Вице-министр Шымкентке олимпиадаға барып, уланып қалған 14 баланың денсаулығы туралы айтты
Вице-министр Шымкентке олимпиадаға барып, уланып қалған 14 баланың денсаулығы туралы айтты
Фото: kursiv.kz
686
оқылды
Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова уланып қалған оқушыларды денсаулығы туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Ол Facebook-тағы парақшасында жедел штаб құрылғаны туралы жазды. «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың өту барысын бақылау мақсатында Шымкент қаласына Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевпен бірге келдім. Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша олимпиадада орын алған мәселелерді анықтап, шаралар қабылдау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Штабтың құрамына министрлік өкілдерінен басқа Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті, Білім басқармасы өкілдері кірді. Шымкентке жетсімен олимпиадаға қатысушы оқушылармен кездесіп, жағдайын білдік. Командалардың жетекшілерімен кездестік, әңгімелестік. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып, бағын сынап жатыр. Олимпиада ережеге және бекітілген жоспарға сәйкес өткізіліп жатыр», – деді. Осы Олимпиадада 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ, бір оқушының денесі бөртіп, «желшешек» диагнозының белгілері байқалды. Ұйымдастырушылар дер кезінде тиісті шұғыл шешім қабылдаған. Жедел жәрдем шақырып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Балалардың хал-жағдайымен танысу үшін қала емханасының басшылығымен сөйлесіп отырмын. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қалыпты, тиісті ем қабылдауда. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитеті тарапынан оқушыларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы және санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментімен келісе отырып, балалардың тамақтану орны қалалық мектеп-гимназия асханасына ауыстырылды. Сонымен қатар, штаб отырысында әділқазылар алқасы мүшелерімен бірге ауырған мектеп оқушыларының олимпиадалық қорытындылары мәселесі қарастырылды. Әр бала бойынша әділ, объективті шешім қабылданады. Штаб мүшелерімен олимпиаданың қорытынды кезеңінің салтанатты жабылу рәсімін жұмыс тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жоғарыда орын алған жағдайға байланысты Шымкент қаласында 3-8 сәуір аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиаданың өткізу форматын өзгертіп, өңірлерде өткізу туралы шешім шығарылды. Қазіргі уақытта министрліктің барлық құрылымдық бөлімдері мән-жайды анықтау және олимпиаданы одан әрі өткізу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда. Бұл жағдай Оқу-ағарту министрінің жеке бақылауында. Вице-министр олимпиада аяқталғанша Шымкент қаласында болады.