­ған сырқаты мазалаған ауру адам да, малы не мүлкі жоғалған адам да хабарласып, құ­­­малақ ашуды сұрап жатады. Мен 13 жа­сымнан бастап құмалақ салуды бастаған едім. Кейін қойып кеттім. Алайда 45 жа­сым­да қайта қолға алдым. Бұл қасиет өз жұр­тымнан және нағашы жұртымнан да кел­ген. Аталарымыз Сексенбай, Әміре де­ген кісілер құмалақты шашып салатын», – дейді қария.
Кәлелхан Бошайұлының айтуынша, оған жүгінген адам сұрағын нақтылап, біл­гісі келетін нәрсесін анық ұқтыруы тиіс. Біз құмалақшыдан Қазақстанда биылғы шөп­тің шығымы, егіннің түсімі және ауа райы­ның қолайлығы қандай болатыны жө­нінде сұрадық.
«Қазақстанда биылғы ақ қоян жылы жай­лы болады. Қар мол түседі. Шөптің көк­теуі өте жақсы болады. Яғни, жыл­да­ғы­дан артық шығады. Биыл егіннің түсімі де мол, елдегі шаруа үшін жайлы жыл бол­мақ», – деді құмалақ салған қария.
Бұдан кейін біз жасы 70-тен асқан ұзынағаштық құмалақшы Төлеу Мұсаұлыға құмалақ ашып беруін өтінген едік:
«Мен өзім тұратын Алматы облысында жауын­ды-шашынды болады, алдағы жыл жайлы болады. Бірақ елімізде бір ахуал күтіп тұр. Бірнеше рет салғанымда бұл ке­дергінің қашан келетінін, қандай ахуал еке­нін нақтылай алмадым», – деді құма­лақ­шы.
Аспандағы жұлдыздар, ай мен күннің құбылыстарын толық зерттеп, бақылап білген қазақ алдағы қуаңшылық не жаң­бырдың молшылығы жайын алдын ала біліп отырған. Оны бақылайтын адамды қазақ есепші, жұлдызшы немесе санақшы деп атаған. Бұл – тұқым қуалайтын сирек кездесетін қасиет. Малмен күн көрген көш­пелі халқымызы жылдың төрт мезгі­ліндегі өзгерістерді жұлдызшы-есепшілер­ден біліп отырған.
«Қазақ ұлы далада мал, егін, аң-құс аулау сынды шаруашылықты кәсіп етті. Шаруашылығын табиғаттың тосын апат­тарынан аман сақтап қалу қажеттілігіне бай­ланысты 24 амал, 13 тоғыс, 7 белгіге не­гіздеп, аспан жұлдыздарының орын ал­масуын бақылап, ауа райын болжап отыр­ды», – дейді Болат Бопайұлы.
Қазір тек құмалақ салу ғана өз маңызын жоғалтпаған. Оны кәсіпке айналдырған адам көп. Алайда жауырын ашу мен жұл­дыз­шы мамандар өте сиреп кеткен. Зама­науи технология заманында қазақтың өзі­мен бірге жасасып келе жатқан осы екі тыл­сым әрі құпия болжамшылық өнері жойылып бара жатқанын көрдік. Мәдени мұра­ның бір бөлігін атадан балаға жеткізіп келе жатқан буын өз миссиясын аяқтаған се­кіл­ді. Ендеше біздің парызымыз – осы өнердің соңғы өкілдеріне жүгініп, оны бүге-шігесіне дейін қағазға түсіріп, ұрпаққа сақ­тап қалу.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