Сан ғасырлық даму тарихы бар қазақ өнері мен мәдениеті кемел шыңына жеткен аса бай құндылықтарға толы тылсым әлем. Заман ағымына сай, ұрпақтан-ұрпаққа өз жалғасын тауып, халқымыздың тарихында ерекше орын алған жайы бар. Осылайша, өзіндік қалыптасу жолы мен әралуандығы, таңғажайып құбылыстары бар киелі өнер – шеңбері кең ұлт қазынасына айналды. Қазақ мәдениетінің құндылығы неде? Идеологиялық орны қандай? Мәдениеттің құндылығы сол – адам бойындағы кісілік қасиетті, ақылдылық пен білімпаздылықты, парасаттылық пен әдептілікті, яғни барлық рухани құндылықтарды қамтамасыз етеді. Осыдан барып төл мәдениеттің көрінісі анықталып, адам әлемі тұлғалық деңгейге жетеді. Өз кезегінде идеологиялық күш те мәдениеттің қалыптасуына себін тигізеді. Өйткені адами түсінік қалыптасып, тарихымыз, тіліміз, дініміз, руханиятымыз және салт-дәстүріміз көрнекті өмір дамуының ағымына ілесіп кете береді. Осы орайда талантты ақын Ханбибі Есенқарақызының «Ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін – әдебиет, өнер адамдары» деп айтқан керемет бір сөзі ойға келеді. Сол айтқандай, мәдениет саласында жүрген мамандардың өнерді дамытып қана қоймай, рухани өмірде де белсенді қызмет атқарары сөзсіз. Сондай-ақ қазақтың рухани мәдениетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаларымыз ұлы Абай, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларында мәдениеттің қалыптасуындағы идеологияның маңыздылығын кеңінен ашып береді.
Неміс публицисі, әдебиеттанушы Адам Мюллердің есімі мәдениет философиясымен тығыз байланысты. Ғалым өз тұжырымдамасында әлеуметтік-философиялық теорияның мемлекет және қоғам идеясын дамытатыны жайлы пікір қалдырған болса, Үндістанның саяси қайраткері Джавахарлал Неру «Мәдениет – ақыл мен рухтың кеңеюі» деген екен.Иә, мәдениет – тарихи құбылыс. Оның адам өміріне тигізетін ықпалы өте зор. Адамзат ғұмыры жер бетінде қанша ғасыр өмір сүріп жатыр, сонша ғасыр мәдениет дамуының куәсі болып келеді. Мәдениеттану ғылымында «дәуір мәдениеті», «этнос мәдениеті», «ұлттық мәдениеті», «шығыс мәдениеті», «батыс мәдениеті» және т.б. осылайша жалғасып кете береді. Ал бүгінгі күні біз жаңа заманның, жаңа дәуірдегі мәдениеттің ұрпақтары екеніміз баршаға аян.
60 жылдан астам тарихы бар киелі шаңырақта әлем өнері мен мәдениетін терең меңгерген дарынды өнерпаздар еңбек етеді. Бұл ұйымның құрылуы еліміздің шежіресіне есімдері алтын әріптермен жазылған ұлы өнер қайраткерлерімен тығыз байланысты. Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин, Гүлжихан Ғалиева секілді Қазақстанның халық әртістерінің ізін жалғастырушылардан кейін қазір Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаев, Айжан Нұрмағамбетова және талантты жастар сахна төрінде жүр.Өнер ұжымы мәдени саясатты ауқымды түрде жүзеге асырып келеді. Жақында «ЕЛ БІРЛІГІ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» жобасы аясында Наурыз мерекесіне орай «Қазақконцерт» әртістері гастрольдік сапарын батыс өңірінен (Маңғыстау, Атырау, Ақтобе, Батыс Қазақстан облыстары) бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқалаларды дамыту тапсырмасына сәйкес, әртістер елді мекендерді аралап, өңір тұрғындарына тегін концерт ұйымдастырып жатыр. Бұл бастама бір жағынан мәдениеттің ең озық үлгісі саналатын киелі өнермен халықты сусындату болса, екінші жағынан ұлттық мәдени кодты дамыту және әртістерді кәсіби шыңдау. Сонымен қатар көрерменге деген құрмет және отандық өнерге қолдау. Бұл жоба жыл бойы жалғасын табады. Әлі де облыс орталықтары мен ауылдық жерлерге концерттік бағдарлама ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ақтоты Райымқұлова, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры