«Көпен келе жатыр!..» атты бестомдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

«Көпен келе жатыр!..» атты бестомдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

Елордада Ұлттық академиялық кітапханада жазушы-сатирик, қоғам қайраткері Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр!..» атты бестомдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.  Шараның ашылу рәсімін журналист Шархан Қазығұл жүргізе отырып, Көпен Әмірбекті жайында жылы естеліктерімен бөлісті. «Көпекең көзі тірісінде көргенімде, өзім Аристотелдің бас-сүйегін көргендей боламын. Қолына қалам алғандар сатирик бола алмайды. Ол оңай емес. Сатирик болу үшін жартылай философ болу, философ болу үшін жартылай сатирик болу керек. Ақиқаттың барлығы философияда. Сол философияны, ақиқатты айту үшін сатирик болу міндетті. Осы тұрғыдан алғанда Көпен Әмірбек қазіргі заманғы қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше қаламгер деп айтуға болады, деді ол. Сатирик Көпен Әмірбек көзі тірі болғанда 73 жасқа толар еді. Қазақта “жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген тәмсіл бар. Осы тұрғыда жазушы-сатирик Көпен Әмірбектің “Көпен келе жатыр!…” атты 5 томдық шығармалар жинағын өзі жинақтап, кітаптың тұсаукесерін жасамақ болған. Келіншегі Әйгерім Асанованың айтуынша, жинақты қалың оқырманға таныстырып, жеткізуді аманат деп білген. 5 томдық жинақ шықты дегенін естіп, таңданғаным рас. Ең әуелі Көпекең қай уақытта жазып үлгерген деп ойладым. Юмор бар жерде адамның жасампаздығы көрінеді. Осы тұрғыдан қарағанда Көпен Әмірбек өткен ғасырдың 70-80-90 жылдарында қазақ мәдениетіне атқарған рөлі елеулі. Халқымызға ежелден тән қалжыңды, өткір сөзді, сын-сықақты жаңа бір биікке көтерген. Оспанханның даңқты дәстүрін жалғастырған жұлдызды ізбасары. Көпенді анық мойындаудағы дүние оның есімі, деді Сауытбек Абдрахманов. Көпен Әмірбектің әр жылдары жарық көрген «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Мың бір мысал», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Өзіңді танисың ба?», «Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін», «Көкемнің көзі», «Із», «Па, шіркін, пародия», «Жұма сәлем», «Жігіттер жиыны» атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танылған болатын. Ал осы жолғы жинақ 500 данамен шыққан. Кітаптың бірінші томы сатираға арналса, екіншісі Көпен Әмірбектің сұхбаттары жинақталып, соңғы бөлімі фотоальбом ретінде жарық көрген. Сатира саласында Көпен Әмірбектің орны да, аты да, еңбегі де ерекше. 2000 жылдары сайлауға Көпен аға да қатысқан. Жолы болмай, өтпеді. Сол жағдайдан кейін бір күні кездесіп қалдық. Өзіңіздің үніңізді танытып, сатира саласында емін-еркін жүре бермейсіз бе деп жұбату сөздерін айтқан едім. Содан кейін «Көпен келе жатыр!..» деген жоба басталып кетті. Сол атпен міне, халыққа жатталып қалды. Айқын газетінде «Ара» атауымен арнайы номер жазылып келе жатыр. Бұл да Көпен ағаға көрсетілген құрмет деп білеміз, – деді сенатор, публицист Нұртөре Жүсіп. Сонымен қатар, тұсаукесер рәсіміне Бердібек Сапарбаев, Жарылқап Бейсенбай, Дархан Мыңбай, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров, Дихан Қамзабекұлы және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Өмірінің соңғы жылдарында Көпен Әмірбек Aiqyn республикалық қоғамдық-саяси газетінің «Ара» қосымшасында редакторлық қызмет атқарған. Газеттің аталмыш қосымшасы әлі күнге дейін тұрақты түрде шығып тұр. Негізі  Көпен Әмірбек бұған дейін «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, «Білім және еңбек», «Ара-Шмель» журналында жауапты хатшы, ҚР Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеген. Сондай-ақ «Ара» журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.