Соңғы онжылдықта дәрі-дәрмек бағасы тоқтаусыз өсті десек, жаңсақ айтқанымыз емес. Бұл жолы тағы да жыл басы қымбатшылықпен басталды. Айналдырған бір жылдың ішінде баға 13,6 пайызға өскен. Дегенмен бұл әлі басы секілді, өйткені алдағы уақытта кей препараттар 5 есеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бұған Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткелі отырған жаңа өзгерісі себеп. Сонымен, мәселенің жай-күйіне үңілсек. Тіркеудің түбі тоқырау ма? Таяуда елдегі ақпарат құралдары «Қазақстанда дәрі-дәрмек бес есе қымбаттауы мүмкін» дегенді жазды. Әйтсе де, бұлай байбалам салудың негізі жоқ емес. Бұндай пікірді басқа емес, отандық фармацевтика компаниялары таратып отыр. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі дәрі бағасына әсер ететін өзгерістерді бекітпекке қамданды. Мұның ақыры қымбатшылық пен саладағы бизнестің жабылуына әкелуі мүмкін екені сан мәрте айтылды. Ол қандай өзгеріс? Жалпы, елімізде 126 фармацевтика кәсіпорны бар. Мәселе дәрі-дәрмектерде, әсіресе майлар мен ерітінділерге қатысты. Салаға жауапты министрлік импорттық фармацевтикалық субстанцияларды тіркеу мен сертификаттаудың жаңа талаптарын енгізбек. Оны нормативтік-құқықтық актілерді тексеру барысында тіркеу ұсынылған. Отандық фармацевтика өндірісі аталғанымен, компаниялар дәрі-дәрмекке қажетті шикізаттың 99,9 пайызын шетелдерден алдыртады. Барлық шикізат Еуропадан, Қытайдан, Ресейден өндіруші зауыттардың халықаралық сертификаттары бойынша әкелінеді. Енді қараңыз, онсыз да халықаралық сертификатпен келген шикізатты елімізде тағы тіркеуден өткізу енгізілмек. Алайда жергілікті тіркеу ұзақ уақытқа созылып қана қоймай, қымбат процедура саналады. Әсіресе, аз мөлшерде өндірілетін сирек препараттар үшін шикізат қажет болса, мәселе тіпті қиындамақ. Ал жаңағы айтқан уақыт пен ақшаға шығындалатын отандық компаниялар болмақ. Онсыз да отандық өндірістің алға басуы қиындап жатқанда, «жығылғанға жұдырықтың» кебі. Бұдан соң қосымша шығынға батқан компаниялар бағаны бірнеше еселеп өсіруі мүмкін немесе жабылып тынады. Қазір фарм компаниялардың басшылары дәрі-дәрмектерге қосылатын субстанцияларды тіркеуден өткізу қымбатшылыққа алып келетінін қайталап әлек. Мәселен, Қарағанды облысының жергілікті дәріханалары мен ауруханаларына фармацевтикалық өнімдерді шетелден жеткізетін жалғыз ғана бизнес өкілі бар. Кәсіпкер Ольга Цейцтің айтуынша, халықаралық тіркеуден өткен дәрілік қоспаларды елімізге әкеліп, оны қайта тіркеу түбі бизнестің жабылуына әкеледі.
«Тіркеуді енгізсе, бизнесіміз тоқтайды. Өйткені дәрілік қоспалардың бағасы екі, тіпті бес есеге дейін шарықтап кетуі ықтимал. Ал қымбат дәріні кім алады? Сондықтан бұл өзгеріс бізге мүлде тиімсіз», – дейді ол.Ескерусіз қалған екінші жайт Бір қызығы, елімізде дәрілік субстанция жасайтын бір де бір зауыт жоқ. Сондықтан бәрі шетелдерден алынады. Сөйте тұра, Денсаулық сақтау министрлігінің тіркеу жайында сөз қозғауы расымен қисынсыз көрінеді. Қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдиннің де сөзі осыған саяды. Оның айтуынша, онсыз да халықаралық талаптарға сай, тіркеуден өткен қоспаны елімізде қайта тізімге енгізу әрекеті қарапайым жұрттың да қалтасын қағады.
«Халықаралық стандарттарға сай келіп тұрса, неге ол Қазақстанда тағы да тіркеуден өтуі керек. Бұл әрине бірінші кезекте кәсіпкерлердің қалтасын қағады, көптеген шығындар кетеді. Онымен қоймай, сол шығындардың бәрі қарапайым халықтың, тұтынушылардың да шығындануына әкеліп соғады», – дейді.[caption id="attachment_247569" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Кәсіпкерлер айтып жатқан талап-тілек Денсаулық сақтау министрлігіне де жетіп үлгерген. Әйткенмен, олардың айтып отырған дүниесі басқа. Сайып келгенде, еліміздегі дәрі-дәрмек өндірісімен айналысатын 126 ұйымның алаңдауына негіз жоқ екенін мәлімдеген. Аталған ведомствоға қарасты Фармацевтикалық қызметті бақылау басқармасының басшысы Ерік Құлшанов тіркеудің жайын кәсіпкерлер жөнді түсінбегенін жеткізіпті.
«Субстанцияны растайтын тиісті құжаттары болса, препараттарды қайта тіркеуден өткізудің қажеті жоқ. Ал ешқандай жерде тіркеуден өтпеген дәрілік препараттар елімізде міндетті түрде тіркелуі керек», – дейді.Әйткенмен, бұл мәселеде біржақты көзқарас ұстануға да болмайды. Пандемия өршіген тұста мамандар халықаралық тіркеуден өтпеген, дәріханаларда емін-еркін сатылып жатқан препараттар болуы мүмкін екенін хабарлаған. Сол кезде елімізде де дәрі-дәрмекті тіркеудің қажеттілігі жөнінде әңгіме қозғалған еді. Шамасы, министрлік қауіпсіздік жайын, ал кәсіпкерлер қаржылық жағдайды ойлап отырған көрінеді. Осылайша, бір қайшылықтың шеті шығуда. Қорыта айтқанда, фармацевтика компаниялары халықаралық дәрежеде тіркеуден өткен субстанцияларды елімізде қайта тіркейтін болса, дәрі-дәрмек бағасы 5 есеге дейін қымбаттайтынын пайымдап отыр. Бұның ақыры халықтың да қалтасын қағатыны даусыз. Дегенмен халықаралық сертифаттары бар препараттарды елімізде тіркеудің қажеті жоқ болса, әңгіме басқа, онда кәсіпкерлер айтқандай баға еселеп арта қоймас. Айналып келгенде, қос тараптың мүддесі орынды. Тек екі ортада дертіне дауа іздегендер сабылмаса болғаны.