Бастығы миллиондаған қарызға батырған бойжеткен оқиғасымен бөлісті
Бастығы миллиондаған қарызға батырған бойжеткен оқиғасымен бөлісті
8,628
оқылды
Алматылық бойжеткен колледжді бітіре салып, сату бойынша менеджер болып жұмысқа кірген. Өзінің ұқыптылығы мен жауаптылығының арқасында «бастығымның көзіне түстім» деп ойлаған бойжеткен қатты шатасқанын айтады. Сөзінше лауазымға қызықтырған бастығы жас қыздың мойнына миллиондарды іліп, темірторға тоғыта жаздаған. Бұл жағдайды бойжеткеннің өзі КҮН.КЗ тілшісіне баяндап берді.
«Мен колледжді бітіріп, осы жұмысқа жастайымнан кірістім. Бастығым үш жылдық тәжірибемнен кейін маған ұсыныс айтты. Ол өзі басқа қалада көп жүретіндіктен, айлығыма 30 мың теңге ғана қосып, маған директор болуды тапсырды. Әрине, жаспын, лауазымға қызықтым. Біздің компанияда бас есепші деген болмады. Заңгерлер бір қағаздарды дұрыстап отырды, есепші менің қолымды қойдырып, талай құжат рәсімделді. Салық комитетінен тексеру келгенде барып өзімнің дұрыс істемегенімді түсіндім. Тексеріс қорытындысы бойынша, мен ұстамаған, өмірімде көрмеген ақшаны ұрлаған болып шықтым. Іс сотқа кеткенде барып мен есімді жинап, заңгер жалдадым. Білікті заңгердің арқасында қол қойған құжаттарымның барлығы түсінбестікпен қойылғанын дәлелдеп шықтық. Ендігіде өзім түсінбейтін жерде лауазымды қызметке қызықпайтын болдым. Өзгелерге де сабақ болса екен. Өйткені менің бұрынғы бастығым сияқтылар, жастарды алдап соғуға тырысады. Өзгенің қолымен жалған жолмен ақша тапқылары келеді. Лауазым ұсынғанда жұмысты білсеңіз ғана барыңыз. Тіпті, ақша айналымы болған жерде туысыңызға да сенбеңіз дегім келеді. Өзім сияқты жас қыздарға сабақ болса екен менің оқиғам»,– дейді есімін жасырған бойжеткен.
Қыруар қаржыны қайдан аламын деп басы қатқан бойжеткенді заңгер Нұрболат Ибраев сотта ақтап шыққан.
«Сот істі үш ай қарады. Барлық айғақтар мен дәлелдерді жинап, бұл бойжеткеннің 42 миллион теңгені ұстап та көрмегенін дәлелдеп шықтық. Маған тура осылай алданғандар көптеп хабарласады. Бұл бір кеңінен жайылған қылмыстық іс десем болады. Жастар лауазымға қызығып, аты дардай компания басшыларына алданып қалмаса екен деймін. Кей жағдайда мұндай қитұрқылықтың қылмысын ашу ұзаққа созылып кетеді. Бұл жолы қарсы тарап қайта шағым түсірместей етіп дәлелдеп шықтық»,– дейді заңгер.