Балалар неден уланды?
Балалар неден уланды?
579
оқылды
Шымкентте жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға келген балалардың уланып қалуы және олардың қазіргі ахуалы бойынша брифинг өтті. Естеріңізге сала кетейік, 22 нау­рыз күні таңғы сағат 5:30-да Дулати кө­шесіндегі жатақханалардың бірі­нен қалалық жұқпалы аурулар ауру­ха­насына 15 бала жеткізілген. Дәрі­гер­лер науқастарды қабылдап, шұғыл түрде медициналық көмек көрсетті. Олардың бірінің денесі бөртіп, оған «жел­шешек ауыр дәрежедегі бөртпе ке­зеңі» диагнозы қойылған. Науқастың сөзінше, 20 наурыз күні қызуы көтеріліп, 22 наурызда де­несіне бөртпелер шыққан. Қазір ба­ланың жағдайы тұрақты, тем­пе­ратурасы қалыпты. Денсаулық сақ­тау бас­қармасы тарапынан ме­ди­ци­на­лық қызметкерлер 3-жатақхана ба­за­­сында кезекшілік етуде. Сондай-ақ пәндік олимпиада өтетін М.Әуе­зов атындағы ОҚМУ-де жедел жәр­дем қызметкерлерінің кезекшілігі ұйым­дастырылған. Брифингте Шымкент қалалық Ден­саулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бө­лімінің басшысы Инна Глазебная бүгінде балалардың жағдайы тұрақты екенін жеткізді. «Балалардың нақты қандай тағамнан уланғаны белгісіз. Се­бебі олар суши, бургер, шоколад, түр­лі салаттар жегенін айтады. Ба­ла­л­ар бұл тағамдарды негізінен сырт­тан алған. Тіпті, жолда келе жатқанда пойыз­да қолданған тағамдардан да улануы мүмкін. Бүгінде жатақханаға бір ғана тасымалдаушы тағам әкеледі. Оның барлығы да тексеріліп жатыр. Сараптама қорытындысынан соң белгілі болады», – деді ол. Қазірде ди­намика бойынша балалардың жағдайы жақсаруда, қанағат­та­нар­лық. Олар емдеу хаттамалары бойын­ша ем алуда. Ішек-асқазан сырқаты диаг­ноз­дармен ауруханаға түскен 2005-2009 жыл­дар аралығында туған балалар – «Дарын» республикалық ғылыми-прак­тикалық орталығының оқушы­лары. Пәндік олимпиадада жоғары же­тіс­тікке жеткен олар енді респуб­ли­­калық байқауға қатыса алмай отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова да пікір білдірді. Министрдің тікелей тапсырмасымен олимпиадада болған мәселелерді анықтап, шаралар қа­был­дау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылған. Вице-министр Шымкент қаласының санитарлық-эпи­демиологиялық қызметі жағдай­дың туындау себептерін анықтау бойын­ша барлық қажет шараларды қа­былдап жатқанын жеткізді. Бала­лар­дың тамақтану орны қалалық мек­теп-гимназия асханасына ауыс­ты­рылған. «Штаб отырысында қазы­лар алқасы мүшелерімен бірге нау­қастанып қалған мектеп оқушы­ла­рының олимпиадалық қорытынды­лары мәселесі қарастырылды. Әр ба­ла бойынша әділ, объектив шешім қабылданатын болады», – деді ол. Сонымен қатар Шымкент қала­сын­да 3-8 сәуір аралығына жос­пар­лан­ған қоғамдық-гуманитарлық ба­ғыттағы олимпиаданы өткізу форма­ты өзгерді. Аталмыш жағдайға бай­ла­нысты олимпиаданы өңірлерде өт­кізу қарастырылмақ. Ал қазіргі жаратылыстану-мате­ма­тикалық бағыттағы пәндер бойын­ша республикалық олимпиадаға 891 оқушы қатысып жатыр.

Шымкент қаласы