Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі Жамбыл жерінде ерекше тойлануда. Бір жетіден бері Әулиеата аспанын думанға бөлеген шаралар көпшіліктің көңілінен шығып, халық мәре-сәре күйге енген. Әсіресе, ұлттық ойындар ұлықталып, ұмытылғанымыз қайта жаңғырып жатыр. Бұл әрине, Ұлыс күнінің ұлылығын көрсетуде.
«Көрісу» күнінен басталған мерекелік шаралардың тұздығы – «Ер қаруы – бес қару» атты фестиваль болды. Ердің бес қаруына садақ, найза, қылыш, айбалта, шоқпар жататыны байырдан белгілі. Есте жоқ ескі заманнан бері батырлардың сайысында осы бес қару пайдаланылған. Бабадан балаға жеткен осы бай дәстүрді жаңғырту, болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында Наурыз мерекесіне орай Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде дүбірлі дода түндігін түрді. Садақ ату, кол күрес сынды ұлттық ойындарда жалпы алты команда бақ сынап, тарихтан тамыр тартқан дәстүрімізді дәріптеді.
Бұдан кейін ұмыт болған ұлттық ою-өрнегіміз ұлықталды. Алдымен, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қолөнершілердің туындыларымен танысып, ұлттық өнерімізді жаңғыртып жатқан жандарға алғысын білдірді.
– Қазақ халқының ою-өрнек өнері – әлімсақтан бері халқымызбен жасасып келеді. Сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани танымымен де астасып жатыр. Ою-өрнек – қазақ елінің мәдени дамуының шежіресі. Оның көне атауы – халықтың тарихы мен мәдениетін, ұлттық ерекшелігін, дүниетанымын сипаттайды.
Қазіргі жаһандану дәуірінде біздің қазақы ою-өрнегіміздің біршама түрі ұмытылып барады. Бұл өте өкінішті. Себебі бүгінгі өскелең ұрпақ қазақтың осы баға жетпес құндылығының маңызын түсініп, санасына тоқуы қажет.
Бүгінгі фестивальге қатысушылар ұмыт болған ұлттық құндылығымызды ұлықтап, келешек буынның санасына сәуле ұялатады деген сенімдемін.
Шараға қатысқан барша қолөнершілерге алғысымды білдіремін, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Фестиваль аясында «Шапағат» медалінің иегері, кәсіпкер Анар Бексұлтанова мен шәкірттерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылып, шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Жиылғандар рухани сусындап, Ұлыс күні қарсаңындағы шараға дән ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік шаралардың көркін «Анаға тағзым» орталығында ұйымдастырылған «Үкілі кәмшат» тігіншілер байқауы тіптен аша түсті.
Ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді сақтау әрі насихаттау, ұмыт болып бара жатқан құндылықтарымызды дәріптеу мақсатына негізделген шара барысында өз кәсібін жүргізіп отырған жас қыз-келіншектер бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Байқауда «Қазақ қыздарының әшекейлері» суретшілер көрмесі ұсынылып, қатысушылар «Көркіңнен сенің айналдым, еркем» және «Өнерлінің өрісі кең» атты екі кезең бойынша бақ сынады.
Ережеге сәйкес, әр қатысушы үйінен 3 түрлі баскиім түрін тігіп алып келді. Олардың бірі бүлдіршін қыздар киетін, екіншісі бойжеткендерге арналған, үшіншісі қыз ұзатылғанда киетін сәукеле тіккен. Сондай-ақ қатысушылар баскиімді тігу барысын көрсететін бейнероликтерін ұсынды. Баскиімдердің ішінде озық үлгілері қазылар алқасының ұйғарымымен ұйымдастырушылар тарапына қалдырылып, «Анаға тағзым» орталығының көрме залына қойылды.
Байқау нәтижесі бойынша таластық Гүлім Балықбаева бірінші орынды жеңіп алса, сарысулық Бибісара Сәруарова екінші орынға, Т. Рысқұлов ауданынан келген Назым Жанбосын үшін орынға лайық деп табылды.
Мерекелік шаралар аудандарда да кең көлемде аталып өтіп жатыр. Елді мекендер арасында, әсіресе сарысулықтардың бастамасы көптің ықыласына бөленді. Ұлыстың ұлы күніне орай аудан орталығы Жаңатас қаласында «Құрсақ шашу», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» сияқты салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп ғана қоймай, барлық мектепте бір мезетте домбырадан күй күмбірледі. Мектеп аулаларында бір уақытта шертілген күй үні жаңатастықтарды ерекше күйге бөледі.
Әз-Наурыз мерекесін өзге ұлт өкілдері де ерекше атап өтуде. Мәселен, күні кеше шаһар төрінде «Хазар» әзербайжандар этномәдени орталығы өзара түсіністікті, мейірімділікті, бірлікті, бейбітшілікті, келісімді бейнелейтін және барша қазақстандықтарды біріктіретін Ұлыстың ұлы күнін айрықша тойлады.
Кеш барысында Әзербайжан этномәдени бірлестік өкілдерінің арнайы қойылымдары, ұлттық билері, қызықты да таңғажайып ұлттық дәстүрлері айшықты көрініс тапты. Әзербайжандықтар мерекелік дастарқан мәзіріне де көп мән берген. Атап айтсақ, олар атауы «С» әрпінен басталатын жеті тағам түрін дастарқанға қоюды салт санайды. Сондай-ақ дастарқанға айна мен майшам қоюды дәстүрге айналдырған. Аталғандардың барлығының терең символикалық маңызы бар. Майшам – адамды зұлым күштерден сақтайтын жарық немесе от болса, айна – айқындық немесе Жаңа жылдың басталу уақытының белгісі екен.
Әзербайжан халқының үйлену дәстүрі көп жағынан қазақтың салтына ұқсас. Алайда босағадан аттаған келіннің алдына шыны ыдыс қойылып, ол оны аяғымен басып сындыратынын көріп таңдай қақтық. Бұл келіннің құрсағынан шыққан балалар сынған шыныдай көп болсын деген ырым екен.
Жалпы, мұндай мерекелік шаралар «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында балабақшаларда да ұйымдастырылған. Мұнда балғындарға әр ұлттың тағамдары ұсынылып, ұлттық ойындар ойнатылуда.
Осылайша, жамбылдықтар әз-Наурыз мерекесін айрықша тойлауда. Ең бастысы, халық ұлт пен ұлысқа бөлінбей, Ұлыстың ұлы күні бірлік пен ынтымақ күні деп тануда. Ендеше, Ұлыс оң болып, ақ мол болсын деп тілейміз!
Жамбыл облысы