Жетісу облысы орталығындағы тұрғын үй саласындағы түсінбестіктер мен шектен шыққан заңсыздықтар былтыр қалың жұртшылыққа мәлім болған-ды. Талдықорған қаласында мемлекеттің қаржысына тұрғызылған тұрғын үйлердің жылдар бойы «бармақ басты, көз қысты» жолмен таратылып келгені, соның кесірінен жүздеген пәтердің тиісті адамдарға емес, кезекте тұрмағандарға заңсыз беріліп кеткені жарияланған еді. Тұрғын үй комиссиясы құрылып, заңсыз берілген пәтерлерді анықтау жұмысы содан бері жалғасып келеді және құжатсыз үйлердің саны да уақытпен бірге артып барады. Бұл іске прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті де араласып, заңсыздықтардың себеп-салдарын білуге, кінәлілерді жауапқа тартуға тырысуда. Қазірге дейін біраз пәтерлер мемлекетке қайтарылып, заңды кезекте тұрғандарға таратылуда. Біраз үйге қатысты істер тұрғын үй комиссиясында қаралуда. Сонымен бірге сотқа тапсырылғандар саны да көбейген. Журналистер үйінде «Тұрғын үй мәселесі және заңдастыру» тақырыбына өткен брифингке келген Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаменті тергеу басқармасының басшысы Айдос Жетпісбаев облыс орталығындағы тұрғын үй саласындағы жағдайды сауықтыру, заңдылықты қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндады. Қала басшысының айтуынша, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жағдайы әлі күнге өзекті. Жылдар бойы кезекте тұрса да, үйлі бола алмағандардың наразылығы күшейе түскен. Осындай адамдар тарапынан бір кездері заңсыз таратылып кеткен пәтерлерді кері қайтарып, заңды иелеріне беру туралы мәселе жиі көтеріле бастады. Расын айту керек, соңғы он шақты жылда облыс аумағында кезектегілер үшін салынған үйлерді қолы жеткендерге беру жаппай үрдіс алған және жүздеген баспана үйлі-күйлі жандарға, өмірінде қалада тұрмаған отбасыларға беріліп кеткен. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, лауазымды тұлғалар да бар. Құқық қорғау органдарының, БАҚ саласының қызметкерлері де кездеседі. Осындай тиісті орындардың салғырттығы мен тамыр-таныстық арқасында берілген пәтерлер арасында кілті алынғаннан бері есігі ашылмағандар, коммуналдық қызметі немесе жалгерлік ақысы төленбегендер де бар. Сонымен бірге пайдалануға беріле салысымен басқа адамдарға жалға берілген пәтерлер де көптеп шығуда. Осындай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағылардың немкеттілігі, жекелеген адамдардың ашкөздігі кесірінен жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған мүгедектер, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар, бюджеттік сала қызметкерлері арасында баспанадан мүлде күдер үзе бастағандар көптеп саналады. Бұған дейін заңсыз берілген пәтер саны 1026 болса, соңғы үш айдың барысында ондайлар саны 1218-ге жетіпті. Олардың арасында азаматтық мәртебесі сұрыпталмаған, құжаттары түгенделмеген жандар да жетеді. Мәселен, 2016-2018 жылдар аралығында жетімдерге берілген 60, денсаулық сақтау саласының мамандарына берілген 60, көпбалалы аналарға берілген 72 пәтер анықталды. Олардың ешқайсысының құжаты рәсімделмеген.
– 1218 пәтердің 669-ы әлеуметтік жағынан қорғалатын топтағыларға берілсе, олардың 612-інің ғана санаты расталған. Өздерінің мәртебесін дәлелдеген, пәтерді кезегіне сай алған көп балалы аналар, 1-2-топ мүгедектері, мүгедек балалы отбасылар, зейнеткерлер және Чернобыль апаты, Семей полигонында зардап шеккен азаматтар, қандастар, жалғызбасты аналар, жетімдердің құжаты тұрғын үй комиссиясы арқылы рәсімделуде. Құжаты барын дәлелдеген, бірақ мемлекеттік қызметкерлер тарапынан кеткен олқылықтар кесірінен санаты нақты расталмаған азаматтардың құжаты медиация арқылы, қолдарында құжаты жоқ, кезектен тыс заңсыз алғандардың құжаты сот арқылы заңдастырылуда, – деді Әсет Дүйсебекұлы.Жетісу облысының прокуратурасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің тексеруі барысында біраз азаматтың кезегі қайтадан қалпына келтіріліп, пәтер алуға қатысты құқығы сақталған. 2005-2006 жылдары кезектен заңсыз шығарылғандар да пәтерлі болуда. Ал басқа облысқа ауысып кеткен мемлекеттік қызметшілердің пәтері мемлекет меншігіне қайтарылуда. Өткен жылдары 357 пәтерді бюджет пен мемлекет қызметкерлері алыпты. Тексеруден соң осы үйлердің 210 пәтері мемлекеттік мекемелердің теңгеріміне берілді. Қалған 147-сі бойынша тексеру қолға алынған. Алдағы кезде олардың санаттары анықталады. Егер заңға сәйкес болмаса, мемлекетке қайтарылады.
