Жақында Петропавлдағы «Народный совет» деген сепаратистік ұйым халық арасына іріткі салып, облысты Қазақстаннан бөлу туралы бейне үндеу жариялады. Видео жұртшылықтың қызу талқылауына түсті. Әлеуметтік желіде сепаратистерді қатаң жазалауды талап етушілер көбейді. Нәтижесінде, Солтүстік Қазақстандағы сепаратистерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен бұл ел арасында алауыздық тудырып отырған бірінші жағдай емес. Осыған орай, сепаратизмнің алдын алу жолдарын Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтып берді. – Петропавлдағы сепаратистік оқиғаға қандай баға бересіз? – Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан унитарлы мемлекет деп көрсетілген. Сонымен бірге Қазақстан халқының атынан елдің унитарлы мемлекеттілігін бұзуға қатысты нақты баптар бар. Сондықтан ең бірінші, ҚР Қылмыстық кодексінде елдің территориялық тұтастығына нұқсан келтіргендердің 7 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған. Қазіргі таңда елімізде барлық ұлттар мен ұлыстарға экономикалық, әлеуметтік, саяси салада өздерін көрсетуге барлық жағдай жасалған. Менің ойымша, Қазақстанда ешқандай сепаратистік мәселе көтерілмеуі керек. Қазақстанда сепаратизмге жол жоқ! Сондықтан бұл мәселе бойынша құқық қорғау орындары ҚР заңына сәйкес нақты бағасын беріп, алауыздық тудыруға ұмтылған азаматтар жауап беруі керек. Қазақстан территориясына нұқсан келтіруге немесе мемлекеттік жүйесін ыдыратуға тырысушылар еліміздің заңдарына сәйкес қатаң жазалануы қажет. Демократия дегеніміз – тәртіп. Ал Қазақстан ең бірінші– құқықтық мемлекет. Сондықтан құқықтық анархияға жол бермеуіміз керек. Әрбір қазақстандық үшін Қазақстан тәуелсіздігі мен территориялық тұтастықты басты құндылық болуы шарт. – Сепаратистік мазмұнда пікір айтып, әлеуметтік алауыздық тудыру оқиғалары бұған дейін Батыс Қазақстан облысында да тіркелген. Жалпы азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, жазаны қатаңдату керек пе? – Иә, сепаратизмге қатысты негізгі іс-шараларды құқық қорғау орындары жүргізуі керек. Сонымен бірге, бүкіл Қазақстан халқы ұлтына, ұлысына қарамай, Қазақстанның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау бойынша жалпы майдан құруы керек. Өйткені Қазақстан дүниежүзінде басқа ұлттар мен ұлыстардың құқығын қорғап, жағдайын жасау бойынша ең жайлы мемлекет. Сондықтан елдің бірлігін бұзушылардың алдын алып, сепаратизмге қатысты заңдарды да күшейткеніміз абзал. Ол үшін ең бірінші, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет. Мектеп кезінен бастап балаларға патриоттық тәрбие беруіміз керек. Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы ҚР Конституциясы, Қылмыстық кодексі жайлы ақпараттарды насихаттап, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып отыру өте маңызды. Құқыққа, тәртіпке бағынған ел ғана мемлекет бола алады. Сондықтан әр адам өзінен бастап, тәртіпке бағынып, мемлекеттің заңына құрметпен қарауы керек. – Сонда сепаратистік көзқарастың қалыптасуына не себеп? – Сепаратизмнің формалары әртүрлі. Оның ең негізгісі – кейбір азаматтардың популизммен айналысуы. Өз аттарын шығару үшін халық арасына іріткі салады. Сепаратизмге сыртқы факторлардың да әсер етуі мүмкін. Бұл мәселені құқық қорғау орындары жан-жақты зерттеп, нақты бағасын беруі керек. – Ел териториясында шетелдік ақпарат құралдарының ықпалын тежеу сепаратистіктің алдын алу тәсілі болып санала ма? – Әрине, Қазақстанның ақпараттық тәуелсіздігін, ақпараттық қауіпсіздігін күшейту керек. Бұл ең басты мәселе. Сондықтан шекаралық аудандарға еліміздің электронды ақпарат ресурстарын жеткізу мәселесін қайта қарау керек. Егер қажет болатын болса, Қазақстанға қатысты бөтен пікірі бар ақпарат құралдарына тиым салуымыз керек. – Әңгімеңізге рақмет!