Nauryz бəйгесi – қазақтың «Оскары»

Nauryz бəйгесi – қазақтың «Оскары»

Елорда төрінде отандық сериал контентіне арналған Nauryz ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Елге белгілі актерлер қызыл кілеммен жүріп, жүрекжарды лебізін біл­дірді. Бағамдасақ, олар да ұзақ жылдан бері мұндай байқаудың бол­ғанын қалаған. Мәселен, киноиндустрия сала­сында әлемде «Ос­кар», әр елде түрлі байқау бар. Актерлер сондай бай­қаудың елімізде өте­ті­ніне, министрліктің елегеніне дән риза. Асыға күткен байқау Иә, Nauryz ұлттық бәйгесі Ақпарат және қо­­­ғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет өтіп жатыр. Бәйгеде 2021 жылғы 1 қаң­тар – 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығында те­леарна эфиріне, YouTube арнасына шыққан сериалдар мен шығармашылық топ өкілдері 13 номинация бойынша бақ сынады. Байқауға өтінім 15 наурызға дейін қабылданды. Бұл іс-шара Ұлттық телехикаялар премиясы сериал контентін дамытуды қолдау, отандық және ха­лық­аралық онлайн-платформаларда, телеар­на­ларда отандық телехикаяларды көрермен ара­сын­да танымал ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Конкурста «Үздік тарихи сериал», «Үздік дра­малық сериал», «Үздік комедиялық сериал», «Үздік веб-сериал», «Үздік актер», «Үздік акт­ри­са», «Екінші пландағы үздік актер», «Екінші план­дағы үздік актриса», «Үздік режиссер», «Үз­дік сценарист», «Үздік қоюшы-оператор», «Үздік монтаж», «Үздік саундтрек» номинациясы ие­герлері белгілі болды. «Өздеріңізге белгілі, Наурыз – жаңару мен гүл­денудің, өсу мен өркендеудің символы. Сон­дық­тан бұл ұлттық бәйге отандық сериалдардың да өсіп-өркендеуіне септеседі деп үміттенеміз. Жалпы, елімізде кейінгі жылдары креативті индустрия, телесериалдар қарқынды дамып келеді. Қазір бізде сан да, сапа да арта бастады, қа­ражат жағын да көбейтуді қарастырып отыр­мыз. Қазір отандық сериалдар ішкі және сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие. Бұрын үндінің «Келініне» телміретін көрермен қазір өзіміздің «Ке­лінжан» мен «Аппақ келінді» көреді», – деді Ақпа­рат және қоғамдық даму министрінің мін­де­тін атқарушы Дархан Қыдырәлі. Байқауға келсек, алдымен «Үздік тарихи сериал» аталымының жеңімпаздары анықталды. Әділқазы алқасының шешімімен бұл марапатты Qazaqstan ұлттық арнасы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы жеңіп алды. Сонымен бірге жүлдеге «Қаныш. Қазына», «Қызыл жебе», «Мәншүк» сериалы таласқа түскен еді. Ал «Үздік драмалық сериал» номинациясында да Qazaqstan ұлттық арнасының «Ақжауын» туын­дысы үздіктер қатарынан көрінді. Мұнда «Бірге бол», «Рауза. Сакураның гүлдеуі», «Шанхай» теле­хикаясы шорт-тізімге енген-ді. Сондай-ақ көрермен көзайымына айналған «Келін­жан» «Үздік комедиялық сериал» атанды. Шорт-тізімге «Бажа», «Күйеу бала», «Патруль» туын­дылары да енді. «Үздік веб-сериал» номи­на­­­циясына келсек, «Аппақ келін», «Ойна», Serjan Bratan, «5:32» сериалдары бақ сынады. Нә­тижесінде, Salem Social Media түсірген Serjan Bratan жеңіске жетті. Берері көп жүлде Ары қарай «Үздік актер» жүлдесі Serjan Bratan сериалында басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолдаға бұйырды. Бұдан