"Әйелі мен екі жасар ұлы күтіп отыр": БҚО-да ер адам 12 күннен бері табылмай жатыр
"Әйелі мен екі жасар ұлы күтіп отыр": БҚО-да ер адам 12 күннен бері табылмай жатыр
Фото: БҚО полиция департаменті
629
оқылды
Батыс Қазақстан облысында ер адам 12 күннен бері табылмай жатыр, – деп хабарлайды БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Полиция департаментінің  мәліметінше, Нұрхат Ермекқали 18 наурызда сағат 18.00 шамасында Деркөл ауылындағы Северная 14 мекенжайындағы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Ол 1992 жылы дүниеге келген.
"Бойы 170-175 сантиметр, орта бойлы, шашы қысқа, қара түсті. Үстінде қою көк түсті күртеше, көк түсті джинс шалбар, сұр түсті кофта, қоңырқай түстегі аяқкиім бар. Бұрын үйінен кетіп жүрген, қолында Samsung маркалы телефоны болды. Егер сіздер қандай да бір ақпарат білсеңіз, 102, 98-45-30 нөміріне қоңырау шалуыңызды сұраймыз!" – делінген полиция хабарламасында.
"Мой город" басылымының мәліметінше, туыстары ер адам жоғалған соң екінші күні оның телефоны өшірілгенін айтқан. "Сол күні оған туыстарым қоңырау шалды, бірақ ол телефонды көтермеді, хабарламаларға жауап бермеді. Келесі күні телефон өшірілді. Үш күннен кейін полицияға арыз жаздық. Барлық туысы, досы мен танысы қоңырау шалды, бірақ оны ешкім көрмеген. Іздеу әлі нәтижесіз", – деді Нұрхаттың ағасы Мақсат. Туыстарының сөзінше, ер адамның дені сау, есте сақтау қабілеті жақсы, ішімдік ішпейді. Үйде оны жұбайы мен екі жасар ұлы күтіп отыр.