Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылдық округі Ақшатау ауылындағы мектептің жыры бітер емес. Есесіне, күн өткен сайын білім ошағына қатысты мәселе ушығып барады. Тұрғылықты халық көрші ауыл мен аудан орталығын жағалап, оқып жүрген балаларының бас амандығына алаңдап отыр. Қазір ауылда балалар білім алып жүрген мектеп алғаш 1983 жылы балықшылар жатақханасы ретінде салынған ғимарат екен. Қырық жыл бұрын салынып, кейіннен білім ұясына айналған ғимарат балалардың сапалы білім алуына еш сай емес. Білім нысанының апаттық жағдайын айтпағанның өзінде, асханасы, кітапханасы, спорт залы жоқ. Өркениетті қоғамда жетімнің күйін кешкен балалардың жағдайы ескерілмей тұр. Бұған қоса, мектепті жылыту мәселесі мен ыстық тамақпен қамту ісі де жолға қойылмаған. Ауыл балалары бұл мектепте 4 жылдық білім алады. Одан кейін көрші ауылға, аудан орталығына қатынауға мәжбүр. Көрші ауылға қатынау үшін жаз уақытында дариядан қайықпен жүзіп өтсе, қысқы мезгілде көк мұздың үстімен жүруге тура келеді. Бұл жерде ауыл тұрғындары оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдап отырған жан болмай тұрғанына ашынады.
«Көп жылдан бері ауылымыздағы осы мектептің мәселесін көтеріп келемін. 2017 жылы сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа ең алғаш осы мәселені жеткіздім. Сол кезде облыс әкімі 50 орынға негізделген 9 жылдық мектеп пен 20 орындық балабақша салуға шешім қабылдады. Осының негізінде тіпті 2018 жылы құрылыс басқармасының қызметкерлері мектеп салынатын жерлерді белгілеп, сызба жұмыстарын да жүргізді. Бірақ, әне-міне, мектебіміз салынады деп жүргенімізде сол кездегі облыс әкімі басқа қызметке ауысып кетті. Ауыл тұрғындары үміт күткен жоба аяқсыз қалды. Одан кейін облыс әкімі қызметіне келген Қуанышбек Ысқақов, Гүлшара Әбдіхалықовалар да ауылға мектеп салу бастамасын қолдаған болатын. Үш әкімнің тұсында да мектептің сызбасы жасалып, қаржысы да белгіленіп қойылды. Алайда жұмысты бастамастан, бәрі басқа қызметке ауысты. Екі арада тек ауыл халқы зардап шегіп келеді», – дейді бұл жайында ауыл тұрғыны Нұртай Әбенов.Ауыл тұрғынының айтуынша, 2019 жылы осы мәселе бойынша сол кездегі Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Ақшатау ауылының халқымен арнайы кездесу де өткізіпті. Жиын барысында ауыл мектебіне қатысты мәселе сөзге арқау болған. Сол уақытта да бұрынғы аудан басшысы ауылға жаңа мектеп салынатынын, тіпті оған 283 нөмірлі атау берілетінін сенімді түрде жеткізіпті. Одан кейін ауданның қазіргі басшысы Серік Сермағамбетов те бұрынғы әкімдердің ізімен ауылға жаңа мектеп салынатынын айтудан жалығар емес. Тіпті, өткен 2022 жылы ақпан айында бұл білім ордасы салынатын болып, арнайы тендер де өткізілген. Соның негізінде Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданынан «Алау» ЖШС жеңімпаз танылыпты. Бұл тұрғылықты халықтың өше бастаған үмітін оятқандай болған. Бірақ бастаманы қолдаған сол кездегі облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова былтыр қызметінен кетті. Әкімнің кетуімен халықтың үміті де өшті. Мектеп құрылысы басталмай қалды.
