Алаяқтықтың жаңа тәсілі
Алаяқтықтың жаңа тәсілі
Алаяққа алданып, 530 мың теңгесінен айы­рыл­ған. Бұл жолы Петропавл тұрғынына банктен емес, Әділет депар­та­ментінен хабарласыпты. Сөйтіп, зейнеткердің қар­жысын қолды қылған. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, зейнеткерді құрыққа түсіру үшін бірнеше алаяқ бірігіп, әрекет етіпті. Ақырында әйел алаяқ­тардың арбауына түсіп, 530 мың теңгесінен айырылған. Әуелде оған Әділет де­пар­таментінің заңгері хабар­лас­қан. Кейін ұялы байланыс­тың на­шар­лығына шағымданып, WhatsApp арқылы сөйлесуді ұсынады. Зейнеткерді көндірген соң ол аллергенді препаратты жеткі­зуімен айналысқан белгілі бір компания әшкереленгенін және дәріні пайдаланғандарға үлкен көлемде өтемақы төленетінін жеткізген. Біршама уақыттан кейін жә­бірленушіге «қаржыгер» мен «қа­зынашы» хабарласады. Ақы­рында «өтемақы» алу үшін олар әйелді «сақтандыру», «тексеру» және «транзакция» секілді опе­рациялардың ақысын төлеу керек екенін ескертеді. Қолында бар қаржысы жет­пеген соң қария таныстарынан қарыз ала бастайды. Әуелі 69 800 теңге, кейінірек 190 мың және 270 мың теңге аударған. Алаяқтар мұнымен тоқтамай, өтемақы со­масы көбейгенін айтып, тағы 310 мың теңге сұрайды. Мұның алаяқтардың іс-әре­кеті екенін сезген танысы зей­неткерге полицейлерге шағым­дануға кеңес береді. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 190-ба­бының 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізі­лі­мінде тіркеліп, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Қазір алаяқтар зейнеткерлерді жиі «торға» түсіре бастады. «Сақ­тансаң – сақтайды» деген, алаяқтың арбауына түсуден сақ болған жөн.