Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазіргі төмен бағаны сақтап отырсақ, қанша жанармай өндірілсе де, барлық сұраныс қамтамасыз етілмейді.
«Баға арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса бермек. Ешқандай шектеу нәтиже бермейді. Жанармай бағасындағы диспропорция көлеңкелі нарықты нығайтып, ұлттық экономикаға, мүддеге кері әсерін тигізеді. Жанармайдың төмен бағасын сақтау мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмысын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр», – деді ол.Оның пікірінше, ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы баға бойынша айырмашылығын азайту қажет.
«Бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет. Осы тұрғыда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін жеткізілмек, өсім – 11%. Дизель отынының бағасы литріне 295 теңге болады, орташа есеппен өсім – 20%. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр», – деп атап өтті Болат Ақшолақов.