Мақсат – кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру
Мақсат – кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру
223
оқылды
Мәулен ӘШІМБАЕВ, Парламент Сенатының Төрағасы: Кеше VIII сайланған Парламенттің бірін­ші сессиясы ашылды. Жиын бары­сында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент сайлауында бәсекелестік пен азаматтық белсенділіктің жоғары бол­ғанын атап өтті. Соның нәтижесінде Мәжіліске қазақ­стандық қоғамның бүгінгі идеологиялық көзқарасын білдіретін алты партия өтіп отыр. Ал депутаттардың бірмандатты ок­ругтер бойынша және өзін-өзі ұсыну арқылы сайлануы Парламентте әртүрлі әлеуметтік топтың мүддесін қорғауға мүм­кіндік береді. Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің жаңа кезеңдегі даму басымдықтарын бел­гілеп, Парламенттің алдына нақты мін­деттер қойды. Соған сәйкес жоғары өкілді орган еліміздің қарқынды дамуы үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыруы керек. Алда тұрған міндеттердің бірі – кәсіп­керлікті экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру. Сондықтан іскерлік белсен­ділікті ынталандыру қажет. Ол үшін шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың тиімді шаралар кешенін қолға алған жөн. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкімет пен депутаттық корпусқа тиісті міндеттер жүктеді. Сонымен қатар Президентіміз жекемен­шікті қорғау нарықтық экономиканың негізі екенін ескеріп, сот және құқық қорғау жүйе­сін реформалауды жалғастыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау аса маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігін қам­тама­сыз ету, адам капиталының сапасын арт­тыру, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы аза­мат­­тарды қолдау мәселелері де басты назарда. Одан бөлек, адам құқықтарын қорғау жү­йесін нығайту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру міндеті де жүктелді. Мемлекет басшысы елімізді дамыту бағ­дарын іске асыру үшін сапалы парламенттік бақылаудың маңызды екеніне назар аударды. Сондықтан депутаттар азаматтармен кері байланыс орнатып, олардың мүддесін дәйекті түрде қорғау арқылы билік пен қоғамның арасындағы алтын көпір болуға тиіс. Мұның бәрі VIII сайланған Парла­менттің алдында ауқымды және маңызды міндеттер тұрғанын көрсетеді. Оларды іске асыру жо­лын­да Сенат депутаттары азаматтық қоғаммен тұрақты диалог құрып, ортақ мүддеге сарап­шылар мен белсенді азаматтарды жұмылдыра отырып жұмыс істейді.