Инчхондағы әуежайдан белгісіз бағытқа қашып кеткен екінші қазақстандық та ұсталды, ол полиция қызметіне өз аяғымен келіп, кінәсін мойындаған. Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады. Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігі жағдайды бақылауында ұстап отыр, қазақстандық азаматтарға барлық қажетті құқықтық көмек көрсетеді.
«Шекараны заңсыз кесіп өткені үшін іздеуде болған Қазақстан Республикасының азаматы Инчхондағы полиция қызметіне өз еркімен барып, кінәсін мойындады. Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігі бұл жағдайды бақылауында ұстап отыр, қазақстандық азаматтарға барлық қажетті құқықтық көмек көрсетеді», – деп хабарлады СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.Еске салайық, 24 наурызда Оңтүстік Кореяға Ташкенттен Koreana әуе компаниясымен барған екі қазақстандық азамат аталмыш елге кіре алмай, кері депортациялануы тиіс еді. Алайда олар Қазақстанға қайтатын тиісті рейске отырмай, Инчхон халықаралық әуежайынан белгісіз бағытқа қашып кетіп, заң бұзған. Екі азаматтың бірі сол жерде ұсталып, екіншісіне іздеу жарияланған болатын. Инчхондағы полиция қызметі қашқынды ұстап бергендерге 10 миллион теңге сыйақы беруге дайын болды. Күні кеше іздеудегі 2002 жылғы екінші азамат өз еркімен берілді. Жалпы, елімізден Корея Республикасына саяхат жасайтындар баршылық. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы бұл елге 30 мыңға жуық қазақстандық барса, былтыр 38 мыңдай ел азаматы Кореяның шекарасын асқан. Оның үстіне, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап еліміздің азаматтарына Корея Республикасына қысқа мерзімге (30 күнге) визасыз кіруге қайта рұқсат берілді (2020 жылдың 13 сәуірінде Covid-19 пандемиясына байланысты визасыз режимге шектеу қойылған еді). Десек те, қазіргі уақытта барлық шетелдік азамат Кореяға кіру үшін K-ETA электронды авторизациялау жүйесінен алдын ала рұқсат алуы шарт. Бірақ K-ETA жүйесінің мақұлдауынан өткен күннің өзінде Кореяның иммиграция қызметі елге кіргізбеуге құқылы. Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, жоғарыда аталған екі азамат Кореяға екі мемлекет арасындағы визасыз режим шеңберінде барған. Бірақ сапардың мақсатын түсіндіре алмауының себебінен оларға елге кіруге рұқсат берілмеген. Отандастарымыз иммиграция қызметінің шешімімен келісіп, елге оралған жағдайда олар ешқандай әкімшілік һәм құқықтық жауапкершілікке тартылмайтын еді. (Егер өзге мемлекетте қандай да бір заң бұзып, депортацияланса және ол заңсыз әрекеті Қазақстан Республикасы аумағында қылмыс деп танылса, онда жауапқа тартылады). Бір ғана әттеген-айы – төлқұжатына қойылған мөрдің нөмеріне сәйкес, белгілі бір уақытқа – 1 жылдан бастап өмір бойына дейін Кореяның аумағына кіре алмайды. Мәселен, құжатқа 46-1 номерлі мөр басылса, Корея аумағына кемі 5 жылға кіруге тыйым салынады. Бұл штамп Корея Республикасының «Иммиграциялық бақылау туралы» заңының 46-бабының 1-бөліміне сәйкес, ел аумағына заңсыз кіргендерге, я болмаса қысқамерзімді визамен кіріп, заңсыз жұмыс істеп жүргендерге және тағы басқа өрескел заң бұзған жағдайда қойылады. Ал Кореяға заңсыз кіруге көмектескен шетелдіктерге 12-3-2 нөмерлі мөр басылады және оларға өмір бойына аталмыш елге кіре алмайды. Басқа да құқықбұзушылықтармен депортацияланған жағдайда «Иммиграциялық бақылау туралы» заңның бабына сәйкес, әртүрлі мерзімге виза берілмейді. Әйтсе де, құқық бұзғандардың