«Трамадол»: қалай қолжетімді есірткіге айналды?

«Трамадол»: қалай қолжетімді есірткіге айналды?

Таяуда «Трамадол» препараты бақылауы күшейтілген арнайы тізімге енгізілді. Еліткіш дәрі елімізде біреулердің қалта қампайтар заңсыз кәсібіне айналып келген. Оны қабылдап, тәуелді күйге түскен нашақор жастар қатары артқан. Алайда жұртшылықтың осы мәселені көтергеніне жылдар өтсе де, «жыры» бітпей келгені бізді таңғалдырды. Дәріні қатаң бақылауға алу неге кешіктірілді? Уикипедияға жүгінсек, «Трамадолды» 1962 жылы Германияның «Грюненталь» компаниясының қызметкері Курт Флик ойлап тапқан. Ол ауырсынуды басатын дәрілер қатарына жатқызылады, орталық жүйке жүйесіне күшті әсер ететін ана­льгетик саналады. Оны ауыр және орташа ауырсыну синдромы кезінде қолданады. Сондай-ақ дәрігерлер кейбір ауру түрлерін тыныштандыру үшін тағайын­дайды. Алайда адам «Трамадолды» көп дозада қабылдаса, елітіп, эйфорияға ұрынып мас болады әрі есірткі сияқты тәуелділік пайда болады. Сондықтан «Трамадолды» тек дәрігердің рұқсатымен ғана ішеді. Оны дәріханада тек рецепт қағазы болғанда ғана сатуы тиіс. Алайда пайдакүнемдер препаратты заңсыз, рецептсіз сатуға кіріскен. Өйткені оған тек әкімшілік жауапкершілік қана белгіленген. Яғни, препараттың есірткі тізімінде болмауы оған жазаның жеңіл болуына мүмкіндік беріп келді. Препарат арзан әрі қолжетімді болғандықтан есірт­кі ретінде кеңінен қолданыла бастады. Оған тәуелділер қатарында жастар көп еді. Бастапқыда қызық әсер алу үшін 1-2 таблетка ішіп көргендер, біраз уақыттан кейін оның әсерін қайталау үшін күніне 10 таблеткаға дейін ішуіне тура келеді екен. Айта кетерлігі, Украина, Беларусь, Өз­бек­станда «Трамадол» есірткі құрал­дары тізіміне енгізілген. Ресей 2020 жыл­дың сәуір айынан бастап бұл пре­парат­ты пайдалануға тыйым салған. Көр­ші елдер­дің тәжірибесі бізге кешікпей келетіні белгілі. Алайда «Трамадол» пре­паратын бақылау неге күшейтілмеді, талапты қатаңдатуда салғырттыққа қалай жол берілді?» деген сұрақтарға жауап жоқ. Жалпы, бұл препаратқа қатысты проблема ертеректе көтерілген. Мысалы, 2018 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі «Трамадолды» қатаң бақы­лауда болатын, медицинада қолда­ныла­тын психотропты заттар тізіміне енгізуге ниеті барын мәлім еткен. Өйткені ол рецепт арқылы босатылып келді әрі бұл талапты орындамайтындар қатары кө­бейіп кетті. 2021 жылы Денсаулық сақтау минис­трлігі әзірлеген Үкіметтің «Адамның өмірі мен денсаулығына зиянды әсерін тигізетін, күшті әсер ететін заттардың тізбесін айқындау туралы» №396 қаулысына сәйкес, «Тропикамид», «азот оксиді» және басқа психоактивті дәріхана препараттарымен бірге «Трамадол» да күшті әсер ететін заттар тізіміне енгізілді. Алайда бұл өзгеріс «қолжетімді есірткіге» тосқауыл болмағанға ұқсайды. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ұсынған мәліметі бойынша, препаратты заңсыз сатудың 2020 жылы 45 фактісі анықталып, 4 млн теңгеден астам айыппұл салын­ған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келген. 