Желіде 1 сәуірден бастап бүкіл әлем жаңа валютаға көшеді деген ақпарат тарады
Желіде 1 сәуірден бастап бүкіл әлем жаңа валютаға көшеді деген ақпарат тарады
789
оқылды
Әлеуметтік желілерде осы жылдың 1 сәуірінде бүкіл әлем жаңа валюта – CBDC-ге көшетіні туралы жазылуда. Бұл цифрлық ақша, ал қолма-қол ақшаға тыйым салынады-мыс. Бұған қандай да бір дәлел бар ма? Stopfake.kz сайты анықтады. CBDC – бұл нақты валюта емес, әртүрлі елдердің Орталық банктеріне тиесілі барлық цифрлық валюталардың жалпы атауы. Яғни, әр елде басып шығаратын ақша секілді, цифрлық валюта да болуы мүмкін. Бүгінде әлемде CBDC тоғыз елде іске қосылды. Көптеген басқа ел  CBDC енгізу мүмкіндігін әлі зерттеп жатыр немесе пилоттық жобалар әзірлеуде. Алайда  осы жылдың бірінші сәуірінде CBDC енгізілгені туралы бірде-бір ел жариялаған жоқ. CBDC-ны Қазақстанда да енгізу жоспарланып отыр. Еліміздің Ұлттық банкі цифрлық теңгені интеграциялау жобасын әзірлеуде. Алайда бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Жоспар бойынша цифрлық валютаның толық интеграциясы тек 2025 жылы жүргізілуі тиіс. Бұл ретте цифрлық теңгені енгізу қолма-қол ақшаны пайдаланудың күшін жоюды немесе оған тыйым салуды білдірмейді. Ол қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз төлемдермен қатар пайдаланылатын болады, бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің сайтында жазылған. Осылайша, 2023 жылдың 1 сәуірінде әлемде, нақты айтқанда Қазақстан жаңа цифрлық валютаға көшеді дегенге сенуге негіз жоқ.