Сатирамен сырласу
Сатирамен сырласу
254
оқылды
Осы ақындар жазған өлеңімен сырласады деп естиміз. Муза дей ме, әйтеуір бірдеңесі бар. Емшілер де ата-бабасының рухымен тілдеседі. Маған бір ой келді. Сатирамен оңаша сыр шертіп, ішімдегі жан дүниемді ақтарып, шынайы сезіммен сөйлесуге бел будым. Демалыс күні кеш бата есіктің алдына шығып аспанға қарап айқайладым. – Оо, Сатира қайдасың? Сатира деймін, жауап берші. Мен бұл өмірде сенсіз өзіңді жалғыз сезінемін. Бірдеңе жазар болсам біреулер жатып алып ренжиді. Не істеймін? Сатира, маған көмек берші. Мен жетіммін. Жалғызбын... Сатира, мені естіп тұрсың ба? Сәлден кейін дыбыс естілді. – Не болып қалды? – Сатирамысың? – Иә. – О, Тәңірім, саған мың алғыс! Сенімен үйдің артында сырласамын деп ойладым ба? Сатира, шынымды айтсам мен саған студент кезімнен бері ғашықпын. – Рас айтып тұрсың ба? – Әрине, саған деген ыстық сезімім әлі күнге дейін суыған емес. Бұрқырап қайнап тұр. Осы уақытқа дейін сенімен тілдесем деп ойламадым. Өйткені сенбедім. Не деген құдірет? Мен саған енді сенемін, Сатира! – Мына айтқандарың қызық болды-ау. – Сізге қызық болса, маған сізбен тілдесу арман ғой. Тап қазір төбем көкке сәл жетпей тұр. Әттең, сенің қасыңа барып, сатираны бұрқыратып жазсам ғой. – Не жазам дейсіз? – Сатира, сен туралы жаза бергім келеді. Бірақ жазған сайын басшыларым ренжіп, жақтырмай қалады. – Жындысың ба? Неменге жазасың? Ұят емес пе? – Қалай жазбаймын? Сатира, мен саған өлердей ғашықпын. Түсінші, бір күн қолыма қалам алмасам ауырып, мына дүниеге сыймай кетемін. – Біреу-міреу естіп қалмасын. – Естігені жақсы, әйтпесе мына жұрт маған сенбейді. Шіркін-ай, тап осы кездесуімізді бүкіл әлем білсе ғой. Дәрежем өсер еді. Хит боламын. – Не айтып кеттіңіз? Ыңғайсыз ғой. – О, Сатира саған деген махаббатым одан сайын ашылып, балқып барамын, – дей беріп едім. Басымнан біреу темір шелекпен бір қойды. Екі көзім жарқ етті. Дем арасында Сатираға деген сезімдерімді жоғалтып алдым. Әйелім екен. – Қайыршы, не айтып тұрсың? – Шаруаң болмасын, мен Сатирамен тілдесіп жатырмын. Сен оны үркітіп жібердің ғой. – Қайдағы Сатира? Сен манадан бері көршінің әйелі Қатирамен әңгімені бөсіп тұрсың ғой. – Қатира. – Иә. – Қой, мүмкін емес, ол – Сатира. – Атаңның басы Сатира, – деп түйенің жарты етіндей әйелім желкемнен қысып алып үйге қарай лақтырды. – Міне, саған Сатира, – деп басымнан тағы бір рет шелекпен сарт еткізді.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН