Мемлекет басшысы қойған міндеттер жаңа Салық кодексі аясында іске асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы жан-жақты жаңғырту бойынша нақты міндеттерді қойған болатын. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беру қажет екенін атап өтті. Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында 8 бағыт бойынша 32 шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары Президент Әкімшілігінде келісуден өтіп жатыр», – деді Ә.Қуантыров.Сондай-ақ ол Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылған іс-шараларға толығырақ тоқталып өтті. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, соның ішінде орта кәсіпкерлікті ынталандыру жөніндегі кешенді жоспар әзірлейді. Оның негізгі бағыттары:
- шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық, қаржылық емес түрде қолдау шараларын ұсыну;
- өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, дамытудағы кедергілерді жою;
- мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату;
- шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру көздерін кеңейту.
«Мемлекет басшысы салық саясатының жаңа моделінің қажет екеніне назар аударды. Барлық қойылған міндеттер жаңа Салық кодексі аясында іске асырылады. Кодекстің тәсілдері түсінікті және болжамды салық саясатын қалыптастыруға бағытталады. Сондай-ақ салық саласындағы әкімшілендіруді оңайлату және цифрландыру шаралары қабылданады. Салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған жұмыс аясында саланың басымдығы мен рентабельділігіне қарай қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығы ставкаларын саралау мәселесі пысықталады», – деді министрдің міндетін атқарушы.