Дәрігерлер де донор бола алады
Дәрігерлер де донор бола алады
«Қарағанды облысында донор жоқтығынан қара­ғандылық дәрігерлер қан тапсырып жатыр» деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Бірақ бұған облыстық қан орталы­ғы­ның айтар өз уәжі бар. «Өңірде өмірлік маңызды компоненттердің жоқтығынан қарағандылық дәрігерлер қанды өздері тапсырады. Әсіресе теріс Rh факторымен қажет. Қанға онкология және күйік бөлім­дерінде сұраныс жоғары» дегенді оқып, «шынымен жағдай қиын­дап кеткен бе?» деген сұрақ туындағаны рас. Негізінде, қан – адам ағза­сының маңызды бір бөлігін құ­райды. Онсыз өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан көп мөлшерде қан жоғалту өте қауіпті. Дегенмен мамандар түрлі жағдайда қанның 40 пайызын жоғалтқан ағзаға тез арада қайта қан құйса, аман алып қалуға мүмкіндік бар екенін айтады.
– Бізде түрлі акциялар өтіп тұрады. Әр мекеме шақырып, қызметкерлері өз еріктерімен қан тапсырады. Медицина саласында жүрген әріптестерімізге де донор болуға тыйым жоқ. 24 наурыз күні болған бірреттік акция үшін «қан таусылып, дәрігерлердің бәрі донор болуға кезекте тұр» деген бекер сөз. Демалыс күндері көп болғандықтан наурыз айында донорлардың саны азайғаны рас. Дегенмен бұл қан тапсыру­шы­лардың саны кемігенін біл­дір­мейді. Оның үстіне, мерекелік кештерде көпшілік, ащы та­ғамдарды жейді. Ішімдік іше­тін­дер де болады. Мұндай жағдайда біз қан ала алмаймыз, – дейді Қарағанды облыстық қан орта­лығының жалпы тәжірибелік дәрігері Роза Сланбекова.
Негізінде, орталықта қанның қоры жеткілікті екенін алға тарт­қан маман қажеттілікке сай қан банкісінің қорын толықтыруы керектігіне тоқталды.
– Бізге барлық түрдегі қан донорлары қажет. Кез келген адам донор бола алмайды. Олар 18 жастан асқан, сонымен қатар тиісті медициналық көрсеті­лімдерге сай келуі керек. Атап айтқанда, жүректің, бүйректің, бауырдың созылмалы аурулары, бұрын жұқпалы аурулар, соның ішінде гепатит, АИТВ-инфек­циясы, мерез, туберкулезке шал­дықпағандар қан алынады. До­нордың салмағы 55 келіден асуы керек, – дейді Роза Мұхтарқызы. Мамандар қан тапсырудың адам ағзасына пайдалы екенін алға тартады. «Біз адамнан 500 миллиграм қан алғанда, ол сол көрсеткішке азаяды. Бірақ оның орнын толтырып бермеге­ні­міз­бен, қанда жаңа жасушалар пайда болып, қайтадан толығады. Бір сөзбен айтқанда, адам ағзасы жа­ңарады. Сондықтан донор болу­дың ешқандай зияны жоқ, ке­рісінше өте пайдалы. Қан тап­сыр­ған адамдардың өздері де айтып жатады, қайтадан күш жинап, әлденеміз деп», – дейді дәрігер.
Әрине, қан тапсыруға қатыс­ты алыпқашпа әңгімелерді жиі естіп жатамыз. Ондайлар «бір рет қан тапсырғандар кейін осы процедураға тәуелді болып қа­лады» дегенді айтады. Әйтсе де, мамандар бұл әңгіменің де шын­дыққа жанаспайтынына назар аударды. Кейде оқыс жағдайға тап болғандардың туған-туыстарын жинап, қан алып жататынын да байқап жатамыз. Мұны маман­дар туыстық донор ұғымымен байла­ныстырады.
«Науқасқа ота жасар кезде сақтану үшін туыстарынан қан сұраймыз, бірақ мәжбүрлемей­міз. Соны адамдар дұрыс түсін­бей әлеуметтік желіге таратып жі­береді. Сондықтан жалған ақпа­раттқа сене бермей, алдын ала біздің орталыққа хабарласып біліп алған жөн», – дейді маман.
Уайымға еш негіз жоқ. Қан орталығы талапқа сай жұмыс істеп тұр. Ондағы қан қоры да жеткілікті. Бұған көзіміз анық жетті. Сондықтан донорлыққа байланысты қаңқу сөздерге ермей тек ресми мәліметтерге сенген жөн.

Қарағанды облысы