Күш атасын танымас

Күш атасын танымас

Күн мен түн теңеліп, табиғат атаулы жаңаратын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әділет подполковнигі Бауыржан Камалиевтің жасаған ерлігі ел аузында жүр. Құқық қорғау саласының қызметкері бұл жолы әдеттегідей қандықол қарақшының жолын кесіп, баукеспе ұрыны қолға түсірген жоқ. Ол 13 тонналық МИ-17 тікұшағын 15 метр қашықтыққа дейін сүйреп апарып, рекорд орнатты. Нар тұлғалы жігіт бұған дейін локомотивтерді, аэробусты және джиптерді сүйреген еді. Бұл жолы оның жаңа рекорд орнатқанын мәлімдеді. Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалықтың өкілдері де оның бұл ерлігін еліміздің ғана емес, дүниежүзінің рекордтар кітабына енгізуге де негіз бар екенін алға тартты.

– Баршамыз куә болғандай, Бауыржан тікұшақты ерекше әдісі арқылы 15 метрге тартып, Қазақстан рекордын жаңартты. Сонымен бірге әлем рекордының көрсеткішін де өзгертіп жіберді. Жалпы, әлемде тікұшақтың өзге түрлерін дәл осындай салмақпен сүйрегендер бар. Ал бұл тікұшақты дәл осы салмақпен бірінші болып Бауыржан Камалиев тартты, – дейді Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.
15 жылдан бері Ішкі істер органдарында қызмет ететін Бауыржан Камалиев әуелі ауыр атлетикамен кейіннен спорттық экстрим түр­лерімен шұғылданған. Пауэрлифтингтен спорт шебері де атанып үлгерген. Бұған дейін 4 рет Қазақстан рекордын жаңартқан азамат дәл осы жолы жоғары нәтиже көрсету үшін әртүрлі спорттың тиімді тәсілдерін қолданғанын айтады.
– Күреспен айналысқанда спортшының тарту техникасы шыңдалады. Сол секілді армрес­тлингтің де тиімді тұсын алдым. Ал бокстағы көп жаттығу спортшының бүкіл денемен жұмыс істеуге бағытталған. Осылайша, әр спорттың өзіме керекті әдіс-айласын алып, дайындықты пысықтау рекорд орнатуыма көмегін тигізді, – дейді.
Бауыржанның батыл әрекетіне қолдау білдірушілердің қатарында әріптестерімен бірге Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов және Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов болды. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов рекордсменді алға қойған мақсатына жетуімен шын жүректен құттықтап, оған толағай табыс пен жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектес екенін білдірді. Сондай-ақ жиналғандардың алдында сержант Айдар Қасенов көзін байлап, Калашников автоматын бөлшектеп-жинаудан ерекше қабілеті мен ептілігін көрсетті. Көрермендерді подпол­ковник Әділхан Нұрғазин мықтылығымен таң­ғалдырды, ол екі 24 келілік гірді көтеру жаттығуын жасады. Мереке «Алатау серілері» триосының ән­шілері Қуаныш Ерзатұлы, Ағыбай Удешов, Бауыржан Нұрымбетовтардың «Домбыра» әнін шырқауымен аяқталды.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