– Көпбалалы аналарға берілген 40-тан астам пәтерде мүлде басқа адамдардың жалға алып, тұрып жатқаны анықталды. Бұл тіпті шектен шыққандық қой?! Іс жүзінде ол кісілер баспанаға мұқтаж болмаған сияқты. Талап қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін көбі үйлеріне көшіп келді. Мына бір қызық жағдайды да айтып кетейін. Кезекте тұрғандардың көбі Талдықорғанда тұрмайды. Тіркелген мекен-жайына барсаң, үйде жоқ болып шығады. Хабарлама жіберсең, жауап келмейді. Сол кісілерді іздеуге 2-3 ай уақыт кетуде. Құқық қорғау органдарына жүгініп, олардың көбін аудандардан таптық. Кезекте тұрғандықтан, біз заң аясында пәтер беруге тиіспіз. Сондай-ақ заң бойынша кезекке балалары кәмелеттік жасқа толмаған көпбалалы аналар ғана тұра алады. Алайда кәмелеттік жасқа толып кеткен, тіпті, балалары 30, 40 жастағылар да кезекте тұрғаны анықталып жатыр. Қазір оларды кезектен шығарудамыз. Айта берсек, қала бойынша тұрғын үй кезегінде де, бұған дейін беріліп келген пәтерлерге қатысты заңсыздықтар мен сорақылықтар жетерлік. Баспана деген кез келген отбасының немесе адамның ең жанды жерінің бірі. Сондықтан бұл мәселеге қатаң қарап, барлығы заң аясында болуын қамтамасыз етуге ұмтылудамыз. Өкінішке қарай, осы қадамымызды дұрыс қабылдамайтындар да бар, – дейді қала басшысы.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаменті тергеу басқармасының басшысы Айдос Жетпісбаевтың айтуына қарағанда, 2013-2021 жылдар аралығында заңсыз берілген пәтерлерге қатысты Қылмыстық кодексiнің 361-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда айтылған 1218 пәтердің 59-ы сот арқылы кері қайтарылып, кезекте тұрғандарға берілуде, 500 адам тұрып жатқан баспаналарын заңдастырыпты. Үйлерді заңсыз таратуға қатысты күдікке ілінгендер арасында Талдықорған қаласы әкімдігінің лауазымды қызметкерлері де бар. Қазіргі кезде Талдықорған қаласында пәтер кезегінде 16 мыңнан астам азамат тұр. Осы уақытқа дейін себепсіз 1700 адам кезектен шығып қалған. Олардың 1333-і қайта кезекке қойылыпты. Тағы бір назар аударатын мәселе, Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде тұрғандарды алдау арқылы пайда табуды көздейтін алаяқтар тағы пайда болыпты. Қалалық әкімдіктегі тұрғын үй инспекциясы басшысы Айдос Жақыпбектің айтуынша, кейінгі кездері пәтер алаяқтарының белсенділігі артып кеткен. Олар кезекте тұрғандарға тұрғын үй қоры атынан хабарласып, олардан тезірек баспаналы болу үшін ақша бопсалайды.
– Соңғы айларда мұндай деректер көбейіп кетті. Телефонмен хабарласып, өздерін тұрғын үй инспекциясынанмын деп таныстырады да, азаматтарды баспана кезегінің келіп қалғанына байланысты алдын ала белгілі сомада комиссиялық алым төлеуі қажеттігіне сендіреді. Біз қала тұрғындарына ондайларға сенбеуге шақырамыз. Мемлекеттік қордан үй тегін беріледі, кезекте тұрғандардан ешқандай комиссиялық алым алынбайды, – дейді тұрғын үй инспекциясының басшысы.Талдықорғанда мұндай жағдай бірінші рет болып тұрмағанын естеріңізге саламыз. 2017 жылы 47 адамды 200 миллион теңгеге тақырға отырғызғандар сотталған болатын. Содан бері тынышталып қалған алаяқтар облыс орталығында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, бұған дейін үй алғандарға қатысты көптеген заңсыздықтар мен былық-шылықтың беті ашылып, тексерістер көбейгеннен бері қайтадан белсеніп, қарапайым тұрғындарды мазалауда.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы