Өткен жылы Қарағанды облысында полиция қызметкерлері жоғалған 540 бас малды тауып, иелеріне қайтарған. 24-28 ақпан аралығында Қарағанды облысы аумағында «Мал ұрлығы» жедел-іздестіру іс-шарасы өтті. Осы кезеңде 35 бас мал табылып, иесіне қайтарылды. Жедел-іздестіру шарасы барысында Ақтоғай ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері осы ауданның үш тұрғынын ұстады. Олар өткен жылдың 28 желтоқсанында 9 бас ірі қара мал ұрланғанын мойындады. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтоғай ауданы Қаратал кеңшарының тумасы Дархан Қуанышпаев – «Ата жолы» шаруа қожалығының иесі. Қожалығында 150 дей ірі-қара, 70-тей жылқы, 300-ден аса ұсақ малы бар. 2014 жылдан бері фермердің малы төрт рет қолды болған.
– Бірінші ұрлық 2014 жылы шілде айында болды. Ақтоғай ауданының Шашубай ішкі істер бөліміне арыздандым. Арыз бойынша қандай процессуалдық шешім қабылданғаны осы уақытқа дейін белгісіз болды. Полиция қызметкерлерінен ешқандай хабарлама, қабылданған шешімдердің көшірмелерін алған емеспін. Малдарым да табылмады. Екінші ұрлық 2016 жылы наурыз айының басында болды. Осы факті бойынша полицияға арыз түсірдім. Бірақ бұл арыз да қараусыз қалды. Бұл факті бойынша да полиция қызметкерлерінен ешқандай хабарлама, қабылданған шешімдердің көшірмелерін алған емеспін. Үшінші ұрлық 2017 жылдың шілде айының аяғында болды. 2 бас аталық, 3 бас аналық сиыр малы ұрланды. Болған ұрлық бойынша да арыз түсірдім. Бұл арыз да қараусыз қалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі үзілген. Малдарым табылмады. Төртінші ұрлық 2019 жылы қазан айында болды. Бір үйір жылқымды Бектау атаға айдап әкеткен. Он сегіз бас жылқы қамалып тұрғанын WhatsApp-тан хабарлады. Ол жылқыларды танып Бектау атаға барғанда, жылқыларым шарбақта тұр екен. Жылқыларым әбден қуғынға түсіп, жүдеп кеткен. Кейбір биелерім құлын тастаған. Осы үйірде негізі 26 бас болған. 8 бас жылқым табылмады. Дереу Ақтоғай ІІБ-не арыздандым. Содан ауылда полиция қызметкерлері жүргенде бір бием құлынымен жоғалып кетті. Кейін тағы бір жабағым жоғалды. Осы малым жоғалғанда да Ақтоғай ІІБ-не арыздандым. Барлық ұрлықта полиция қызметкерлері өзімді кінәлайды. Ешқандай іс ашылмады. Сол себепті Ақтоғай аудандық прокуратурасына, Қарағанды облыстықтық прокуратурасына, Балқаш қалалық прокуратурасына, Қарағандыдағы ІІД-ге арыздандым, – дейді фермер.Із-түссіз кеткен малды іздестірумен тек полиция органдары айналысатындықтан, көптеген қылмысты бірден ашу мүмкін емес. Мал ұрлығы ірі жол торабы мен облыстар қиылысқан жерде жүзеге асатындықтан, көптеген күш пен құралдың жұмылуын қажет етеді. Жыл басынан бері Қарағанды облысында 28 мал ұрлығы тіркелді, оның үшеуі ашылды. Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы