Шымкентте жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға келген балалардың уланып қалуы және олардың қазіргі ахуалы бойынша брифинг өтті. Естеріңізге сала кетейік, 22 наурыз күні таңғы сағат 5:30-да Дулати көшесіндегі жатақханалардың бірінен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 15 бала жеткізілген. Дәрігерлер науқастарды қабылдап, шұғыл түрде медициналық көмек көрсетті. Олардың бірінің денесі бөртіп, оған «желшешек ауыр дәрежедегі бөртпе кезеңі» диагнозы қойылған. Науқастың сөзінше, 20 наурыз күні қызуы көтеріліп, 22 наурызда денесіне бөртпелер шыққан. Қазір баланың жағдайы тұрақты, температурасы қалыпты. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медициналық қызметкерлер 3-жатақхана базасында кезекшілік етуде. Сондай-ақ пәндік олимпиада өтетін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де жедел жәрдем қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. Брифингте Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная бүгінде балалардың жағдайы тұрақты екенін жеткізді. «Балалардың нақты қандай тағамнан уланғаны белгісіз. Себебі олар суши, бургер, шоколад, түрлі салаттар жегенін айтады. Балалар бұл тағамдарды негізінен сырттан алған. Тіпті, жолда келе жатқанда пойызда қолданған тағамдардан да улануы мүмкін. Бүгінде жатақханаға бір ғана тасымалдаушы тағам әкеледі. Оның барлығы да тексеріліп жатыр. Сараптама қорытындысынан соң белгілі болады», – деді ол. Қазірде динамика бойынша балалардың жағдайы жақсаруда, қанағаттанарлық. Олар емдеу хаттамалары бойынша ем алуда. Ішек-асқазан сырқаты диагноздармен ауруханаға түскен 2005-2009 жылдар аралығында туған балалар – «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының оқушылары. Пәндік олимпиадада жоғары жетістікке жеткен олар енді республикалық байқауға қатыса алмай отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова да пікір білдірді. Министрдің тікелей тапсырмасымен олимпиадада болған мәселелерді анықтап, шаралар қабылдау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылған. Вице-министр Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың туындау себептерін анықтау бойынша барлық қажет шараларды қабылдап жатқанын жеткізді. Балалардың тамақтану орны қалалық мектеп-гимназия асханасына ауыстырылған. «Штаб отырысында қазылар алқасы мүшелерімен бірге науқастанып қалған мектеп оқушыларының олимпиадалық қорытындылары мәселесі қарастырылды. Әр бала бойынша әділ, объектив шешім қабылданатын болады», – деді ол. Сонымен қатар Шымкент қаласында 3-8 сәуір аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиаданы өткізу форматы өзгерді. Аталмыш жағдайға байланысты олимпиаданы өңірлерде өткізу қарастырылмақ. Ал қазіргі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 891 оқушы қатысып жатыр.
Шымкент қаласы