Grand Slam: Тбилисиден Түркияға дейін
Grand Slam: Тбилисиден Түркияға дейін
624
оқылды
Көктем мезгілі дзю­дошылар үшін «сен тұр, мен атайын» дейтін кезең. Өйткені Grand Slam сана­тын­дағы бірнеше турнир атал­­ған мезгілде өтеді. Жа­­­қында Тбилисиде ба­луан­­­дар бә­секесі өтсе, алда 31 нау­рыз – 2 сәуір аралығында ұлттық құ­рама Антальяға жол тар­тады. Бұл тур­нирде әлем­нің 84 елінен 612 дзюдошы бақ сы­найды. Бозкілемде төккен тер Айталық, 24-26 наурыз күндері Грузияда өткен жарысқа әлемнің 61 елінен 419 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы бір күміс, екі қола жүлдемен жалпы медаль кестесінде 14-ші орынға тұрақтады. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар қола жүлде еншілесе, Әбиба Абужақынова (48кг) мен Мағжан Шамшадинге (60кг) қола медаль бұйырды. Ал Қанат Сейілхан (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Нұрлыхан Шархан (-100 кг) бесінші орынға табан тіреді. дзюдо «Ұлттық құрама жаңа маусымдағы медальдар сериясын сәтті жалғастырып келе жатыр. Грузияда өткен жарыста ерлер екі медаль, қыздарымыз бір медаль ұтып алды. Ерлер арасында үздіктер қатарынан көрінген қос дзюдошымыз да ұлттық құрамаға енді қосылып келе жатқан жас балуандар. Мағжан Шамшадин бұл салмақта өзін көрсетіп үлгерсе, Абылайхан Жұбаназар спорт мансабындағы ең ірі жетістігіне қол жеткізді. Абылайханның кешегі жеңісі кездейсоқ емес. Ол нәтижелі жұмыстың, қатемен жұмыстың жемісі. Білесіздер, Ташкентте өткен Grand Slam жарысында ол өз салмағында жұбаныш белдесуіне дейін жетіп, қолаға қол созым жерде қалған болатын. Ұлттық құрама мамандары әр жарыстан кейін, әр белдесуден кейін әрбір спортшымен жеке жұмыс істейді. Әсіресе, әр белдесу жеке талқыланады. Осындай сүбелі, бірлескен жұмыс араға 20 күн салып нәтиже берді», – деді бас бапкер Нұрбол Сүлейменов. Турнирде бесінші орынға тұрақтағандар­дың күресін саралаған бапкер Қанат Сейіл­ханды ерекше атап өтті. Ол 60 келі салмақ дәрежесінде өз тобында әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, тәжірибелі кореялық дзюдошы Ким Вон Джинді, одан кейін Еуропа және әлем чемпионы, грузиялық Лухум Чхвимианиді жарыс жолынан шығар­ды. Топтан үздік шығып, жартылай финалға дейін жетті. Алайда жартылай финалда жарыс чемпионына жол берді. Қола жүлде үшін күресте отандасы Мағжан Шамшадинмен күресті. Нәтиже көрсеткендей, Тбилисидің қола жүлдесі Шамшадинге бұйырды. Жалпы, Қанат Сейілхан – 2022 жылғы Қазақстан чем­пионы. Осы салмақта Еуропа кубогтарында топ жарып жүр. Бапкердің айтуынша, әлемдік жарыстарға осылай қатысуын жалғастырып, тәжірибе жинаса, жүлдегерлер қатарынан көрінетін күн алыс емес. Grand Slam турнирі Бапкердің бұлай топшылауының астарын­да үлкен мән бар. Өйткені дзюдодан өтетін турнирлерге негізгі құрам мен қосалқы құрам бірге барып жүр. Негізгі құрамның мақсаты белгілі. Олар ірі бәсекелерде рейтингте ұпайын түгелдеп алуы қажет. Ал қосалқы құрамдағы балуандар тәжірибе жинап, әлемдік доданың атмосферасын сезінеді. Психологиялық тұрғыда бой үйрететіні тағы бар. Нұрбол Сүлейменовтің пікірінше, құрама алдындағы мақсат біреу – Олимпиадалық рейтингте жоғары позицияны иелену. Әрбір Grand Slam жарысы, әрбір IJF турнирі – Олимпиада ойындарына деген баспалдақ. Иә, осы баспалдақпен нық қадам жасап жасап жүргендердің бірі – Әбиба Абужа­қынова. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде еліміздің ғана емес, әлем мықтыларының қатарында жүр. Тбилисидегі қола – 2023 жылы өзі қатысқан үшінші әлемдік жарыстағы үшінші медалі. Осыған дейін Португалия­да өткен Гран-приде алтын, Францияда өткен Grand Slam жарыстарында қола жүлде жеңіп алған еді. Абужақынованың айтуынша, алтын алатын күн алда, тек осы қарқынды жоғалтпау керек. Дзюдо­шының арманы – Парижде топ жару. Айта кетерлігі, әлемдік рейтингте екінші орында тұрған отандасымыз күллі дзюдо әлемін қазақша сөйлетіп жүр. Жақында ол Халықаралық дзюдо федерациясы парақшасына қазақша сұхбат беріп, құрлық назарын өзіне аударды. Қуанышты хабар Еліміздің парадзюдо тарихына жарқын із қалдырып келе жатқан спортшымыз Ақмарал Науатбек чемпиондарға арналған қызыл жапсырма алды. Нақтырақ айтқанда, әлем чемпионының кимоносында аты-жөні қызыл жапсырмамен белгіленеді. Ал Ақмарал Науатбек – әйелдер арасында парадзюдодан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы. Ал Олимпиада чемпионы алтын түстес жапсырмамен өнер көрсетсе, қалған спортшы кимоносына көк жапсырма тігіледі. Әбиба Абужақынова Тағы бір сүйіншілейтін хабар – Қазақстан дзюдодан әлемдік Grand Slam жарыстарын қабылдайды. Қазақстан дзюдо федерациясы Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) әлемдік Grand Slam жарысын Қазақстанда өткізу туралы төртжылдық келісімшарт жасасты. Парижде өтіп жатқан Grand Slam жа­рысы аясында Қазақстан дзюдо феде­рациясы мен Халықаралық дзюдо федерация­сының ресми кездесуі өтті. Кездесу барысында Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер мен Қазақстан дзю­до федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев екіжақты келісімшартқа қол қойды. Екіжақты келісімшартқа сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2023-2026 жылдар аралығында қабылдайды. Жарыс Астана және Алматы қалаларында «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен өтеді. Сондай-ақ жарыс аяқталғаннан кейін жыл сайын тұрақты түрде халықаралық оқу-жаттығу лагері ұйымдастырылады. Антальядағы турнирге қайта оралсақ, 31 наурыз – 2 сәуір аралығында өтетін додаға ел атынан 19 спортшы қатысады. Тблисидегі бәсекеге 24 дзюдошы барған еді. Яғни, негізгі құрам мен қосалқы құрам иық тіресе өнер көрсеткен. Бұл жолы әйелдер арасында 48 келіде Әбиба Абужақынова қалыс қалып, Ғалия Тынбаева Түркияға жол тартады. Естеріңізде болса, Португалияда өткен Гран-при турнирінде Тынбаева мен Абужақынова финалда белдесіп, алтын-күмісті өзара бөліскен-ді. Өз кезегінде Антальядағы дода Ғалия үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Одан бөлек, Бақыт Құсақбаева (57 кг), Анастасия Маякова (70 кг), Роза Нысантайқызы (70 кг), Камила Берліқаш (+78 кг) тізімде бар. Айталық, Алманда қаласында өткен Гран-при жарысында Камила бесінші орынға тұрақтаған. Ал Тбилисиде өткен додада жолы болмады. Сондықтан Берліқаш үшін Түркия татамиі есе қайтаратын уақыт. турнир Ерлер құрамасына келсек, Нұрқанат Серікбаев (60кг), Шерзод Давлатов (60 кг), Есет Қуанов (66 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Дархан Қойбағаров (73 кг), Руслан Мұсаев (81 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Дидар Хамза (90 кг), Айдар Арапов (90 кг), Бекарыс Сәдуақас (-100 кг), Нұрлыхан Шархан (-100 кг), Ғалымжан Қырықбай (+100 кг), Әділ Оразбаев (+100 кг) өнер көрсетеді. Соның ішінде Қырғызбаев пен Шархан өткен бәсекеде бесінші орынға тұрақтаған. Абылайхан Жұбаназар үшін күмісті алтынға ауыстыратын сәт туғандай. Оның үстіне, құрама қатарындағы Дидар Хамзаға жан­күйерлер тарапынан хейт көп. Спортшы бұл жолы бозкілемде еркін көсіліп, дзюдо­сүйерлерді бір серпілтіп тастайтын болар. Көпшілік құраманы жалпы есепте үздік ондық арасынан көргісі келетіні тағы бар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