Енді санаулы күндерден кейін өз жыл қайыруымыз бойынша «қоян жылы» басталғалы тұр. Еліне тыныштық, халқына жайлы өмір тілеп «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп жаратқанға жалбарынып отыратын қарттардың тізесінде отырып өстік. Ескі көздер әр жылдағы құбылыстарды сипаттап отыратын
Астролог ғалымдар, жорамалшылар жылдың құбылысын үш бағытта бағалап тұжырым жасайды. Ең бірінші кезекте мемлекетаралық қатынастар, ішкі саяси-экономикалық ахуал, екіншісі, халықтың тұрмыс-тіршілігі, үшіншісі, табиғаттың тылсым күштері. Біздің атқарып жүрген кәсібімізге орай, жаңа басталар жылдағы жердің нәрі мен көктің нұры, айналамызды қоршаған табиғаттың сыйы қандай болар екен деген сұрақ мазалайды. Ауыл шаруашылығының жұмысы жылдың төрт маусымындағы табиғи жағдайларға тікелей байланысты. Көктемде төл алынып, егін салынса, жазда осы өнімдердің өсіп-жетілуіне қолайлы ауа райы мен қорек қажет. Күздің өз міндеттері мен қыстан шығудың да үлкен жауапкершілігі бар. Осылайша, амалдар мен тоғыстарды есепке алып, туған аймен, басталар жылды өткен кезеңдермен салыстырып шаруашылық жүргізіледі.
Әдетте қоян жылы Ата кәсіппен айналысушыларға қолайсыз болады деген түсінік қалыптасқан. Қазақтың шаруашылық жүргізу тарихында бұл жылды жұт, ашаршылық, ауыртпалық жылы ретінде бағалайды. Өткенге үңілсек, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қайғылы кезең 1723 жыл «қоян жылы» болатын. Қазақ даласында мал қырылып, ел аштыққа ұшырап, жоқшылық көрген 1867-1868 жылдарды «жалпақ қоян жұты», 1879-1880 жылдарды «үлкен қоян», 1891-1892 жылдарды «кіші қоян», 1915-1916 жылдарды «тақыр қоян» жұты атапты.
Бір ғана батыс өңірінің Каспий облысында 1891-1992 жылдарда «кіші қоян жұтынан» 189 мың бас қой, 21 мың бас жылқы, 17 мыңнан астам түйе шығын болған деген ақпарат бар. Еліміздің басқа да аймақтарында болған ауыртпашылықтар қазақ қаламгерлерінің шығармаларында да кездесіп отырады. М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында «Қыстай соққан ақ боран, ақ даланы жұмыртқадай, қалың сіреу қарға толтырған. Елге жұт араласты. Жұт жылының көп пәлесі мен апаты, жоқшылығы талай елдердің қалың топтарын қатты жүдетіп тұр. Қолдағы мал пішенін таусып, енді аштыққа ұрынып, аулада тұрып өліп жатыр. Қоралар толы қатып, серейіп қалған, кей бұрыштарда үйіліп қойылған қойлардың өлігі. Арықтан тұралап құлаған сиырлардың өліксесі көп. «Жұт жеті ағайынды» дейтін қазақтың мал баққан шаруалары қазір отыннан да жүдеген. Азық, астан тарыға бастаған. Жолаушылап қалаға, базарға айына, аптасына барып, керегін алып отыратын ел, тағы бір тарап күйзеліске түсті. Мінетін көлік болмай, арып-ашып қырыла бастаған соң, жаяулық, көліксіздік тағы бір тың дерт болып басқа түсті. Осындай көпті жүдетіп, ықтыра бүрістірген қатал қысты, «аққоян жылы», «апат жылы», «естен кетпес жұт жылы» деп, ел марттың ішінде-ақ аhылап отырып, аңыз ете бастады» деп жұт жылының қиындығын баяндайды.
Атырау өңірінен де көптеген ауыл шаруашылығы саласы ардагерлерімен, көпті көрген қарияларымен сөйлесіп, пікірлестім. Бәрі де «қоян жылының» табиғатының ерекешелігі мен қиындықтарын айтады. Соның бірі – Бақытбек Таубаев. Өзі ғалым, профессор, қоғам қайраткері. Сол кісі қоян жылы туралы бірталай деректерді айтты.
