Министрлік олимпиадаға қатысушылардың улану жағдайына түсінік берді
Министрлік олимпиадаға қатысушылардың улану жағдайына түсінік берді
Фото: yandex.kz
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі Шымкентте жаратылыстану-математика пәндері бойынша өтіп жатқан республикалық олимпиада кезінде оқушылардың улануына қатысты түсінік берді. ҚазАқпарат-тың мәліметінше, балалардың астан уланып қалғаны жөнінде әлеуметтік желілерде жазылған. Шағымдарға «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы да, Оқу-ағарту министрлігі де жауап берді. «21 наурыз күні олимпиаданың 904 қатысушысының 12-сінде дене қызуының көтерілуі, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы түрінде сырқат белгілері пайда болды. Шақырылған жедел жәрдемнің медицина мамандары қарап шыққаннан кейін балаларды Шымкент қаласының инфекциялық ауруханасына жеткізу шешімі қабылданды. Қазір балалардың жағдайы тұрақталды. Шымкент қаласының санитариялық-бақылау қызметі болған оқиғаның себебін анықтау шараларын жүргізіп жатыр. Балалар медицина мамандарының бақылауында. Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті аталған қатысушыларға психологиялық көмек көрсетуде», – делінген «Дарын» орталығының ресми мәліметінде. [caption id="attachment_246002" align="alignnone" width="1200"]олимпиада ©https://www.inform.kz/[/caption] Қазір олимпиаданың екінші кезеңі белгіленген уақытта басталған. Ауруханада жатқан 12 оқушы оған қатыса алмады. «Дегенмен   оқушылардың олимпаданың қорытынды кезеңіне жолдама алуы таңдаған пәні бойынша олардың жоғары дайындығын көрсетіп отыр. Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті жеңіске деген жігері үшін балаларға алғыс айтады және олимпиада нәтижесі бойынша олар ынталандырылатын болады», – деді орталықтан. Ал министрліктің мәліметіне сүйенсек, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Шымкентке вице-министр бастаған делегация жіберілген. «Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен вице-министр Шолпан Каринова, Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары, Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы бастаған жұмыс тобы сол жерге аттанып кетті (...) Жұмыс тобы әрбір мәселені мұқият тексеретін болады. Жағдай Оқу-ағарту министрлігінің жеке бақылауында», –  делінген министрдің баспасөз хатшысы Мереке Нұрмұханованың Facebook  пайдаланушысына берген жауабында.