Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Egemen Qazaqstan республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі азаматтарды қабылдады. Қабылдауға 8 адам жазылды. Тұрғындардың көпшілігі тұрғын үй мәселесі бойынша көмекке жүгінді. Олардың сұрақтарына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ қызметкері Меруерт Миирхан жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қабылдаудың алғашқы қонағы «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан Көктал-1 ықшамауданынан «Нұрбесік» тұрғын үй кешенін салғанын, үйдің құжаттары толығымен заңдастырылғанын айта келе, жер телімін заңдастырып беру туралы өтінішін жеткізді. Зейнеткер Фатима Жиенбаева, ІІ-топ мүгедегі, жалғызбасты ана Еңлік Қарабаева, алты баланың әкесі Нұрсұлтан Есбаев та баспана жайын сөз етіп, тұрғын үй мәселесі бойынша туындаған сауалдарына жауап алды. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне «Сәт» триосының бұрынғы әншісі Азат Әбілдаев келді. Ол Нұр-Сұлтан қаласында жеке шығармашылық ән кешін өткізетінін айтып, партиялықтардан көмек сұрады. Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі бұл бастамаға қолдау білдіретінін, кешті ұйымдастыруға жәрдемдесу бойынша партияның атынан министрлікке хат жолдайтынын жеткізді. Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі кездесу барысында зейнеткер Майра Қасенова «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Ал студент Мақсат Сақымбайдың Mundial футбол турнирін өткізуге демеуші іздеп жүргені әңгіме барысында белгілі болды. Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі сөз соңында қабылдауда айтылған ұсыныстар мен жасалған өтініштердің барлығы тиісті мекемелерге жолданатынын, берілген тапсырмалар жауапсыз қалмайтынын айтты. Абылайхан ЖҰМАШ