Ағаш ексең, күтімін де ұмытпа!
Ағаш ексең, күтімін де ұмытпа!
574
оқылды
Жамбыл облысында «2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспарға сәйкес, 140,8 млн дана ағаш көшетін отырғызу көзделген. Ал биылғы жылы 16 млн 655 мың дана тал егіледі деп ме­желен­ген. Мұн­дай үлкен көлемде отырғызылатын көшеттерге қазір көп­­шілік таңырқай қарап отыр. Біреулер бұл тек сұлу статис­тикаға түзіл­ген сан­дар десе, екіншілері мұнша ағаштың тамыр тартып, өніп кететініне сен­бейді. Осы­лайша, тағы қыруар қаржы құмға сіңген судай бола ма деп қауіп қылады. Бұқараның бұлайша базына айтуы орын­ды. Себебі жылда мың­даған көшет ағаш­тары отыр­ғызылғанымен, оның аз ғана пайызы көгереді. Қалғандары қурап, құр бұталары қалған. Мұны жергілікті би­лік те мойын­дап, жиындарда жауаптылар­дың жұмысын сын тезіне алғанымен одан шығып жатқан нәтиже ша­малы. Десе де, «2021-2025 жыл­дары ормандарды молық­тыру және молайту туралы» кешенді жос­пар өз жемісін беретініне шен­ділер сендіруде. Жалпы, кешенді жоспар бойынша 2021-2022 жылдары 35,1 млн дана ағаш отыр­ғызылған. Оның қаншасы өніп, қан­шасы қурап кеткені туралы нақты ақ­парат жоқ. Жауаптылар тек бол­жам айтады. Ал 2023-2025 жыл­дары 105,5 млн ағаш отыр­ғы­зылмақ. Оның 16 миллион 655 мың кө­шеті биыл егіледі. Көшет­тердің арасын­да сексеуіл, қарағаш және тағы да басқа талдар бар. Бұл туралы облыстық Табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Башанов айтып отыр.
– Бүгінгі күнге 5 670 гектар жерді да­йын­­­дау жұмыстары толығымен аяқтал­ды. Қазір 16 651,0 мың дана сек­сеуіл және қарағаш көшеттерін тұқым­бақтардан қазу жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі ор­ман отырғызу жұмыстарына қа­жетті көшет материалдары мекемелер­дің тұ­қымбақ­тарында өсірілген көшеттер­мен толық қамтамасыз етіледі және бар­лық кө­шет ма­териалдардың карантиндік сер­ти­­фи­каттары алынған, – дейді Д.Башанов.
Бұдан бөлек, облыс аумағын абаттан­дыру және санитарлық тазалық жөніндегі көктемгі екі айлық аясында да жас кө­шеттер отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе Тараз қаласында кең көрініс беруде. Мәселен, қала әкімдігіне қарасты «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС биыл қала аумағын көгалдандыру және желектендіру мақсатында 15 мың ағаш егуді жоспарлап отыр. Оның 7,5 мыңы көктемгі айларда егілсе, қалғаны күз айларында отырғызылмақ. Наурыз-сәуір айларында бойлары 2,5-3 метрлік жабық тамырлы ағаш көшеттерін Арбат-1,3, Үшбұлақ-2, Тектұрмас, Тонкурш аллеясы, «Қазақ хандығына – 550 жыл» монументі, Темір жол вокзалы сквері, Т.Рысқұлов ауданы аллеясы, «Көне-Тараз» кешені және Саңырақ батыр скверінде отырғызу көзделсе, 2,5 мың түп ағаш округтерге таратылып үлгерген. Яғни, тұрғындың сұрауы бойынша жемісті ағаштар округ аумақтарына егілуде. Одан бөлек, шырша, қарағай, арша және бо­зарша көшеттерін «Денсаулық саябағына», Тәуке хан, Төле би, Айша бибі, Кенесары көшелерінің бойына және Тектұрмас кешені аумағына егу жұмыстарына зиялы қауым өкілдерінен бастап, жастар да ат­салысуда. Осылайша, қазіргі таңда қала аумағында 5 000 түп ағашты отырғызу жұ­мыстары қарқынды жүріп жатыр. Алай­да бұл көшеттердің ерекшелігі қандай? Биыл билік өкілдері неге сенім артып отыр? ағаш көшеті Көше бойында жасыл желектің жай­қалып тұрғанына тұрғындар да дән риза. Алайда бірер айдан кейін көшеттер қурап, сұрқы қашпай ма деп алаңдайды. Бірақ агроном Жасұлан Молдабаев биылғы көшеттердің тез тамыр тартып кетеді деген ойды айтады.