«Менің алғашқы көрген «қоян жылым» 3 класс оқып жүргенде 1951-1952 жылдар болатын. Балалықпен көп нәрсені ұғына бермесекте, соғыстан кейінгі ауыл жағдайы өте қиын еді. Сол жылдары мал арық, тамақ тапшы, бір шағын жер төледе 2-3 отбасы бірігіп отыратын. Шұңғыл табаққа салынған арық малдың етін 15-18 адам отырып жейтінбіз. Оның бергі жағында өзіміз жұмысқа араласқанда шом ауланы қорек еткен жылдар мен қатон қорада бірінің жүнін бірі жеп аштан қырылған қойлар туралы әңгімелерді көп естідік. Индер ауданында бірінші хатшы лауазымында болғанымда 1986-1987 жылғы «қоян жылы» қатты қуаңшылық болды. Ала жаздай тырмалап қысқы мал азығын дайындадық. Жылқы малын қолға ұстауға мүмкіндік болмады. Құйрық-жалы төгілген үйір айғырларының тұяқтары сынып, қалың қатты қар шашаларын қызыл қанға боялып тебінен қалды. Азынап тұрған айғырлардың мәстек болғанын көзбен көрдік. Сол жылдары жол бөлімшесіне жаңа техникалар келген болатын. Дала қарларын күреп тазартып, шөп тасымалданып жеткізіліп, қолда бар малды көктемгі көкке әзер іліктірдік», – дейді.
Кеңес одағы кезінде 1963 жылды «ауыл шаруашылығының апатты жылы» деп атады. Көптеген аймақтарда құрғақшылықтан егін шықпай қалып, өнім өндірілмеді. Кейбір өңірлерде нанға ұзын-шұбау кезектер пайда болып, карточкалық өлшемді жүйеге көшірілді. Халықты аштық пен ауыртпашылықтан сақтау үшін Лондондағы алтын базарына мемлекеттік қорда сақтаулы алтын құймалар өткізілген. Осылайша, Канада, Аустралия және Еуропа елдерінен астық, басқа да тұтыну тағамдары тасымалданған.
Тағы бір еңбек ардагері Жаубасар Мұханбетов те тарихтан біраз сыр тартып, қоян жылының қыспағы жөнінде айтып берді. Мұнда да жылдың ауыртпалығы аз болмағанын байқаймыз.
«1963 жылы ақпан айында жүргізушілік курста оқып жүрген бес жігітті Ақкөбе қыстағындағы Нұрым атты шопан ауылына көмекке жіберді. Қыстақ ықтасын жерде орналасқан болуы керек, көп салқындық пен ызғырық желі байқалмайды. Оның есесіне жұмсақ жылымық қар 12-15 күн бойы тынбастан жауып, тізеден жоғары биіктікте нығыздап қатырып тастады. Шоқалап жинап қойған шөпті әкеліп малға салуға мүмкін болмай қалды. Шөп келсе мал шығаратын жер жоқ, қойлар аштықтан өле бастады. Шынжыр табанды ДТ тракторымен келген ферма меңгерушісі Бақтыгерей Измайлов жағдайды көргенімен, қолдан келер көмегі болмады. Қуатты ДТ тракоры да жүре алмаған соң, суын жіберіп доғарып қойды. Бізге өлген қойларды текшелеп жинап, аққала соғуға тапсырды. Адамдардың ас-суы таусылып, мөлшерлеп тамақтануға тура келді. Осылайша, бас-аяғы 20-25 күнде бір отар қойды (600-700 бас) түгелдей текшелеп жинап, шопан таяғын ұстап қалды. «Қоян жылының қысы» осындай қаттылығымен есте қалды», – деп тарқатты.
Біздің өлкемізде де 1963 жылғы «қоян жылы» қатты қиындықтар тудырған. Түтеген боранның қаттылығынан пішен мен аула арасына адасып кетпес үшін арқан керіп қойып қатысқан екен. Шалғайдағы малшылармен қатынас үзіліп, тамағы таусылған. Осы жағдайларға байланысты Орталықтан Сібір әскери округінен қосымша техникалар мен солдаттар шақыртылған. Бірнеше шынжыр табанды әскери техникалар аудан орталығына жүк машиналарынан бастап жанармай, көмір, тұрмыстық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер жеткізген. Сондағы қардың қалыңдығы мен қаттылығынан ауыр техникалар қар астында қалған үйлердің үстімен өткенде көтеретінін ауыл ақсақалдары айтып отыратын.
Бертіндегі оқиғаларды бір шолып өтейік. Соңғы 2011-2012 жылдардағы қоян жылының қиыншылығын ауыл шаруашылығы саласының қайраткері, ғалым Бағыт Айдашов әлі күнге ұмытпаған екен.
