Астанада Qnet қаржылық пирамидасын құрды деген күдікті ұсталды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ведомствоның Астана қаласы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп Qnet қаржылық пирамидасын құруға және басқаруға қатысы бар деген адамды анықтаған.
«Бұл компания Астана мен Ақмола облысының аумағында 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеген. Күдікті жеке тұлғалардан тартылған қаражатты кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, Qnet қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырды. Схема бойынша ескі салымшыларды жаңа келгендердің жарналары есебінен қайта бөлу және байыту арқылы жүзеге асырылған. Qnet халықаралық компаниясының қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция қызметі түрінде жасырылған», – делінген хабарламада.Бірқатар шет елде Qnet компаниясы қаржы пирамидасы деп танылып үлгерген. Сондай-ақ оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне қосты. Өкілетті органның қорытындысына сәйкес компания салымшыларынан түскен түсім сомасы 463 миллион теңгені құрады. Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге 2 айға қамауда ұстау шарасына санкция берді.
М.ХАҚНАЗАР