«Қарағанды облысында донор жоқтығынан қарағандылық дәрігерлер қан тапсырып жатыр» деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Бірақ бұған облыстық қан орталығының айтар өз уәжі бар. «Өңірде өмірлік маңызды компоненттердің жоқтығынан қарағандылық дәрігерлер қанды өздері тапсырады. Әсіресе теріс Rh факторымен қажет. Қанға онкология және күйік бөлімдерінде сұраныс жоғары» дегенді оқып, «шынымен жағдай қиындап кеткен бе?» деген сұрақ туындағаны рас. Негізінде, қан – адам ағзасының маңызды бір бөлігін құрайды. Онсыз өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан көп мөлшерде қан жоғалту өте қауіпті. Дегенмен мамандар түрлі жағдайда қанның 40 пайызын жоғалтқан ағзаға тез арада қайта қан құйса, аман алып қалуға мүмкіндік бар екенін айтады.
– Бізде түрлі акциялар өтіп тұрады. Әр мекеме шақырып, қызметкерлері өз еріктерімен қан тапсырады. Медицина саласында жүрген әріптестерімізге де донор болуға тыйым жоқ. 24 наурыз күні болған бірреттік акция үшін «қан таусылып, дәрігерлердің бәрі донор болуға кезекте тұр» деген бекер сөз. Демалыс күндері көп болғандықтан наурыз айында донорлардың саны азайғаны рас. Дегенмен бұл қан тапсырушылардың саны кемігенін білдірмейді. Оның үстіне, мерекелік кештерде көпшілік, ащы тағамдарды жейді. Ішімдік ішетіндер де болады. Мұндай жағдайда біз қан ала алмаймыз, – дейді Қарағанды облыстық қан орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Роза Сланбекова.Негізінде, орталықта қанның қоры жеткілікті екенін алға тартқан маман қажеттілікке сай қан банкісінің қорын толықтыруы керектігіне тоқталды.
– Бізге барлық түрдегі қан донорлары қажет. Кез келген адам донор бола алмайды. Олар 18 жастан асқан, сонымен қатар тиісті медициналық көрсетілімдерге сай келуі керек. Атап айтқанда, жүректің, бүйректің, бауырдың созылмалы аурулары, бұрын жұқпалы аурулар, соның ішінде гепатит, АИТВ-инфекциясы, мерез, туберкулезке шалдықпағандар қан алынады. Донордың салмағы 55 келіден асуы керек, – дейді Роза Мұхтарқызы. Мамандар қан тапсырудың адам ағзасына пайдалы екенін алға тартады. «Біз адамнан 500 миллиграм қан алғанда, ол сол көрсеткішке азаяды. Бірақ оның орнын толтырып бермегенімізбен, қанда жаңа жасушалар пайда болып, қайтадан толығады. Бір сөзбен айтқанда, адам ағзасы жаңарады. Сондықтан донор болудың ешқандай зияны жоқ, керісінше өте пайдалы. Қан тапсырған адамдардың өздері де айтып жатады, қайтадан күш жинап, әлденеміз деп», – дейді дәрігер.Әрине, қан тапсыруға қатысты алыпқашпа әңгімелерді жиі естіп жатамыз. Ондайлар «бір рет қан тапсырғандар кейін осы процедураға тәуелді болып қалады» дегенді айтады. Әйтсе де, мамандар бұл әңгіменің де шындыққа жанаспайтынына назар аударды. Кейде оқыс жағдайға тап болғандардың туған-туыстарын жинап, қан алып жататынын да байқап жатамыз. Мұны мамандар туыстық донор ұғымымен байланыстырады.
«Науқасқа ота жасар кезде сақтану үшін туыстарынан қан сұраймыз, бірақ мәжбүрлемейміз. Соны адамдар дұрыс түсінбей әлеуметтік желіге таратып жібереді. Сондықтан жалған ақпараттқа сене бермей, алдын ала біздің орталыққа хабарласып біліп алған жөн», – дейді маман.Уайымға еш негіз жоқ. Қан орталығы талапқа сай жұмыс істеп тұр. Ондағы қан қоры да жеткілікті. Бұған көзіміз анық жетті. Сондықтан донорлыққа байланысты қаңқу сөздерге ермей тек ресми мәліметтерге сенген жөн.
Қарағанды облысы