«Бұрындары жайлы үйде тұрып, жаңа техникалармен орталықта жүріп қыстың, соның ішінде «қоян жылының» қаттылығын білмейді екенбіз. Оны басқа түскенде ғана аңғардық. Менің шаруашылығым Индер ауданы орталығынан 60 шақырымдай жерде орналасқан болатын. Екі қыстақта сиыр мен қой малы бағылатын. 1912 жылдың қаңтар айында басталған боран үзілместен ұзақ уақыт соқты. Даладағы малшылармен байланыс та, қатынас та үзілді. Осы жағдайымды айтып төтенше жағдайларға қарсы қызмет атқаратын мекемеден көмек сұрадым. Астыма батпақ пен қарға арналған жалпақ дөңгелекті машина берді. Бар қажетті азық-түлікпен, тұрмыстық құралдарды тиеп алып тартып кеттік. Қардың қалдығынан жүре алмай, ол көлігім жолда өртеніп кетті. Жүргізуші екеуміз тізеден келетін қарды кешіп 15-17 шақырым жүргенде қара терге малынып, шаршап құладым. Кешкісін сығырайып шамның жарығы көрінген малшы ауылға қосшы баламды жіберіп, шөп шана алдырып зорға дегенде қарасынға жеттік. Ертеңіне бізге жіберген ауыр әскери техникасы да қалың қардан өтіп келе алмағанын естідік. Содан үшінші күн дегенде тікұшақ келіп, тиеліп қыстаққа аттандық. Мезетте шаруашылыққа жеткенімізбен, көкте жүріп кеңескен мамандар қыстақтың төңірегіне қардың қалыңдығынан қонуға мүмкіндік жоқ, тамақтарыңды жоғарыдан тастаймыз деп шешті. Содан өзімді де арқанмен ақ қардың үстіне секіртті. Қалың қар, мал ауладан шыға алмайды. Жем-шөп таусылған. Көтерем малдардың алды құлап өліп жатыр. Біздің қолдан келгені ықтырмаға байланған қамыс аула мен ертеректе салынған шом ауланың сабандарын бөліп беру ғана. Көзбен көріп, қолмен ұстап отырып осылайша бар жинаған малымның тең жартысынан айрылдым. Мұндай қатты қысқа ешқандай техниканың да, адамның да әлі келмейтініне көзім жетті. Тек мықтап дайындалу керек. Малдың жем-шөп қоры мол болып, аулаларға жақын жерлерге жинап, адамдардың азығы, дәрі-дәрмегі, тұрмыстық жабдықтарын алдын-ала жеткілікті мөлшерде апарып қойған дұрыс. Бір қызығы, сол тау төбе болып үйілген қар 27-28 наурыз күндері түгел еріп, су болып ағып жиналмастан жерге сіңіп кетті», – дейді ол.
Ел ішінде «Қоян жылы туған бала қорқақ, жылқы үркек келеді» деген сөз бар. Бұл жылдың ерекшелігін аңғартса керек. Майлықожа жыраудың жыр жолдарынан біраз нәрсені аңғарғандай екенбіз.
Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,
Қабағы шаруалардың болды салбыр.
Қысты күні болғанда қар тынбады,
Айуанға өлім жетті аштан әр бір.
Қоян жылы заманның тары болды,
Көктен құйған құдайдың қары болды.
Төрт аяқты айуандар баудай түсіп,
Пір тұтқан тұтам шөптің зары болды.
Осы шумақтар табиғаты жайлы Оңтүстік өңірде айтылғандығын еске алсақ, жазы ыстық, қысы қатты, шөл және шөлейт аудандардың сапындағы біздің өңір азаматтарына ой салуға тиіс. Ақыл айтар жасқа жетпесек те, өмірлік тәжірибемен бөлісер кезеңдеміз. Ортамызда қыстық мал азығын дайындамай қысқа түсетін мал иелері көбейіп кетті. Ол соңғы жылдары қыстың жайлы, мерзімі қысқа, аязы мен бораны көп болмауынан болар. Соның ішінде бастапқыда бағуға жеңілдігінен қызығушылықпен жылқы ұстаушылардың саны көбейіп, мал басы шектен тыс артып кетті. Кейбіреулері есепке де ілікпеген. Осындай жаз жайлауы, қыс қыстағы жоқ мал ұстаушылар «Жылқы бір жұттық» деген қазақы қағиданы берік ұстауы керек.
Мал жайылымдарында шөп түрлері мен құнарлылығы төмендегені байқалады. Осыдан төрт-түлік мал дұрыс қоректенбегендіктен түрлі табиғи ауруларға шалдығуда. Шаруашылық жетекшілері тәжірибелі мал дәрігерлерімен кеңесіп, маусымдық екпелер, дәрумендер арқылы малға күш беріп отыруы керек. Негізі 2-3 шаруашылық бірігіп, барлық індеттер мен қауіп-қатердің алдын алуда мал маманын ұстағаны дұрыс. Қадағалаусыз, күтімі жоқ малдан түрлі аурулар тарап айналасын бүлдіретіні белгілі. Осы жағдай іргелі шаруашылықтарға зиян келтіріп, тіпті барлық малына ауру жұқтыруы мүмкін. Сол себепті де аудан, ауыл мал мамандары даладағы мал ұстау ережелерін орындауда талапты күшейткендері орынды.
Қайткен күнде де қоян жылының жеңіл болмайтынын білсек керек. Сондықтан шаруалар алдын ала мал-жайын қамдап, кез келген қиындыққа дайын жүргені абзал. Әйтпесе, табиғаттың мінезіне жүрдім-бардым қарауға болмайтыны анық.
Мұрат САРМАНОВ