БҚО-да екі көлік соқтығысып, үш адам зардап шекті

БҚО-да екі көлік соқтығысып, үш адам зардап шекті

Орал қаласында екі автокөлік соқтығысып, салдарынан үш адам зардап шекті. БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 3 сәуірге қараған түні Әбілқайыр хан даңғылында болған.

«Шамамен сағат 00.20-да 33 жастағы жүргізуші «ВАЗ-2114» автокөлігімен С.Тюленин көшесімен қиылыста солға бұрылу кезінде жол ережесін бұзған. Сөйтіп, 26 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан Toyota Camry автокөлігіне жол бермей, түйіскен. Соның салдарынан Toyota Camry көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», — делінген ресми хабарламада.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше, жамбасы шығып кеткен 23 жастағы қыз облыстық аурухананың жарақат бөлімшесінде жатыр. Жамбасы сынған 26 жастағы жүргізуші де сонда емделуде. Ал 33 жастағы ер адам амбулаторлық ем алуға жіберілді.