арнайы мәліметтер базасы жоқ. Кореядан депортацияланған әрбір азаматтың бұл елге кіріп-шығуы туралы ақпарат елшіліктің мұрағатында сақталады және келесі рет виза алу кезінде ғана қаперге алынады. Ал депортацияға көнбеген жоғарыда аталған екі қазақстандықтың ісін енді Инчхондағы жергілікті сот қарайды, шешім де соларға тиесілі. Отандастарымыздың шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қандай жаза арқалайтыны әзірге белгісіз. Қазақстан Республикасы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров бүгінге дейін осыған ұқсас жайттар болмағанын айтады. Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігі бұл жағдайды бақылауында ұстап отыр, бірақ, өкінішке қарай, олар отандастарымызға құқықтық көмек көрсетуден басқаға қауқарсыз. Қай елдің болмасын шекарасын заңсыз кесіп өтудің жазасы жеңіл емес. Мәселен, біздің мемлекеттегі Қылмыстық кодекстің 392-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағын өткізу пункттерінен тыс, яки өткізу бөлімдерінің қызметкерін алдап, заңсыз кесіп өткен жағдайда ел аумағынан бес жыл мерзімге шығара отырып, 1000 АЕК айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал мұндай заңсыздықты жасаған қылмыстық топ бес жылға дейін түрмеге тоғытылуы мүмкін. Жыл басында бұл бапқа өзгеріс енгізіп, жазаны ауырлату туралы ұсыныс қоғам талқысына ұсынылды: мұндай заңсыздық үшін 2000 АЕК немесе 1-3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Кореяда қалуға неге құмар? Жалпы, Корея аумағында қалу үшін түрлі жанкештілікке һәм заңсыздыққа баратын қазақстандықтардың қарасы көп. Кореяға қысқамерзімді визамен кіріп, уақыты өткеннен кейін осы елде заңсыз қалып қоятындар да бар. Тіптен, осы елде өмір бойына қалу үшін «босқын» мәртебесінен «үмітті» азаматтар қаншама?! Бұл статусты иелену мақсатында түрлі заңсыздыққа баратын қазақстандықтар да бар. Мәселен, биыл 12 ақпанда Корея аумағында жүрген шетелдіктерге «босқын» мәртебесін алып беру үшін жалған құжат жасаумен айналысқан еліміздің үш азаматы ұсталды. Олардың екеуі қамауға алынып, біреуі кепілмен босатылған болатын. Бұл ақпаратты да Сыртқы істер министрлігі растады.
«Тергеу ісі Қазақстан Республикасының үш азаматы Кореяда тұратын бірқатар шетелдікке «босқын» мәртебесін алып беру үшін жалған өтініш беріп, заңсыз құжат жасағанын анықтады. Корея Республикасының дербес деректерді қорғау заңына сәйкес, аталмыш елдің құқық қорғау органдары біздің елшілікке тұтқындалғандардың жеке деректері мен басқа ақпарат беруден бас тартты. Ал ұсталған азаматтар Сеулдегі Қазақстан елшілігіне жүгінбеген», – деп хабарлаған болатын СІМ ресми өкілі.Корея Республикасының Қылмыстық кодексінің ХХ тарауында жалған құжат жасаған, қандай бір құжатқа өтінім тапсыру кезінде бұрыс ақпарат беру, жалған мәліметтер ұсынған азаматтарға жаза қатаң – 10 млн воннан бастап 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Жоғарыда аталған заңсыздықтарға бой алдырып, құқық бұзғаны үшін депортацияланған Қазақстан Республикасы азаматтарының статистикасы бізде жоқ, бұл іс Корея Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының құзыретіне жатады. Ал азаматтың дербес деректерін қорғау туралы заңына сәйкес, корей тарапы мұндай мәліметтерді жария етпейді. Бұл орайда, құқық қорғау мамандары мен заңгерлер қандай да бір елдің шекарасынан өту кезінде, белгілі бір мемлекеттің аумағында жүрген уақытта сол елдің барлық тәртібіне бағынуға шақырады.