2022 жылы 137 факт анықталып, 18,5 млн теңге айыппұл белгіленген. Осы мәселені былтыр тамыз айында Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысында талқылады. Жиында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «дәріхана нашақор­лығы» мәселесі ушығып бара жатқанын тілге тиек ете отырып, жиынға қатысқан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа «Трамадол», «Тропикамид» секілді препараттар айналымын бақылау­ды күшейтуді ұсынды. Министрлік те былтыр жыл соңында есірткі құралдарының тізіміне 14 есірткі және ескірткі әзірлеуге қосылатын 13 прекурсор енгізіледі деп хабарлады. Арада бес жыл өткен соң барып, осы мәселеге нүкте қойылды. Таяуда ғана Үкімет «Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімін, Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестені, Есірткі, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларындағы сутегі, галогендер және (немесе) гидроксильді топтар атомдарын алмастырғыштар тізімін бекіту туралы» өзінің №470 қаулысына өзгеріс енгізді. Аталмыш тізімге «Трамадол» препараты қосылды. Медициналық және фармацевтика­лық бақылау комитетінің ескертуінше, қаулы күшіне енген соң бұл препаратты арнайы рұқсаты бар дәріханалар ғана сата алады. «Трамадолды» сату үшін есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыру лицензиясы қажет. Қазір дәріхана­ларға қойылатын талап та күшейтілген, оны сақтамағандарға айыппұл көлемі артып, қылмыстық жауапкершілік те көзделіп отыр. Ескере кетер жайт, бұған дейінгі қоймада, дәріханада сақталған препараттар кері қайтарылуы керек. [caption id="attachment_247179" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] «Арнайы лицензиясы жоқ, бірақ «Трамадолы» бар ұйымдар дәрі-дәрмек­терді көтерме жеткізушіге қайтаруы тиіс. Көтерме жеткізушілерге дәл осындай талаптар қойылады. Енді кәсіпкерлерге сату ережесін бұзғаны үшін 80-ден 160 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұл салы­нады немесе қылмыстың ауырлығына байланысты 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайын­далады» делінген комитеттің берген жауабында. Ведомствоның түсіндіруінше, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сала­сын­дағы субъектілер мен жеке тұлғалар құрамында этизолам, кетамин және трамадол заттары бар дәрілерді ли­цен­зия­сыз сатқан жағдайда қолданыстағы заңнамада көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүк­теледі. Психотропты препараттар қолжетімді есірткіге айналған Осы мәселеге қатысты біз жүгінген Ішкі істер министрлігі елімізде «дәріхана нашақорлығы» етек алып кеткенін мойындап отыр. «Дәрігердің рецепті бойынша аналь­гетик ретінде қатаң түрде босатылатын опиоидты анальгетик «Трамадолдың» таралуы, әсіресе жасырын түрде таралуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Ол әдетте «дәстүрлі» есірткіні қолданғанда оның психоактивті қасиеттері есірткі әсерінің жоғарылауына және абсти­нент­тік синдромды ішінара алып тастауға ықпал етеді. Осыған дейін қолданыстағы заңнамада аталған заттардың контра­бандасы үшін қылмыстық жауапкершілік (ҚК 286 – бабы), сондай-ақ оларды іске асыру қағидаларын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 426-бабы) әкімшілік жауапкершілік белгіленген» делінген жауапта. Полиция қызметкерлері бұған дейін «Трамадолды» және осыған ұқсас басқа да дәрі-дәрмекті рецептісіз сатқан факті­лерді анықтап, кейін оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін мате­риалдарды өкілетті органдарға жолдап келген. Ішкі істер ми­­нистрлігінің мәлім­деуін­ше, жыл сайын бірнеше рет өткізілетін есірткі, психо­троп­тық заттар мен пре­курсорлар айна­лымын­дағы заңсыз­дық­тарды анықтауға бағыт­талған «Дәрмек» жедел-про­филак­тикалық іс-шарасы барысында көптеген заңсыз­дық­тың беті ашыл­ған. «2022 жылы 42 есірткі қылмысын (ҚР ҚК 303 – бабы «Есірткі, пси­хотроптық немесе улы зат­тар­мен жұмыс істеу ереже­лерін бұзу» және ҚР ҚК 301-бабы «Улы заттар­дың заңсыз айналымы»), 403 әкімшілік құқық­бұзушылықты анықтадық (ҚР ӘҚБтК 424-бабы «Заңсыз фармацевтикалық қызмет», 426-бабы «Дәрі­лік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың фармацевтикалық қызметі мен айналымы саласының ережелерін бұзу», 427-бабы «Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсор­лардың айналымы саласында объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу», 464-бабы «Лицензиялау нормаларын бұзу»). 