бөлек, қысқа тізімде Аян Өтепберген («Ақжауын»), Әбунасыр Сері­ков («103»), Берік Айтжанов («Ангел-храни­те­ль») бар еді. Ал «Үздік актриса» жүлдесін «Няня» сериалының бас кейіпкерін сомдаған Жа­нель Сер­ғазина жеңіп алды. Үміткерлер қата­рын­да Ақб­ота-Нұр Сейтмағамбет («Бақыттың кілті»), Анна Оразбаева («Қаныш. Қазына»), Дариға Ба­дықова («Келінжан») болған еді. «Екінші пландағы үздік актер» марапатына кел­сек, «Келінжан» сериалындағы рөлі үшін Рүс­тем Жаныаманов үздіктер көшін бастады. Бұл аталымда Әділжан Шомбалов («Патруль»), Ғани Құлжанов («Ақжауын»), Нартай Сау­дан­бекұлы («Ахмет. Ұлт ұстазы») бақ сынаған-ды. «Екінші пландағы үздік актриса» жүлдесін «Ақ пен қара» сериалына түскен Камалия Байте­леуо­ва жеңіп алды. Ол Әйгерім Жаңылбаева («Ме­деуде кездесейік»), Зарина Кармен («Мір­жа­қып. Оян, Қазақ!»), Райхан Айтқожанова («Қи­мылдаған қыр асар») арасынан қара үзіп шықты. «Өте жақсы бастама. О бастан осындай пре­мия ұйымдастырылуы керек еді. Мұндай бәйге шабыттандырады, күш береді, жігерлендіреді. Өзіңді елеулі сезінесің. Қазақ өнері жасай бер­сін. Nauryz бәйгесі – біздің «Оскар». Шыны ке­рек, осында келгеніме қуаныштымын. Негізі, «Ке­лінжан» әлдеқашан халық жүрегінен орын ал­ған сериал. Бесінші маусымда кейіпкерімнің обра­зы өзгереді», – деді Рүстем Жаныаманов. Сондай-ақ «Үздік режиссер» номина­ция­сында Ернар Нұрғалиев («Келінжан»), Ерлан Нұрмұхамбетов («Қаныш. Қазына»), Қанағат Мұс­тафин («Тағдыр тасы»), Мұрат Есжан («Міржақып. Оян, қазақ!», «Ахмет.Ұлт ұстазы») бә­секеге түсті. Нәтижесінде, «Қаныш. Қазына» се­риалын таспалаған Ерлан Нұрмұхамбетов жеңім­паз атанды. «Үздік сценарист» жүлдесі Mystan сериалының сценарийін жазған Бекзат Мырзахметова еншісіне бұйырды. Шорт-тізімге Әмір Әменов («Қаныш. Қазына»), Гүлнұр Ма­ма­сарипова («Келінжан»), Майя Искакова («Няня») бар еді. «Үздік қоюшы-оператор» аталымында Асқар Серікқазин («Әке мен әке»), Ернұр Рыс­баев («Ақ пен қара»), Қазбек Әміржанов («Жу­сан иісі») арасынан Бағдат Арғынов жеңімпаз атанды. Ол танымал Sheker, Serjan Bratan, «5:32» сериалының басы-қасында жүрген. «Үздік монтаж» сыйлығы «Хабар» телеарнасындағы «Ақ пен қара» сериалындағы жұмысы үшін Рақымжан Яхьяровқа табысталды. Жүлдеге таласқандардың арасында Ақан Мұсақұлов («Женатики»), Бауыржан Нұркеев («Қаныш. Қазына»), Төребек Бейсебаев («Ақжауын») бар еді. Ал «Үздік саундтрек» марапаты Sheker веб-сериалына жазылған Sheker әні үшін Дархан Жүнісбековке (Darkhan Juzz) берілді. Айта кетерлігі, Дархан Жүнісбеков осыдан бірер ай бұрын Тайландта жол апатынан қаза тапқан еді. Белгілі композитор Ринат Гайсин жүлдені Жүнісбековтың балаларына табыстады. Кеш соңында «Патруль» сериалына «Шетел­ге көп сатылған үздік коммерциялық сериал» марапаты қосымша табысталды. Жүлдені BasProduction ұйымының продюсері Ақылбек Досжан алды. Оған қоса, тәуелсіз Қазақстанның ал­ғашқы сериалдарының бірі «Тоғысқан тағ­дырлар» (Перекресток) туындысына Nauryz арнайы жүлдесі берілді. Марапатты сериал кейіпкерлерін сомдаған Бақытжан Әлпейісов пен Венера Нығматуллина алды. Жеңімпаздарға NAURYZ арнайы мүсіншесімен бірге 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