Тарихтың ақтаңдақ беттерінде талай құпияны қойнауында бүгіп жатқан дерек көп. Олардың бірі уақыт келе жарық көріп жатса, екіншіcі ел ішінде ауыздан-ауызға тарауда. Міне, сондай тарихи деректің бірі – Жауғаш батыр хақында. 1733 жылы дүниеге келген Жауғаш Қырбасұлы туралы кейінгі жылдары көп жазыла бастағанымен, халықтың біртуар тұлғасына қатысты әлі де ашылмаған ақиқат көп.
Соның бірі – Абылай ханның «Жеңіс туы» Жауғаш батыр ұрпағының қолында осы таңға дейін сақтаулы тұрғанын біреу білсе, біреу білмес.
Ең әуелі дарихи деректерге зер салсақ, қазақтарды шығысында Шың патшалығы, солтүстігінде Ресей империясы, ортасында ойран салған ойрат, Оңтүстікте өктемдік еткен өзгеде хандықтар жан-жақтан қыспаққа алып тұрған тұста ұлт үшін ұлы шайқасқа Абылай хан шыққаны белгілі. Ұлы хан үш жүздің басын біріктіру жолында қанша ұрыс пен айқасқа түскені де ақиқат. Міне, осы жорықтарында ханның қасында ту ұстаған сенімді серіктері болған. Сол серіктестерінің бірі, әскер қолының басы – Жауғаш батыр Қырбасұлы. Ол – Абылай ханның қолбасшыларының бірі ғана емес, ханның өзі «Жаралы жолбарысым» деп жанына жақын тартқан жандардың бірі. 1756 жылы қытайлармен болған соғыста жараланған Абылай ханды Жауғаш батыр жау ортасынан аман-есен құтқарып алып шыққаны да тарихтан мәлім.
Жауғаш батырдың Абылай ханмен байланысы оның өмірінің соңына дейін жалғасқан. Жоңғарлармен болған талай соғыстарда көтерген «Жеңіс туын» Жауғаш батырға аманат етіп тапсырғаны Абылай хан мен батыр арасындағы баянды байланысты, селкеу түспес сенімді білдірсе керек.
Абылай хан аманаттаған сол «Жеңіс туы» бүгінде мерейлі Меркі өңіріндегі Жауғаш батыр ұрпақтарының қолында сақтаулы тұр. Ал аманатқа қиянат жасауды жат көретін батыр ұрпақтары адалдықтың ақ туын құлатпай, Абылайдың «Жеңіс туын» ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Абылай ханның туын көзінің қарашығындай сақтаған Жауғаш батырдың сегізінші ұрпағы Тоқтар Сансызбаев батыр бабаларына ұлы ханнан «Жеңіс туы» қалай аманатталғанын аңыз қылып айтып отыр.
– Жауғаш Қырбасұлы 1733 жылы қазіргі Алматы облысының жерінде дүниеге келген. Ел басына күн туған жылдары бұл аймақ жоңғарлардың қарауына өтіп, Жауғаш бабамыз бірде жоңғардың бір сарбазын өлтіріп қойған екен. Содан 15-16 жасында Абылай сұлтанды іздеп, соның қоластына өтеді. Алғашқыда әскердің жеке құрамына алынып, ұрыс кезінде ту ұстаушы болады. Кейіннен әскер басы болып, жоңғар шапқыншылығын қайтарған бірнеше шайқасқа қатысады. Бірде жаралы Абылай ханды ұрыс алаңынан аман алып шықса, енді бірде өзі қытайларға тұтқынға түсіп қалады. Алайда өзінің даналығы мен мәмілегерлігінің арқасында тұтқыннан аман есен босап шығады. Бұл қасиетін байқаған Абылай оны оңтүстік өңірлерді жаудан азат етуге, қырғыздармен туындаған текетірестің түйінін тарқатуға жібереді. Мұнда да Жауғаш өзінің мәмілегерлігімен көзге түседі.
Қазақ жерін жоңғарлардан азат еткеннен кейін Жауғаш батыр Абылай ханнан Жамбыл жеріне қоныс тебуді сұраған екен. Батырдың талай жылғы адалдығына разы болған ұлы хан қандай тілегін болса да орындауға келісіпті. Сол кезде Жауғаш Абылайдың балдызы, қалмақ қызы Жөлкені тоқалдыққа беруді сұрапты. Хан батырдың өтінішін құп көріп, Жөлке Жауғаштың жетінші әйелі болады. Екінші тілегі ретінде Жауғаш Абылай ханнан жорықтарға бастап шыққан «Жеңіс туын» беруді сұрайды. Ұлы хан бұл тілеуін де құп көріп, оған «Жеңіс туын» аманаттайды. Міне, осылайша Абылай ханның «Жеңіс туы» Жауғаш батыр ұрпағында бабадан балаға мұра болып келеді, – дейді Тоқтар қария.
Жамбыл облысы