«Көп жылдан бері жыр болған мектеп құрылысы түрлі желеумен тоқтатылып келеді. Бір әкім екіншісінің бастаған ісін мақұлдамай, аяқсыз қалдырып жүр. Алдымен облыс басшысы болған Қырымбек Көшербаев білім ордасын салуды қолға алып, қаржысын да бекіткен болатын. Бірақ облысты басқаруға келген кезекті әкім Қуанышбек Ысқақов пен Гүлшара Әбдіхалықованың тұсында да бұл бастама аяқсыз қалды. Қазір мектеп салу мәселесі тіпті тұралап тұр. Сонда балалардың қауіпсіздігі мен тұрғындардың талабының бес тиын қүны болмағаны ма? Бүгінде өзімнің де бес немерем аудан орталығында оқып жүр. Солардың амандығына алаңдап, күн кешіп жатырмыз», – деп ашынады ауыл тұрғыны Нұртай Әбенов.Қазіргі уақытта ауыл мектебінде 15 бала білім алуда. Ал қалған балалар орта мектепте білімін жалғастыру үшін Сырдария өзені арқылы қалқымалы понтон көпірмен Аманөткел ауылындағы 73 мектеп-интернатына және аудан орталығына қатынап жүр. Бұл елді мекен мен Аманөткел ауылының арасы 25 шақырым болса, Арал қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан. Осы аралыққа күнделікті алты орындық көлікке 20-ға жуық оқушы бүктетіліп, мініп барады екен. Көпір дариядан уақытша алынған кезде қайықпен қатынайды немесе мұз үстімен жүріп өтетін кездері де болады. Мұның балалардың өміріне қаншалықты қауіпті екенін осыдан кейін бағамдай беруге болады.
«Ауылымыздағы мектептің ахуалын қанша басшы келіп көрсе де, «баяғы жартас – бір жартас» күйде тұр. Бүгінде ауылда 30 үй, 200-ге жуық адам тұрады. Жұмыс орындары ашылып, бала саны да жылдан жылға артып келеді. Алайда мектептің мәселесі шешімін таппай тұр. «Әне-міне, жаңа мектеп салынады» дегенімізде, облыс әкімі ауысып, басталған жоба аяқсыз қалды. Бүгінде бұрынғы әкімдердің ықпалымен мектепке бөлінген қаржының кейін қайтарылғанын естіп отырмыз. Сонда халықтың неше жылдық үміті түкке тұрғысыз болғаны ма? Қуанышымыз су сепкендей басылды. Осы наурыз айының 6-шы жұлдызынан бастап Сырдария өзенінен сең жүрді. Соған орай 17 наурызға дейін Аманөткелдегі мектеп-интернатқа қатынайтын балалар сабағына бара алмай, ауылда болды. Өйткені дариядан қатынау мүмкін болмады. Осындай қиындықтар бізде жиі болып тұрады. Бірақ әкімдік тарапы мұны ескерер емес», – деп өкпе-назын жеткізді Ақшатау ауылының тұрғыны Шанжархан Жұбатханов.Әкімдер жыл сайынғы халыққа беретін есепті кездесуінде осы ауылға мектеп салынатынын айтудан бір жалығар емес. Бірақ уәде қүрғақ сөз күйінде қалып келеді. Осы жылдың басында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов журналистерге өткен жылдың есебін жеткізді. Сол брифингте де Ақшатау ауылындағы мектепке байланысты сауалға жауап берген болатын.
«Былтыр желтоқсан айында аталмыш ауылдың мектебінің жоба-сметалық құжаты жасалынды. Енді 2025 жылға дейін Ақшатаулықтарға жаңа білім ордасын салу жоспарда бар. Ауылдың қазіргі ахуалын жақсы білеміз. Бұл жағдай біздің жіті назарымызда тұр», – деп қысқа қайырды брифингте Арал ауданының әкімі.Осы мәселеге орай Қызылорда облыстық білім басқармасына, Қызылорда облысы әкімдігіне хабарластық. Құзырлы орын тарапынан сауалымызға орай тиісті жауабын беретінін айтты. Алайда әлі күнге дейін нақты жауабын алмадық. Жыл өткен сайын сөзбұйдаға салынып, сиырқұйымшақтанып кеткен мектеп құрылысына тұрғындардың сенімі де жоғала бастаған. Халық алақандай ауылға мектеп салудың мәні жоқ екенін желеу етіп, бастаманы аяқсыз қалдырған әкімдердің әрекетін түсінбей дал. «Ауылға мектеп салудың мәні болмаса, бұған дейін өткізілген тендер қорытындысы теріске шығар еді» деп күмәнданады.
Қызылорда облысы