Қызылордада балықтың ерекше түрі өсіріледі. Африкалық жайын балығын Сыр табиғатына бейімдеуді шиелілік кәсіпкер қолға алып отыр. Тың кәсіпті меңгерген кәсіпкер ыстық белдеуде ғана кездесетін балықтың бұл түрін өзімізде өсіруге ниетті. Тың кәсіпті бастаған Шиелі ауданы Бидайкөл ауылының тұрғыны Мұрат Қалиевтің алға қойған мақсаты асқақ. Африкалық жайын балығын Сыр өңірінің табиғатына жерсіндіруді мақсат тұтқан ол өз кәсібін бастамас бұрын ұзақ ізденген. Балықтың осы ерекше түрі жайында көптеген ақпарат жинақтаған. Негізінде, балықтың аталған тұқымы көбіне Африка елінде өсіріледі. Сондай-ақ Сахара су қоймаларында, Иордания өзені бассейндерінде, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жиі кездеседі. Сондай-ақ бұл балық қабыршақты әрі терісі судың түсіне байланысты болып келеді. 1-1,5 жылдан кейін уылдырық шаша бастайды. Уылдырығының салмағы 400-500 грамм, ал ұзындығы 300-400 миллиметр болады. Жалпы, көбіне ыстық аймақтарда тіршілік ететін болғандықтан, кәсіпкерге бұл балық түрін Сыр табиғатына бейімдеу оңайға соқпаса керек. Өйткені суыққа төзімсіз келеді.
«Жайын балығының африкалық тұқымын көршілес Өзбекстаннан арнайы тапсырыспен алдық. Көрші мемлекетте бұл балық түрін өсіру жақсы дамыған. Негізінен, Өзбекстанда тоғанды балық шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан да ол жақта бұл балықты бейімдеуде еш қиындық туындамайды. Өткен жылы африкалық балықты өзімізде өсіруге деген қызығушылық пайда болды. Сол мақсатта 2022 жылдың тамыз айында 2 500 жайын шабағын алдырдым. Үйімнің ауласына арнайы қауыз жасатып, сол жерде өсіріп отырмын», – дейді Мұрат Қалиев.Кәсіпкердің айтуынша, жайын балығының бұл тұқымы тез салмақ жинайтындықтан, етті болып келеді. Жыртқыш санатына жататын балықты жақсы баптаса, әр шабағы 3 келіге дейін тартатын көрінеді. Сондықтан бұл теңіз байлығын өсіріп, көл-көсір табысқа кенелуге болады екен.
«Африкалық жайын балығының шабақтарын қауызда +28 градус температурада ұстап отырмыз. Қалай дегенде де, Өзбекстанмен салыстырғанда Қызылорданың ауа райы бұл балықтың өсуіне жайсыз. Сол себепті жасанды жылы температураны қолдануға мәжбүрміз. Әсіресе, қыс мегілінде оны күтіп-баптау оңай болмайды. Соған орай бұл балықты көктем мен жаз мезгілінде өсіріп, күн суытатын уақыт таянғанда экспортқа шығарамын», – дейді кәсіпкер.Еліміздің табиғатына таңсық балық түрін өсіруді қолға алған кәсіпкер өз кәсібін кеңейтуді де көздейді. Осы мақсатта алдағы сәуір айында Өзбекстаннан қосымша 30 мың шабағын алдыруды жоспарлап отырғанын айтады. Сонымен қатар шағын тоған шаруашылығын құрмақ ниеті бар. Бұл жоспары ауыл әкімдігі тарапынан да қолдау тауыпты. Осылайша, табиғатынан батпақты су қоймаларына бейім балықты тез көбейтуге болатынын алға тартады. Кәсіпкер балық жемін Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алдырып отыр. Салмағы үш келіге жеткен шабақтарды Қытайға экспорттауды да жолға қойыпты. Себебі көршілес елде балықтың бұл түріне сұраныс өте жоғары болса керек. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтарға шабақтарын сатуды да көздейді. Тоған шаруашылығын өрістетуге бет бұрған кәсіпкердің алға қойған жоспары ауқымды. Тоған шаруашылығын ашу арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға ниет білдіріп отыр. Келешекте өзбекстандық әріптестермен келісімшарт негізінде уылдырық шайқау цехын іске қосып, өзге балық түрлерін өсіруді де қолға алғысы келеді.
Қызылорда облысы