– Биыл отырғызылып жатқан көшет­терге қарасам, барлығы 1-санаттағы ағаш­тар. Яғни, бір жерде жеті жыл отыр­ғы­зылып, бабына келген. Мұндай ағаштар барынша тез тамыр тартып кетеді. Оған қоса, қала температурасына да аталған көшеттер тез бейімделеді, – дейді агроном.
Негізі, ашық тамырлы ағаштардың жерсінуі қиын екен. Сондықтан биыл бой­лары 2,5-3 метрлік жабық тамырлы ағаштар Алматы мен Түркістан облыс­тарынан сатып алынған. Ал бұған қазы­надан 1,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы­ға кө­гал­дандырудан бөлек, күтіп ұстау жұмыс­тары да жүргізіледі. Күтіп ұстау жұмыстарына тоқталсақ, қала көшелері мен скверлеріндегі 10 483 дана қылқан жапырақты және жапырақты ағаштарды мезгілдік жұмыс жоспарына сәйкес әртүрлі ауруларға қарсы пестицид­термен дәрілеу жұмыстарын жүргізу және аталған ағаштардың түбіне минералдық және органикалық тыңайтқыштардың берілуі жоспарлануда. Сондай-ақ қала ау­мағында отырғызылған 28 000 дана көп­жыл­дық раушан гүлдеріне күтім жұмыс­тары жүргізіледі. Бұдан бөлек, биыл сая­бақтар мен скверлердегі көгалдарға жалпы аумағы 807 000 шаршы метр жерге минералды тыңайт­қыштар отырғызылады. Тағы бір айта кетерлігі, қала аумағында су құю авто­­көліктерімен 7 000 дана талдар су­ғарыл­­мақ. Бұл бағытқа 10 дана «Камаз» суқұйғыш автокөлігі мен 8 дана «Зил» суқұйғыш көлігі жұмылдырылады. Жоспарлы жұмыстың тағы бірі – шаһар көлеміндегі 19 600 шаршы метр гүлзарларға гүл отырғызу жоспарлануда. Оның 10 500 шаршы метріне сәуір айында, қалғаны мамыр айында егіледі. Бұған қосымша 627 дана қазандықтарға гүл тұқымы себілмек. Көпжылдық раушан гүлінің 5 000 данасын, зор киіктің (канны) 2000 данасын, гла­дио­лустың 1 500 данасын «Көне-Тараз» ке­шені, облыс әкімшілігі ғимаратының ал­ды, Жамбыл-Көшеней көшелерінің қиылысы мен Төле би көшесінің бойына отырғызу көзделуде. Міне, осылайша, об­лыс орталығы Тараз қаласын көгалдан­дыру мен желектендіру-ге қыруар қаржы мен күш жұмсалуда. Себебі шалғай елді мекендерге ағын су түгілі, ауыз судың өзі әрең жетіп жатқанда бар үміт қала аума­ғына егілетін көшеттерде болып тұрғаны анық. Сондықтан мил­лиард­таған қаржыға алынған ағаш кө­шет­терін қуратып алмай, жауапты мамандар жұмысына жауапкер­шілікпен қарайды деп сенейік.

Жамбыл облысы