403 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 71-і – медицина қызметкері. Барлық материалдар ҚР ДСМ Медициналық және фармацев­тикалық бақылау комитетіне жолданған» делінген хабарламада. Полиция қызметкерлері былтыр ел аумағында құрамында есірткі бар 184 таблетка мен 41,8 мың ампула, психо­троптық 93,1 мың таблетка мен 12,8 мың ампула тәркілеген. Яғни, осыдан-ақ бұл заңсыз кәсіптің қомақты табыс көзіне айналғанын білуге болады. ІІМ түсіндіруінше, жаңа өзгерістерге сәйкес қолданыстағы Қылмыстық кодексте есірткіні заңсыз сақтау, өндіру, өткізу, контрабанда ғана емес, есірткіні жарнамалау және насихаттау, ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымы, сондай-ақ оларды тұтынуға тарту және тағы басқалар үшін жауапкершілік белгіленген. «Соңғы нормалар бойынша «Трама­долдың» 0,1 грамға дейінгісі – шағын көлем, 10 грамға дейін – үлкен көлем, 10 грамнан – аса ірі көлемде болып айқындалып, қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Үкімет актісі қолданысқа енгізілгеннен бастап «Трамадол» тек рецепт бойынша және есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айна­лымы­на байланысты қызметке лицензиясы бар дәріханалық және емдеу-профилак­тикалық ұйым­дарда ғана беріледі» делінген хабарламада. Бұл тұста «препараттың есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне енгізілуі оның заңсыз таралуын шектей ала ма?» деген сұрақ туындайды. «Дәріханалық» нашақорлықпен күресу мақсатында психотроптық заттар тізімі психотроптық анальгетик, оны есірткіге тәуелділер эйфория әсерін алу үшін пайдаланатын және тұтастай алғанда есірткіге тәуелділіктің қалып­тасуына ықпал ететін «Трамадолмен» толықтырды. Бұған дейін тек әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұсталған азаматтар жазаның жеңілдігін пайда­ла­нып, заңды көлденең басып, тек әкімшілік айыппұл төлеп құтылып жүрді. Ал енді «Трамадолдың» заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, басқа да есірткі қылмыстары сияқты бас бостандығынан ауыру түріндегі жаза қолданылатын болады. Жазаның қатаң­датылуы өз кезегінде әрине «Трамадол­дың» таралуына шектеу қояды. Дегенмен қаулы күшіне енген соң тәжірибе көрсетеді» деп жауап берді министрліктің өкілі. Батыс өңірлерде жағдай ушығып кеткен Еліміздің батыс өңірлерінде осы мәселе ушығып тұр. Атырау мен Оралда жастар арасында психотропты дәрілерді, оның ішінде «Трамадол», «Тропикамид» қолдану жиілеп барады. Бұл мәселені көтеріп жүргендердің айтуынша, жауап­кер­шілікке тартылған «жеңіл есірткі саудагерлері» айыппұл төлеп, жеңіл құ­тылып келеді. Олар әкімшілік жауапкер­шіліктен құтыла салысымен ісіне қайта кіріседі екен. Осы жағдайға ашынған жергілікті тұрғындар да бірнеше мәрте митинг ұйымдастырып, өз үйлерінің маңында осындай заңсыз саудаға тыйым салынуын талап етті. Сондай-ақ аталмыш екі дәріні психотроптық заттар тізіміне қосу үшін Парламентке ұсыныста жолдады. Өңірдегі мәселенің ауқымды екенін Ішкі істер министрлігі ұсынған мәлімет­тер­ден де көруге