БҚО-да есірткі сатқан адам 11 жылға сотталды
БҚО-да есірткі сатқан адам 11 жылға сотталды
943
оқылды
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен облыстың 29 жастағы тұрғыны аса ірі мөлшерде есірткі сатқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. 2022 жылғы жазда күдікті Telegram-дағы каналға тіркеліп, есірткі сатуды жоспарлаған. Ол мұны істеу үшін әлеуметік желі қолданушысымен байланысып, Оралда есірткіні заңсыз өткізу туралы келісім жасасқан.
Қылмыстық ниетін орындау мақсатында өзінің "кураторынан" қосымша арқылы 100 мың теңге алып, пәтер жалдап, есірткіні буып-түюге және салмағын өлшеуге арналған электронды таразы, зип-пакеттер, түрлі түсті изолента мен скотч сатып алған.
Әрі қарай есірткі жасыру орындарының координаттарын алып, тыйым салынған заттарды жасырып кеткен. Содан кейін ол жалға алған пәтеріне оралған.
"Жедел іс-шаралар барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері күдіктіні пәтерге жақын жерден ұстады. Ол өзімен бірге болған есірткі салынған пакетті лақтырып, жасырынбақ болған. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған заттар синтетикалық есірткі "мефедрон" болып шықты. Салмағы шамамен бір келі болады", – деді Polisia.kz.