болады. Өйткені біз осы екі өңір бойынша жекелеп деректер сұратқан болатынбыз. Батыс Қазақстан облысында былтыр 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша «Тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қыз­мет­пен айналысу» жалпы сомасы 353,7 мың тенге айыппұл салынған. Аталмыш кодекстің «Фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу» бабы бойынша жалпы сомасы 2,2 млн теңге айыппұл салыныпты. Жауапкершілікке тартыл­ғандар қатарында екі жеке кәсіпкер және екі ЖШС бар. Облыстағы полицейлер былтыр 97,1 мың «Трамадол» таблеткасын, 3,5 мың «Тропикамид» флаконын, 1 212 «Мидакс» флаконын және «Самнолдың» 40 таблетк­асын тәркілеген. Соңғы үш айда рецеп­тісіз препарат сатып жүрген үш адамнан 110 «Трамадол» таблеткасы, 10 «Тропи­камид» флаконы тәркіленген. Атырау облысында былтыр заңсыз препарат сатқан 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айналымнан 5 799 «Трамадол» таблеткасы, 1 938 «Тро­пикамид» флаконы, 63 дана «Ли­рика» дәрісі тәркіленген. Заңсыз препарат сату­шыларға бар-жоғы 145 мың теңге айып­пұл салынған. Биыл жыл басынан бері осындай 7 факт анықталған. 45 пластина «Трамодол», 24 «Тропикамид» тәркілен­ген. Біз осы мәселені жиі көтеріп жүрген Атырау қалалық мәслихатының депутаты Ілияс Қонысбаймен сөйлестік. Оның айтуынша, «Трамадол» дәрілік зат ретінде ғана сипатталып, оны сатқандар тек айыппұлмен құтылып келген. «Осы мәселені көтеріп жүргенімізге біршама уақыт болды, бірақ нәтиже бол­май келді. Өйткені қатаң жаза жоқ. Олар 15-20 мың теңге айыппұл төлейді де, кейін қайта сата бастады. Жастарды тәуелді етіп, бизнестерін дөңгелетіп отыр. Осыған ешқандай орган тосқауыл бола алмай отыр. Заң әлсіз болса не істейді? Сол себепті заңды күшейтіп, «Трамадол», «Тропикамид» дәрілерін сатушыларды бас бостандығынан айыру жазасына кесу керек деп санаймын. Сонда ғана тосқауыл бола аламыз», – дейді ол. Ілияс Қонысбай соңғы қайғылы оқиғаның көп нәрсені өзгерткенін айтып өтті. «Өзіне қол салған азамат облысқа бел­гілі, болашағы бар спортшы еді. Бей­ресми деректер оның осы тәуелді дәрі­лер­ді қабылдағанын айтады. Осыдан кейін полиция жұмысын талап та күшей­тіліп, олар қоғам өкілдерімен, белсенді­лермен кездесулер өткізді, талқылады. Енді бұл препаратты арнайы рұқсаты бар дәріха­налар ғана сата алады. Бұл кішкен­тай болса да, жеңіс деп білемін», – дейді Ілияс Қонысбай. Осы тұста айта кетер жайт, наркологтар «Трамадолға» тәуелді адамдарды емдеу қиын екенін айтады. Оған тәуелділікті жоятын антогонист препараттар бар болғанымен, елімізде бұл препараттар тіркелмеген. Бұл да шешімін таппаған мәселенің бірі болып тұр. Тағы қызықты мәлімет, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік «Трамадолдың» спорттағы нәтижені жақсартуға ықпалы барын дәлелдеген. WADA мониторингі велоспорт, регби және футболда «Трама­дол» қолдану көбейіп кеткенін анықтаған. Агенттіктің атқарушы комитеті 2024 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап «Трама­долға» тыйым салынатынын ескертіп отыр. Қысқасы, заңдағы жауапкершілік пен бақылаудың төмен болуынан елімізде ауыр сырқаттарға өте-мөте қажетті дәрі­лердің қолжетімді есірткіге айналғанын көрдік. Соңғы өзгерістер арқылы еліткіш препараттың заңсыз саудасына, еркін таралуына тоқтау салынды. Енді мәселеге нүкте қойылды, деуге толық негіз бар. Алайда кейбір сарапшылар «бәрі уақыт еншісінде» деп соңғы тұжырым жасауда сақтық танытып отыр.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